Әскерге шақырылғанға несиеде жеңілдік беру ұсынылды

6420

Ел қорғанындағыларды банкирлер талап жатыр.

Әскерге шақырылғанға несиеде жеңілдік беру ұсынылды

Өмірден алынған шындық: жасы 27-ге тола қоймаған отағасын билік әскерге алып кетеді. Ол бұған дейін тұрақты жұмыс істеп, отбасын асырап, кредитін уақытылы төлеп жүрген. Әскери борышын өтеуге шақырылғанда, военкоматтағылар жұбатады: "саспа, әскерге алынды деген анықтама береміз, банк барлық кредитіңді өтеуді бір жыл кейінге қалдырады!" Осыған сенген азамат бір жылдан кейін оралса, банкирлер "мерзімі өтіп кеткен несие" деп, қаптатып өсімпұл-пеня мен айыппұлдар жазып қояды. Жігіт-ағасы аһ ұрады, банкке жүгіреді. Ондағылар клиентпен арадағы келісімшартта ондай себеппен "отсрочка" беру көзделмеген деп есікті нұсқайды.

Парламент Мәжілісінде қорғаныс саласы мен шекара мәселелеріне маманданған депутат, "Qazaqstan Ardageri" Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл осы кесір тәжірибемен күресіп жатыр. Кейбір банктер военкомат берген анықтамаға сәйкес кредитті өтеу мерзімін кейінге шегеруге келісіпті. Қыңырлары да жетерлік.

Б.Смағұл бұл барлық қаржы институттарына міндетті болуы үшін арнайы депутаттық сауал әзірлеп жатқанын жеткізді.

"Шынында осындай проблема бар, ауыл-аймақты аралағанымда жергілікті военкомдардың, қорғаныс істері жөніндегі басқармалардағы қызметкерлердің өзі мұны растады. Конституциямыздың 36-шы бабында: "Қазақстанды қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. Азаматтар заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады" деп нақты жазылған. Алайда кейбір банкир Ата заңды сыйламайтынға ұқсайды. Олар: "Отан алдындағы парызды өтегеніңді қоя тұр, ең бастысы – банк алдындағы қарызыңды өте!" деп талап етеді. Ал дұрысы – Отан қорғау парызына адал азаматтың мойнына қарыз іліп қойғаны жөнсіз", – дейді Бақытбек Смағұл.

Ол Қазақ КСР-і кезіндегі оңды тәжірибені еске салды: армия қатарына алынған барлық азаматтың жоғарғы оқу орнындағы студенттік орны, жұмыстағы лауазымдық қызметі, тіпті орташа жалақысы, жеңілдігі және басқасы тегіс сақталатын. Соның арқасында еш алаңсыз борышын өтеп қайтқан қазақстандық оқуын және жұмысын ары қарай жалғастыратын.

"Өкінішке қарай, бүгінде ол жоқ. Тек военкоматтар жауынгердің сұрауы бойынша оның әскерде болғанын растап анықтама береді, соны қосып, азамат өз банкіне өтініш жолдайды. Бұл – құрметтеуге тұратын себеп. Ол несие бойынша міндеттемелерін орындаудан әдейі жалтарған жоқ. Мемлекет оны мәжбүрлі түрде әскерге жіберді. Бірақ ақырғы шешімді бәрібір әр банк өз бетінше қабылдайды. Біразы бас тартады. Өйткені банкте шешім шығаратын жерде кім отыр? Мәселе осында. Сондықтан әскер қатарына шақырылғандарға заң жүзінде несие төлеу мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігі ұсынылуы қажет. Бір жылға. Әйтпесе, армияның әбден қадірін кетіреміз. Онсыз да қазір 6 мыңнан астам адам әскерге барудан қашып жүр, оларға іздеу жарияланған", – деді Мәжіліс депутаты.

Оның мәліметінше, Қорғаныс министрлігі армияда болған уақытында қазақстандықтарға несиесін өтеуде жеңілдіктер қарастыру жөнінде Президент Әкімшілігіне ұсыныстар дайындапты.

"Осы мәселеде Отан қорғаушылар мемлекет қолдауына мұқтаж. Мерзімді әскери қызметтегі жауынгерлер – контрактідегі сардар емес: Отан тыныштығы мен тұрақтылығын күзеткені үшін жалақы алмайды. Банк қожайындарының бұған түсіністікпен қарағаны маңызды. Олар әскерге кеткен азаматтың барлық несиесінің өтелуін тоқтата тұруға, осы 12 айға ешқандай өсімпұл, айыппұл жазбауға, несие сомасын өсірмеуге тиісті. Бұл батырларымызға, елдігімізге көрсетілген құрмет. Банктегі азаматтар қалтасына түсер пайдасын ғана емес, елімізге, тәуелсіздігімізге келер пайданы да ойлауы қажет. Отан қорғаушылар болмаса, барымызды жоғалтып аламыз", – деді Бақытбек Смағұл.

Қалай болғанда, бұл түйткіл алда бір шешімін табуы керек.

Осы жолда әділдік іздеп жүрген жанның бірі – Әділжан Қадылбеков, ол жақында Отан алдындағы борышын өтеп қайтқан жауынгер.

"2019 жылдың 13 маусымында әскер қатарына шақырылдым. Әскерге кетерде военкоматтағылар: "кредитің уақытша тоқтайды, ол үшін анықтама береміз" деп сендірді. Ол анықтама "Сбербанкке" берілген. Соған қарамастан бір жыл ішінде өсімпұл тоқтаусыз өсіп, айыппұл есептелген. Ақыры мен келгенде кепілзат, есепшот – барлығы бұғаттап тасталыпты. Өзім мамандығым бойынша мұғаліммін. Жедел жұмысқа кіріп едім, банктер карточка ашпайды. Себебі, кредитті толық төлеуім керек екен. Отан алдындағы борышымды өтеп келгенімде дәл осындай жағымсыз тосын сый күтіп тұрады деп ойламаппын", – деп қамығады Ә.Қадылбеков.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу