Мемлекет МӨЗ-дерге құйған 2 триллион теңгесін таппай жатыр

4292

Мемлекетке қарасты мұнай өңдеу зауыттары жиі бұзылып қалатынды шығарды. Қытайға берілгенінің де проблемасы көп.

Мемлекет МӨЗ-дерге құйған 2 триллион теңгесін таппай жатыр

Кейінгі кездері мұнай өңдеу зауыттары биліктің басын қатырған мәселеге айналды. 13 шілдеде Ақордада Премьер-министр Әлихан Смайыловты қабылдаған Президент онымен осы тақырыпты талқылаған. Бұған Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) болған апаттар себеп болды. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы мұнай өңдеу зауытының қауіпсіз және тұрақты жұмысын қамтамасыз ету шараларын уақтылы жүзеге асырмағаны үшін "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевке сөгіс беруді тапсырды. 

Шынында, салада ауыр ахуал қалыптасып отыр. Мұны мұнай өнімдерін көтерме және бөлшек саудада өткізу нарықтарына талдау жүргізген антимонополиялық орган растады. 

Ведомство дерегіне жүгінсек, Үкімет МӨЗ-дердің баюына барынша жағдай жасаған. Маркетингтік схемаға көшу аясында МӨЗ-дерге елімізде өндірілген мұнайды сатып алуға және ЖЖМ өткізуге іс жүзінде басым құқық берілді.

Салдарынан, билік жеке және ұлттық мұнай компаниясын шикізатты өңдеуші зауыттарға арзанға беруге мәжбүрледі. Алайда осыған жауабы, ризашылығы ретінде отандық МӨЗ-дер бағасын арзандатқан жоқ. 

"Маркетингтік схемаға көшуге байланысты Қазақстанда жеке жер қойнауын пайдаланушылардың да өндірген мұнайын МӨЗ-дерге төмен бағамен мәжбүрлеп алып қою практикасы енгізілді. "ҚазМұнайГаздың" мұнайын сатып алу бағасы әр тоннасына 100 мыңнан 70 мың теңгеге дейін төмендетілді. Бірақ бұл зауыттар шығаратын өнімнің бағасының төмендеуіне еш ықпал етпеді, тек МӨЗ-дердің табатын табысын арттырды", – деп хабарлады Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі. 

Бағасын түсірмесе, МӨЗ-дер ең құрыса көтермесе жөн. Шынында, зауыттарға мол игілік берген билік оған да қол жеткізе алмапты. 

Антимонополияшылардың айтуынша, елде мұнай өңдеу қызметтері монополияландырылған. Ескі билік оларды бағаны реттеу аясынан шығарып алды, бүгінде де солай болып қалуда.

"Салдарынан, МӨЗ-дер тұрақты негізде өз қызметтерінің құнын арттырып отырғанының фактілері анықталады. Мысалы, 2022 жылы Атырау және Павлодар МӨЗ-дері негізделген бағасын тиісінше 35% және 17%-ға арттырған болатын. Осыған қарамастан, ҚМГ құрамындағы Атырау МӨЗ биылғы жылғы қаңтарда өңдеу құнын тағы 27%-ға ұлғайтты", – деп мәлім етті агенттік мамандары.

Бұл өз кезегінде мұнайлы республикада мұнай өнімдерінің, жанар-жағармайдың жаппай қымбаттауына тұрақты түрде түрткі болып жатыр. Себебі, олардың көтерме бағасындағы өңдеу құнының үлесі шамамен 18%. Яғни ЖЖМ бағасының шамамен бестен бірін МӨЗ қалыптастырады. 

Бензин мен дизелдің қымбаттауы бүкіл тасымал қызметтерінің бағасын көтереді. Оның ар жағында барлық тауарлар мен қызметтер нарығын қымбатшылық жайлай береді. Салдарынан Қазақстандағы инфляция соғысқа тартылған елдердегіден де жоғары болып тұр.

Антимонополиялық ведомство мемлекеттің МӨЗ-дерді басқаруының сапасы төмен деп бағалады. Бұған бұл зауыттардың жоспардан тыс жөндеулерге жиі жабыла беруі дәлел.

"Ақпанда Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) каталитикалық крекингті тоқтатты. Сол айда Павлодар МӨЗ де сутегі өндірісінің қондырғысындағы ақауға байланысты дизель отынын шығаруды апатты түрде доғарды. Бұл ретте Атырау және Павлодар МӨЗ-дерін жаңғыртуға 5 жыл ішінде жалпы сомасы 1,9 триллион теңге шығындалған! Соған қарамастан, соңғы 3 жылда аталған мемлекеттік МӨЗ-дерде жоспардан тыс 106 тоқтау орын алды. Мысалы, 50,2% бақылаушы пакеті жеке инвестор қолындағы Шымкент МӨЗ-інде жоспардан тыс 21 тоқтау болды. Яғни, бұл онда активтің неғұрлым тиімді басқарылатынын көрсетеді. Оның үстіне МӨЗ-ге мемлекеттік қатысу апаттарды жоюды қиындатады. Себебі, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жабдықты сатып алу шарттарын сақтау және жүргізу талап етіледі", – деген байлам жасады Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі. 

Мұнай мен газ саласының сарапшысы, Қазақстанның Мұнай-сервистік компаниялары одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов қытайлық CNPC мен қазақстандық ҚМГ басқаратын ШМӨЗ-де де жағдай оңып тұрмағанын жеткізді. 

"Шымкент МӨЗ-інде таяуда каталитикалық риформингтің тоқтап қалуы көптеген жайтты әшкереледі. Мысалы, модернизациялаудан кейін біздің зауыттар Еуро-5 сыныбындағы бензинді шығаратын болады деп биік мінберлерден талай уәде етілді. Алайда біздің МӨЗ Еуро-5 межесінен көп алыс жатқаны анықталды. Өйткені МӨЗ бензиннің октанды санын арттыру, яғни Аи-95 деңгейіне дейін жеткізу үшін монометиланилин (ММА) қоспасын пайдаланады. Ал бұл қоспаға АҚШ пен Еуропада, тіпті көрші Ресейде тыйым салынған!", – деді сарапшы.

Сондықтан нарықта ММА-ны табу қиын: салдарынан делдалдар, соның ішінде қазақстандық билікке қатысы бар тұлғалардың фирмалары арқылы алғызылатын көрінеді.

Демек, осы тұрғыдан қарағанда, отандық зауыттар Еуро-4 отынын шығарумен әуре болып жатқанда, шенеуніктердің Қазақстанда Евро-5-тен төмен сыныпты автомобилдерді әкелуге тыйым салу бастамасы абсурдқа ұқсайды.  

Әрине, жаңа модернизацияларға тағы да триллиондар шығындап, мемлекет ақыры отандық МӨЗ-дердің Еуро-5 сыныбында өнім шығаруына қол жеткізуі мүмкін. Бірақ ол кезде дамыған әлем Еуро-6 сыныбына ауысады немесе электрмен қозғалатын көліктерге көшіп алады. 

Бұдан бөлек, "ҚазМұнайГаздың" қытайлық серіктесі (CNPC) LANPEC компаниясы жасайтын T-251 жылу алмастырғышын жеткізуге CPTDC атты өзінің қытайлық еншілес компаниясына тапсырыс беріпті. Бұдан бөлек, қытайлар CPTDC арқылы монометиланилин қоспасын жеткізуге ниетті. 

Осының алдында Энергетика министрлігі Т-251 жылу алмастырғышындағы ақаудың себептерін анықтау мақсатында және ұқсас апаттардың қайталануына жол бермеу үшін "ҚазМұнайГаз" бен CNPC тергеу, тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ іс-қимыл жоспары әзірленетінін хабарлады. Оның соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Нәтижесі әлі күнге белгісіз.

Сарапшылардың пікірінше, ол жоспардың да дәл қазір мәні, маңызы шамалы. Қытайлар тапсырыс берген жаңа жабдық 2024 жылдан ерте дайын болмайтын көрінеді. 

"Шымкент мұнай өңдеу зауытының жұмыскерлері жалақыларының төмен болуынан да, жабдықтарды жөндеуден де мезі болды. Олардың айтуынша, риформинг жабдығындағы жұмыстар 13 шілдеде аяқталып, іске қосылды. Дегенмен, АИ-95 бензині шығарылмайды. Мұнай берушілер өңдеу үшін тариф бойынша толық ақысын төлегенімен, бензинді, дизелді, авиаотынды және газды тиісті көлемде ала алмағандарына ренжулі. Бұл жерде катализатор бензин сапасына қатысты проблеманы түзете алмайды. Сутегі өндірісі қалпына келтірілмеген, бұл дизелді шығаруға кері әсер етеді. Ұсақ мұнай берушілердің наразылығы негізді", – деп түсіндірді Нұрлан Жұмағұлов.

Жалпы, ШМӨЗ-дегі ақаулы тоқтау салдарынан Шымкент пен Тараздағы біраз жанар-жағармай құю станцияларында бензин тапшылығы байқалған.

Сарапшы Павлодар мұнай-химия зауытындағы апатқа дәнекерлеуші-сварщик, АМӨЗ-де – технолог айыпты деп танылғанын еске салды. Ал ШМӨЗ-де айыптардың кімге аударыла салатыны әзірге белгісіз. Шынында, электр энергетикасы сияқты мұнай өңдеу саласы да жемқорлардан жаппай тазалауға, тәртіпке келтіруге мұқтаж болса керек.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу