Рустам Ахметов: Мемлекеттік қолдау шарасы баршаға ортақ және тең болуға тиіс

2399

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің қатысуын қысқарту және адал бәсекелестікті дамыту үшін қандай шара атқарылуға тиіс екенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz

Рустам Ахметов: Мемлекеттік қолдау шарасы баршаға ортақ және тең болуға тиіс

Рустам Ахметовтің айтуынша, еліміздің отын-энергетика кешенінде, көлік және байланыс салаларында монополия бар. Тауар нарығында да осындай жағдай қалыптасқан.

"Монополия мәселесін шешу үшін мемлекеттік оператор мен қатар жекеменшік оператор құрылуға тиіс. Мемлекет тауар нарығындағы монополия алаңының негізгі ойыншысы болмауы керек. Ал бәсекелестікті дамыту үшін кәсіпкерлерге тең мүмкіндік беріп, негізгі қуатқа қол жеткізу, бағаны бұрмалау және іріктеп қамқорлық жасау сынды 3 реттеуші кедергіден құтылу қажет", – деді агенттік төрағасының бірінші орынбасары.

Оның сөзінше, негізгі қуатқа қол жеткізбеген инфрақұрылым мен нысан бизнес үшін тауар өндіріп, қызмет көрсете алмайды. Бағаны бұрмалау жосықсыз бәсекелестікке бастайды. Ал іріктеп қамқорлық жасау, яғни бірыңғай оператор немесе жеке монополия құру мемлекеттік қолдау шарасының теңсіздігін туғызады. Рустам Ахметов мемлекеттік және жеке операторлардың қызметін реттеу қажет деп санайды. 

"Біз талдау жүргізіп, 51 операторды анықтадық. Оның 47-сі мемлекеттің қатысумен құрылғаны белгілі болды. Тауар нарығы мен олардың қызметін талдау қорытындысы 9 оператордың айрықша құқығын алып тастау қажеттігін көрсетті. Қалған операторлар үшін арнайы құқық институты енгізіледі. Олар баға белгілеуді, өзге қызметті шектеуді сондай-ақ бизнестің басқа түрлеріне қатысуға тыйым салуды қоса алғанда, қатаң реттеуге жатады. Жеке операторларды іріктеудің конкурстық тәртібі ұсынылады. Бұрын құрылған операторлардың санын қысқарту жұмысы ары қарай жалғасады", – деді агенттік төрағасының бірінші орынбасары.

Рустам Ахметовтің айтуынша, бәсекелестікті дамытуға тауарды конкурстан тыс сатып алуды қысқарту арқылы да ықпал етуге болады. 

"Аралас экономика жағдайында сатып алуды жүзеге асыру кезінде мемлекет экономиканың бірқатар салалары үшін ең ірі тұтынушы ретінде әрекет етеді. Бүгінде мемлекеттік, квазимемлекеттік сатып алу кәсіпкерлікті қолдаудың қуатты құралы деп қарастырылады. Сондықтан біз шағын және жаңа бизнес үшін сатып алуға қолжетімділікті барынша жеңілдетуіміз керек. Қазір сатып алу рәсімін және бюджет шығысын оңтайландыру мақсатында лоттарды ірілендіре отырып сатып алуды орталықтандыру, қаржылық тұрақтылыққа ерекше назар аудару, салық төлемін тексеру және жұмыс тәжірибесіне жоғары талап қою шаралары атқарылып жатыр. Бұл талап бизнесті жаңа бастаған кәсіпкерлер мен шағын кәсіпорындардың сатып алу мүмкіндігін шектейді", – деді агенттік төрағасының бірінші орынбасары.

Бұдан кейін ол бір көзден сатып алу мәселесіне тоқталды. 

"2020 жылы бір көзден мемлекеттік сатып алу көлемі 2 трлн 300 млрд  теңгеден асты. Бұл мемлекеттік сатып алудың жалпы көлемінің 40%-ы немесе жалпы ішкі өнімнің 3,6%-ы. Біз бір көзден сатып алудың 8 негіздемесін қолдануды шектеуді, 2 негіздемесін біржола алып тастауды ұсынамыз. Осы өзгеріс енгізілсе, экономикалық тиімділік жылына 49 млрд теңгеден асады", – деді Рустам Ахметов. 

Оның айтуынша, тауарды бәсекесіз сатып алуды қысқарту үшін мемлекеттік тапсырманың толық тізбесін айқындау керек. Статистика көрсеткендей, мемлекеттік тапсырманы орындауға бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын өсіп келеді. 

"Қысқарту шарасы 30 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік береді", – деді агенттік төрағасының бірінші орынбасары. Рустам Ахметов мемлекеттік қолдау шарасы баршаға ортақ және тең болуға тиіс екенін айтты. 

"Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдауды дербестендіру жүріп жатыр. Жеке келісімдер, оның ішінде шетелдік инвесторлармен кредит пен субсидиядан  бастап инфрақұрылымды бөлуге дейінгі преференциялардың жеке пакетін көздейтін келісім рәсімделеді. Бұл өз кезегінде ішкі нарықтағы бәсекелестікті одан әрі монополияландырады. Қазір қаралып жатқан "Бәсекелестік туралы" заң жобасында мемлекеттік қолдау шарасын көрсету кезінде бәсекелестік аясындағы кейбір мәселелерге тыйым салу талабы әзірленді. Бұл бізге болашақта мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары мен қағидаларын енгізу кезінде шағын және орта бизнес өкілдері мен бәсекелестігі дамымаған тауар нарығына бағдарлауға, жеке және мемлекеттік бизнеске тең жағдай жасауға мүмкіндік береді", – деді ол. 

Агенттік төрағасының бірінші орынбасары "Бәсекелестік туралы" заң жобасында цифрлық қызмет нарығын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылғанын мәлімдеді. 

"Біз шетелдік цифрлық платформаларымен қарым-қатынас жасауда отандық өндірушілердің, оның ішінде цифрлық қызметтің мүддесін қорғаудың құқықтық мүмкіндігін құруды ұсынамыз. Бұл үшін цифрлық платформа ұғымын, желілік әсерді және цифрлық нарықты талдаудың жаңа әдіснамасын айқындау қажет", – деді Рустам Ахметов.

Оның пікірінше, кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің қатысуы қысқарған кезде ғана бәсекелестіктің бәсі биік болады. 

"Жоғарыда айтқанымдай, отын-энергетика, көлік және байланыс салаларында және басқа да бәсекеге қабілетті нарықта мемлекет негізгі ойыншы болып отыр. Әкімшілік ресурсқа, бюджет қаржысына және мемлекеттік қолдауға ие болып отырған мемлекеттік кәсіпорындар жеке кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіреді. Мысалы, субсидиялаудың үлкен көлемін және әкімдік кепілдік берген лизингті алатын коммуналдық кәсіпорынмен жеке автопарк бәсекелесе алмайды. Мемлекеттік медициналық тапсырыс шеңберінде қаржыландыруға басым рұқсаты бар жергілікті мемлекеттік ұйыммен жеке стоматологияның немесе емхананың күш сынасуы мүмкін емес. Мемлекеттік компаниялардың мүддесі үшін енгізілген әкімшілік шектеуге байланысты жеке кәсіпкерлер темір жол арқылы жүк тасымалдау саласында немесе тауарлық газ нарығында қызмет көрсете алмайды. Елімізде 6 мыңға жуық квазимемлекеттік сектор субъекті бар. Олардың 700-ден астамы коммерциялық, өндірістік бейінде, АҚ, ЖШС нысанында құрылған кәсіпорындар. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, кәсіпкерлікке мемлекеттің қатысуы жалпы ішкі өнімнің 14,8%-ын құрап отыр", – деді Рустам Ахметов.

Агенттік төрағасының бірінші орынбасары мемлекеттің кәсіпкерлікке қатысуындағы белгісіздік мемлекет иелігінен алу процесінде де көрініс тауып отырғанын айтты. 

"Егер, біз қандай да бір кәсіпорынның қандай мақсатпен құрылатынын және қандай мақсатқа қол жеткізгенімізді нақты білетін болсақ, онда жекешелендіру нысандарын іріктеу әлдеқайда тиімді болар еді. Бүгінгі күні жекешелендіру жоспарын жүзеге асыру кәсіпкерлікке мемлекеттің қатысуын қысқартудың негізгі құралы болып отыр. Бізде жекешелендіру ережесі, бес жылдық жоспар бар, бірақ жекешелендіру жоспарын қалыптастыру тәртібі жоқ. Жекешелендірілетін активтерді іріктеу әдіснамасынсыз жоспар қалыптастыру тауар нарығындағы бәсекелесті ескермей, қаржылық көрсеткішке сүйеніп жүргізіледі. Кейін бұл жекешелендіру жоспарын іске асыруға әсер етеді. Мысалы, 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарына 27 өзгеріс енгізілді. Республикалық меншіктегі 14 ірі ұйымның 8-ін қоса алғанда, басым тәртіппен жекешелендіруге жататын 101 нысан  алынып тасталды. Осыған байланысты Президенттің кеңесшісі Сэр Чакрабарти тауар нарығындағы бәсекелестік факторын ескере отырып, кешенді жекешелендіруді жүзеге асыруға ұсыныс берді. Өз кезегінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жекешелендіруді секторлық талдау негізінде ұсынады. Мемлекеттің кәсіпкерлікке қатысуын болдырмау үшін базалық өлшемшарт ретінде шағын және орта бизнес үлесін, жеке инвестиция көлемін сонымен қатар жеке кәсіпкерлердің бөлшек сауда айналымын айқындау бастамасы көтерілді. Республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар деңгейінде жекелеген кәсіпорындар емес, экономиканың барлық секторының стоматология, күзет, көлік қызметі, абаттандыру және басқа да кәсіпорындар жекешелендірілуге тиіс. Бұл бизнесті мемлекет иелігінен алу мәселесіне ішінара емес, тікелей араласуға және бәсекелестік пен жеке кәсіпкерлікті дамытудың жай-күйін жүйелі талдауға мүмкіндік береді", – деп қорытты сөзін Рустам Ахметов. 

Қанат Махамбет 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу