Мемлекеттің төзімі таусылды, енді алақол бухгалтерлер аяусыз жазаланады

6568

Қазақстанда есепшілердің ел қаржысын ұрлау фактілері тыйылу орнына өршіп барады.

Мемлекеттің төзімі таусылды, енді алақол бухгалтерлер аяусыз жазаланады Фото: newtimes.kz

Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заң талаптарын бұзғаны үшін айыппұл 5 қыркүйектен бастап екі есе өсті. Осы күні республикада "ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2024 жылғы 5 шілдедегі №114-VIII заңы күшіне енді.

Жаңа заң талаптарына сала дайындалып үлгеруі үшін Парламент депутаттары оның қолданысқа енгізілуіне 60 күндік өтпелі кезең берген болатын.  

Мемлекет есепшілерге қатысты бірнеше бағытта заңнамалық өзгерістер енгізді. Біріншіден, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің ондаған жыл қолданыста болған бұрынғы нұсқасында, қаржылық есептiлiк жасау, бухгалтерлiк есепке алу туралы заңнамада қарастырылған міндеттемелерді орындамаудың немесе тиісті дәрежеде орындамаудың кейбір түрлері бойынша айыппұл салудың шарты ретінде "қылмыстық жазаланатын әрекеттер нышанының болмауы" бекітілген. Енді ол алып тасталды.

Екіншіден, келесі құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілді:

·      бухгалтерлiк есепке алуды жүргізуден жалтару;

·      бұрмаланған қаржылық есептiлiкті жасау, бухгалтерлiк есепке алуда көрсетiлуге жататын деректердi жасыру, сол сияқты бухгалтерлiк құжаттаманы жою;

·      бұл тармақша: "бухгалтерлік құжаттамаға ұйымның шаруашылық және қаржылық қызметі туралы көрінеу жалған ақпаратты енгізу" құқықбұзушылығымен толықтырылды;

·      жария ұйымның бас бухгалтерi лауазымына кәсiби бухгалтер сертификаты жоқ адамды тағайындау түрiнде жасалған орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы үшін жаза қатайтылды.

Бұған дейін осы заң бұзушылықтар үшін жеке және лауазымды тұлғалар 50 АЕК (184 600 теңге) айыппұл төлеп құтылатын. Енді бұл үшін айыппұл көлемі бірден екі есе арттырылып, сомасы 100 АЕК-ке (2024 жылы 369 200 теңгеге) дейін көтерілді. Айта кетер жайт, мемлекет әкімшілік жазаны бұлай екі есе ұлғайтуға, әдетте бара бермейді.

Егер айыппұл салынғаннан кейінгі бір жыл ішінде бухгалтердің аталған бұзушылықтарды қайта жасағаны анықталса, онда одан өндірілетін айыппұл көлемі тағы екі есе көбейтіліп, 200 АЕК-ке (биыл 738 400 теңгеге) жетеді.  

Үкімет Қазақстанда бухесеп пен қаржылық есептілікті жақсартып, ондағы қосып жазу, былықтарды қолмен бүркемелеп, жасыру сияқты кесірлерден арылту үшін осындай қадамға барып отыр.  

Бұл ретте "20 айлық есептік көрсеткіштен (осы жылы 73 840 теңгеден) астам сомаға бұрмалау ғана қаржылық есептілікті бұрмалау деп танылады".

Жалпы, сарапшылар арамза есепшілерге қатысты жаза да қатыгез, аяусыз бола түскеніне назар аудартады. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 50-ші бабына сәйкес, Қазақстанда кез келген өзге мамандық иелері белгілі санаттағы қылмысы үшін айыпты деп танылса, онда олар "белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 1 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге айрылуы" мүмкін.

Ал, егер қаржы ұйымының ірі қатысушысының, ірі акционерінің, заңды тұлғаның бас бухгалтері қылмысқа барса, онда Қылмыстық кодекс бойынша сот оған "өмір бойына тыйым салуды" белгілей алады.

Егер есепші бухгалтерлік, есептік құжаттаманы, немесе ұйымның экономикалық қызметін көрсететін өзге де құжаттарды жасырса, жойса, бұрмаласа, 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алынуы мүмкін.

Егер қандай да бір компанияны, ұйымды "әдейi банкрот қылу" қылмысына бас бухгалтердің де қатысы бар деп танылса, онда оның белгiлi бiр лауазымдарды атқаруына немесе белгiлi бiр қызметпен айналысуына тағы да өмір бойына тыйым салынып, 3 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Егер бас бухгалтер өз өкiлеттiктерiн осы ұйымның заңды мүдделерiне қарсы және өзi немесе басқа адамдар, ұйымдар үшiн пайда мен артықшылықтар алу, немесе басқа адамдарға, ұйымдарға зиян келтiру мақсатында пайдаланса, осы арқылы заңды тұлғаға, мемлекетке, қаржы ұйымына ірі нұқсан келтірсе, онда мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, 4 жылға дейінгі мерзімге түрмеге отыруы мүмкін.

Егер бас бухгалтердің қасақана әрекетi немесе, назар аударыңыз – әрекетсiз қалуы салдарынан, қаржы ұйымы ақырында мәжбүрлеп таратуға тап болса, төлем қабiлетсiздiгiне ұшыраса, немесе банктік кредиттерін өтей алмайтын жағдайға жетсе, бас бухгалтер 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады (ең жоғары жазасы).

Ашынғаны ма, әлде араны ашылғаны ма, кейінгі жылдары ары таза емес бухгалтерлердің ақшаны жүздеген миллионмен, тіпті миллиардтап жеген деректері бірінен соң бірі ашылуда. Соның ішінде қоғамда резонанс тудырғаны және тұтас детектив сериалына сюжет бола алатын оқиға – Жетісу облысында 21 бухгалтерден тұратын ірі қылмыстық топтың әшкереленгені болды. 2024 жылғы шілденің соңында оларға қатысты үкім шықты.

Талдықорғанның 21 бухгалтері небары 3 жыл ішінде жалпы сомасы 4,5 миллиард теңге ел қаржысын ұрлаған, оларды жылыстатып, заңдастырған. Сот анықтағандай қылмыстық топтың ұйымдастырушысы ретінде Талдықорған қаласының білім бөлімінің бас бухгалтері танылды. Топқа орта мектептердің – 14, білім бөлімдерінің – 7 бас бухгалтері кірген. Олар алқа құрып, ақылдаса келе, бюджет ақшасын жымқырудың небір айла-шарғысын, шытырман схемаларын ойлап тапқан.

Топ ішінде әрбір мүшесінің өз орны мен рөлі бекітілген. Миллиардтаған қаржы мыңдаған бөлікке бөлініп, туыстарының банк шоттарына аударылған. Оны ары қарай шешіп алып, қымбат коттедждер, тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүліктер, жер телімдері, сән-салтанатты көліктер, алтын-әшекей және басқасын сатып алған, түрлі жерге жасырған.

Бірақ қылмыскерлер ұсталғаннан кейін тергеумен ынтымақтасып, тыққан-бұққанын тауып берген. Оған айырбас ретінде қаржы ұрлау бойынша ғана өздерін айыпты деп танып, басқа баптар бойынша ақтауды сұрады. Бірақ сот олардың қылмысының қоғамға қауіптілігін ескере отырып, басты фигуранттар С., М., Н.-ны 12-ден 15 жылға бас бостандығынан айырды. 15 сотталушы 7-ден 11 жылға дейінгі өмірін абақтыда өткізуі мүмкін. Келтірген барлық шығынының орнын толтырған екі айыпты 7 жылға шартты сотталды. Тағы бір айыпталған бухгалтер өліп қалғандықтан қылмыстық іс тоқтатылды. Сот табылған жалпы құны 3 миллиард теңгені құрайтын қаражатты, зергерлік бұйымдарды, жылжитын және жылжымайтын мүліктерді тәркіледі.

Биылғы 23 ақпанда сот Ақтөбеде 8 жыл ішінде мемлекеттен 413,8 миллион теңге ұрлаған мектеп-гимназияның бас бухгалтерін 7 жылға түрмеге аттандырды. Ол тек бір жыл ішінде өзіне 200 миллион теңгеден астам ақша аударған. Бұл сол мектептің бүкіл жылдық еңбекақы қорының 30 пайызын құраған.

2024 жылғы мамырда Жаңаөзенде 30 миллион бюджет қаржысын өз қалтасына салған екі мемлекеттік балабақшаның бухгалтері қамалды.  

Биылғы тамызда Алматының №5 гимназиясының 34 миллион теңгесін ұрлап, қолға түскен бас бухгалтері 7 жыл шартты түрде бас бостандықтан айырумен құтылып кетті.

Бухгалтерлердің ақша ұрлау деректері ауыл шаруашылығында, банк секторында, өнеркәсіпте, туризм, медицина және басқа да салаларда тоқтаусыз тіркелуде. Осындай жаңалықтарға қатысты әлеуметтік желіде пікір білдірген қазақстандықтар: "Лексус мінбеген есепші аз!" деп жазады. Дегенмен, HeadHunter Қазақстанда бухгалтерлердің орташа жалақысы 200–500 мың теңге аралығында ғана екенін хабарлады.

Бухгалтер атаулыға жаппай қара күйе жағылмауы, бұл маңызды мамандықтың беделіне өшпес дақ түспеуі үшін саладағы ұйымдасқан қылмыспен күрес те тегеурінді жүргені маңызды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу