Мемлекеттік борыш шекті мөлшерден 2,4% асып кетті

2538

Есеп комитеті Үкіметке борыш көздері мен өтеу мерзімдері туралы деректерді ашық ұстауды ұсынды.

Мемлекеттік борыш шекті мөлшерден 2,4% асып кетті

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті 2020 жылға республикалық бюджетті атқару туралы Үкімет есебіне қорытынды шығарды, деп хабарлайды Inbusiness.kz.         

Мемлекеттік борыш белгіленген шектен асып, Қытаймен арадағы алыс-берістің көлеңкелі түсімдері әлі жарыққа шықпай отыр. Осының салдарынан бюджеттің бүйірін толтыруға тиіс түсімдер жоспарланған мөлшерде орындалмай отыр.  Үкімет есебіне қорытынды жасаған Есеп комитетінің құжатын бір ауыз сөзбен осылай түйіндеуге болады.         

Әуелі қортындының мемлекеттік борыш пен салыққа қатысты тұсына шолу жасап көрейік.

Ұлттық статистика бюросының жедел деректері бойынша 2020 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 1998 жылдан бері алғаш рет 2,6%-ға қысқарған. Ал іскерлік инвестицияның көлемі 3,4% азайғандықтан, экономиканы бюджет есебінен инвестициялау мөлшері ұлғайған.

"2020 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 7,5%-ға жетті. Бұл 2016 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралар жұмыс күшіне шаққанда жұмыссыздық деңгейін 4,9% деңгейінде сақтап қалуға мүмкіндік берді. Бір жыл ішінде орташа айлық еңбекақы 14,6%-ға, нақтысы – 7,3%-ға өскен",– деп жазады комиеттің сарапшылары.

Алайда дағдарыстың салдарын жою бағытында ашылған жұмыс орындарының көбі 2-3 айдан кейін жабылып отырған.

Мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуын сипаттайтын жаһандық рейтингте 2020 жылы Қазақстан 12 тармаққа көтеріліп, 65-орынды иеленген көрінеді. Бұған Ұлттық қор мен қарыздар есебінен әлеуметтік шығыстарды көбейту әсер еткенін айту керек.

Қазақстан үшін дәстүрлі саналатын экспорттық өнімдердің арзандауы сыртқы сауда айналымын 2019 жылға қарағанда 13%-ға азайтып, 85 млрд АҚШ долларына дейін қысқартқан.

"2020 жылы дағдарыс кезеңінде экономиканы қолдау үшін Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт түрінде 4  трлн 770 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Осыған байланысты, әлемдік экономиканың түбегейлі өзгеруі аясында шикізаттық емес кірістердің жаңа көздерін іздестіріп, болашақ ұрпақтың қаражатын басқарудың тәсілдерін қайта қарау қажет",– дейді комитет сарапшылары. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та коронадағдарысты желеу етіп, Ұлттық қорға қол салуды тоқтау керектігін тапсырған болатын.

Есеп комитетінің мамандары Қазақстанның мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борышының жыл сайын өсіп жатқанына алаңдаулы. Оның жалпы ішкі өнімге арақатынасы 29,4%-ға жеткен. Ал жаңа қабылданған Бюджет саясаты тұжырымдамасында белгіленген шек 27% екенін ескерсек, борыш мөлшері былтыр осы шектен 2,4% асып кеткен. Тек Үкіметтің борышы ғана ЖІӨ-ге шаққанда 23,8% болған (16  трлн 658 млрд теңге). Регламенттелген шектеу – 25%. Бюджетке түсетін борыштық жүктеменің деңгейі 12,1%-ға жеткен. Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасында белгіленген шектеудің 15% екенін ескерсек,  мұнда да тықыр таянғанын түсінуге болады.

Қарызға қызмет көрсету – 2,8 трлн теңге

Үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге арналған шығыстардың республикалық бюджеттің Ұлттық қордан тыс кірістеріне қатынасы 20,1% болған. Үкіметтің сайтындағы мәлімет бойынша, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев былтыр республикалық бюджеттің жалпы шығыны 14 трлн 234 млрд теңге болғанын айтқан. Яғни Үкімет борышына қызмет көрсету үшін ғана бір жылда 2 трлн 861,03 млрд теңге шығындалған.

"Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және Үкіметтің борыштық саясатына деген сенімді қалыптастыру үшін бұл мәселеде қабылданған міндеттемелердің көздері мен өтеу мерзімдері бойынша пайымдар көрсетіле отырып, деректердің неғұрлым ашықтығын қамтамасыз ету қажет",– делінген Есеп комитетінің қорытындысында.

2020 жылы республикалық бюджетке түскен түсімдер 15 трлн 116,7 млрд теңге болған. Оның ішінде жоғарыда аталған қарыздар да бар. Кірістердің 45%-ы юджеттік трансферттерден қалыптасқан. Басқаша айтсақ, 5 трлн 368 млрд теңге мемлекет қазынасынан алынған.

Есеп комитетінің өкілдері салықтық әкімшілендірудің тиімділік деңгейі әлі де жеткіліксіз екенін айтып отыр. Мемлекет басшысының Үкіметке өз Жолдауында тапсырған ең өзекті мәселені бірі осы болатын.

"Салықтық әкімшілендіруді жақсарту бойынша жүргізілген жұмыстарға қарамастан, салық төлеуден жалтару, салықтық тексерулер мен камералдық бақылаудың нәтижелерінің төмендеуі сақталған. Бұл салықтық әкімшілендіру тиімділік деңгейі әлі де жеткіліксіз екенін көрсетеді",– деп жазылған қорытындыда.

2020 жылдың басында Қаржы министрлігі салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту есебінен 2020 жылы 1 трлн 543,4 млрд теңге қосымша түсім келетінін болжаған еді. Бірақ сол болжам іс жүзінде 7 есе аз орындалыпты.

Бюджетке ішкі қарыздарды өтеу қарқыны артқан. Бірақ мұны толықтай жағымды тенденция ретінде сипаттауға келмейді. Өйткені ақшалай жасалған төлемнің үлесі мардымсыз. Негізінен борышкерлердің банкроттығы, қосымша декларациялар ұсыну немесе мемлекеттік кірістер органдарының салық төлеушілердің дербес шоттарымен айла-шарғы жасауы есебінен қайтарылып жатыр. Бір сөзбен айтқанда қарызды мәжбүрлеп қайтару белең алған. Бұл ел ішінде бюдежеттен қандай да бір қарыз алған заңды тұлғалардың оны уақытында қайтаруға мүмкіндігі жоқ екенін көрсетеді. Салықтық тексерулердің қорытындысы бойынша 2020 жылы 257 млрд теңгені мемлекет пайдасына өндіру көзделген болатын. Бірақ соның тек 24,9 млрд теңгесі ғана бюджетке түскен. Яғни, 10 пайызы да орындалмаған.

Комитет өкілдері камералдық бақылаудың бекітілген рәсімдері мен қолданылатын шаралардың қисықтығы салық төлеушілердің жүктемесін ауырлатқанын айтады.

Ал Қазақстан мен Қытайдың кеден органдарының сатистикасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған шаралар күткен нәтижені бермеген. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сыртқы сауданың статистикалық деректеріндегі ауытқулар 45,4%  көлемінде қалып отыр.

"2020 жылы әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге бөлінген, бірақ тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының сомасы өзінің тарихи максимумына жетті",– деп жазады Есеп комитетінің мамандары.

Нақты айтсақ, тиімсіз игерілген қаржының көлемі 569,4 млрд теңге болып,  2019 жылмен салыстырғанда 33,2%-ға ұлғайған.

Республикалық шығыстардың тек 44%-ы ғана "таза кірістермен" (трансферттер мен қарыздар түсімдерін есепке алмағанда) өтелген. Бұл ақшаға шақсақ, 6 трлн 262,9 млрд теңге деген сөз. Осы мақсатқа Ұлттық қордан 5 трлн 124,4 млрд теңге алынған (36%). Сондай-ақ, шығыстардың 20%-ы немесе 2 трлн 846,6 млрд теңгесі қарыздардың түсімінен жабылған.

"Таза кірістердің" тұрақты ілгері өсуінсіз шығыстардың көлемін өсіру салық-бюджет саясатының тұрақсыздығына алып келеді және әлеуметтік шиеленісті күшейтеді. Бұл үшін қазіргі шығыстарды сапасы және іске асырудан алынатын нәтижесі тұрғысынан сыни тұрғыда қайта қарау қажет. Шығыстарды жоспарлаған кезде стратегиялық мақсаттармен және міндеттермен тікелей өзара байланысты орнатып, олардың ашық болуын арттыру қажет",– деп кеңес береді Есеп комитетінің сарапшылары.

Осы шығыстардың 44,5%-ы немесе 6 трлн 638,7 млрд теңге әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік салаларына бағытталған.

"Экономикалық мазмұн бойынша, әлі де үлкен үлесті, яғни, 61%-ын ағымдағы шығыстар алады. Тек 15%-ы ғана даму бюджеттеріне және экономиканың дамуына тікелей әсер ететін объектілерді салу/реконструкциялау, ақпараттық жүйелерді құру/дамыту, өңірлерге берілетін нысаналы даму трансферттері, кредит беру, субсидиялау бағыттарына тиесілі. Бұл әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға қажеттілікті жабуға, жаңа технологияларды енгізуді және жоғары көлемді өндірістер құруды қамтамасыз етуге, экономиканы цифрландыруды аяқтауға мүмкіндік бермейді",– дейді Есеп комитетіндегілер.

Сарапшылар бюджет кіріс азайып тұрған шақта шығыстарды ақылмен ойластыру қажеттігін айтып отыр. Яғни, соңғы бес жылда шығыны қысқартылған салалардың үлесін көбейтуді ұсынады. Бұл кеңеске Үкіметтің қаншалықты құлақ асатынын уақыт көрсетеді.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу