Мемлекет мәңгілік болуы үшін әскери тәрбие күшейтіледі

2941

Қазақстанда әскери телеарна пайда болуы мүмкін.

Мемлекет мәңгілік болуы үшін әскери тәрбие күшейтіледі Фото: liter.kz

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына мәжіліс тарапынан осындай ұсыныс келіп түсті.

Қазақстанда елді қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізуде қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың тәрбиелеу органдарының жұмыстарын үйлестіруге және өзара іс-қимылын ұйымдастыруға қорғаныс министрлігі жауапты.

Алайда, мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың айтуынша, министрліктегі осыған жауап беретін құрылым, яғни тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жұмыстарын қажетті деңгейде жүргізіп отырған жоқ, бұл жұмыстар бүгінде "Жас сарбаз" әскери-патриоттық сыныптарын құрумен, сондай-ақ жылына бір рет "Айбын" конкурсын өткізумен және жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу саласында ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қоюмен ғана шектеліп отыр.

"Әскеріміз туралы экшн стиліндегі отандық толық метражды көркем фильмдер, оқу, деректі, ғылыми-танымдық, ағарту фильмдерді жасап шығару бойынша белсенді әрекеттер жоқ. Бөлінген бюджеттік қаражаттар жастарды қызықтыра алмайтын армиялық сериалдар түсіруге жұмсалады. Сол себепті жұртшылық, әсіресе, жастар арасында әскери қызметтің беделін көтеру, қоғамдық санада отан қорғаушының оң бейнесін сомдау үшін ақпараттық қамтамасыз ету ісінің нақты түзілген жүйесі болуға тиіс. Бұл ретте Қазақстанда жеке әскери телеарна құру мәселесін қарастыруды сұраймын", – делінген Бақытбек Смағұлдың үкімет басшысына жолданған депутаттық сауалында.

Abctv порталына берген сұхбатында депутат біз ұмтылып отырған дамыған елдерді үлгіге келтірді:

"Мәселен, АҚШ-ты айтпағанның өзінде, Франция қарулы күштерінің ақпарат және қоғамдық қатынастар қызметі өз бетінше немесе азаматтық ұйымдармен бірге жыл сайын шамамен 30 фильм, 70 бейнеклип, теле және фото репортаждар, ақпараттық және рух көтеруші материалдары бар 12 мың дискі шығарады", – деді Бақытбек Смағұл.

Бірақ Қазақстанда күн сайын әрі таңнан кешке дейін әскери-патриоттық тәрбие беретін, қазақстандық армиядағы жағдайды, жетістіктері мен реформаларды ашып көрсететін, түсіндіретін жеке телеарна жоқ. Ал бұл дамыған елдердің тәжірибесі болып табылады. Көрші Ресейдің өзінде "Звезда" телеарнасы осы мақсатта жұмыс жасауда.

Елімізде әскери телеарна ашу идеясы әскерилер тарапынан қолдау тауып отыр. Өйткені бұл қазіргі күрделі, аумалы-төкпелі заманда жас ұрпақты Қазақстанды сыртқы басқыншылардан қорғауға, ел мен отан алдындағы антқа адал болуға баулу үшін керек. 

Егер құрылар болса, аталған арнада "қазақтың ұлы батырларының, қолбасшылардың қаһарман ерлігі мен тағылым-үлгісі туралы, сондай-ақ қазіргі қазақ әскерінің қуат-қабілеті, ұлттық армияның үздік өкілдерінің шынайы жетістіктері туралы бағдарламаларды, деректі және көркем фильмдерді, әскери байқауларды және басқа да телеөнімдерді паш ету" ұсынылады.

Бұл ретте Бақытбек Смағұл премьер Бақытжан Сағынтаевтан елбасы жариялаған "Рухани жаңғыру" бағдарламасындағы бастаманы үлгі ете отырып, тәуелсіз Қазақстанның отан қорғаушыларының қаһармандығы мен жетістіктерін анықтап, қоғам арасында насихаттайтын "Әскердегі 100 жаңа есім" жобасын өткізу мүмкіндігін де қарастыруды сұрады.  

Ал ақпарат және коммуникациялар министрлігі, мәдениет және спорт министрлігімен тізе қоса отырып, отан қорғаушылардың қаһармандығы туралы көркем фильмдер мен телехикаялар циклын жасауы қажет.

Жаңа телеарна сонымен бірге Қазақстанның қарулы күштерінде, шекарашылардан бастап, барлық әскер түрлерінің бөлімшелерінде трансляцияланар еді. Әйтпесе, әскерилердің айтуынша, телеарна көруге бөлінетін шамалы уақыт тек күнделікті жаңалықтарды тамашалаумен тынатын көрінеді.

Ал дамыған елдерде жауынгерлер мен сардарлар әскери телеарналардан және арнайы түсірілген бейнеөнімдерден кәсіби жайынгерлік даярлықты ұдайы көтеріп отыруға, өз елін және қарулы күштерін мақтан тұтуға, ұлттық әскери дәстүрлерге берік болуға, бейбітшілік пен тұрақтылықты қорғау үшін ұрыс қимылдарының басталуына психологиялық тұрғыдан әзір болуға баулитын үгіт-насихаттық бағдарламалар мен өнімдерді қызықтайды.

Өз тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін мәңгі сақтағысы келетін озық мемлекеттер өз жауынгерлерінің рухын, әскерінің қуатын көтеруге мән береді. Осы мақсатта АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Франция және басқа да елдер әскери және азаматтық телеарналар мен интернет ресурстар арқылы кең ауқымды жарнамалық насихат өнімдерін таратады. Олардың көмегімен қарулы күштердегі қызметті дәріптейді, жаңа әскери техникалардың әлеуетін паш етеді, әскери қызметшілерге арналған әлеуметтік көмекті көрсетеді. Мұның барлығы тағы бір мақсатқа – жастар арасында үлгі тұтуға тұрарлық заманауи батыр бейнесін сомдауға жұмылады. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу