Мессидің алдында – Пеле ғана

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4544

Аргентина саңлағы бір клубтың сапында соққан голдарының саны бойынша әлем футболы тарихында екінші орынға шықты.

Мессидің алдында – Пеле ғана

"Барселона" Испания чемпионатының ХІІ турында "Бетис" клубымен кездесіп, 3:4 есебімен ұтылып қалған. Алайда осы ойында Лионель Месси екі гол соғып, тарихи жетістікке қол жеткізді. Таратып айтқанда, Аргентина жұлдызы Каталония клубы сапында, ресми ойындарда соққан голдарының санын 566-ға жеткізді. Сөйтіп, ол бір команданың сапында ең көп гол соққан футболшылар тізімінде екінші орынға көтерілді.

Месси бұл тізімде "Баварияның" әйгілі сұрмергені Герд Мюллерді үшінші орынға ығыстырды. Неміс шабуылшысы өз клубы сапында 565 доп салған болатын. Ал өз клубына адал футболшы-сұрмергендер тізіміндегі бірінші орында – есімі төрткіл дүниеге мәшһүр Пеле. Бразилияның бағына біткен даңқты шабуылшы "Сантос" сапында 643 гол соққан екен. Әрі сол үшін 18 маусым бойы шүмектетіп тер төккен.

"Барселона" клубының ресми сайтындағы деректерге сүйенсек, Мессидің қарқыны тым жоғары көрінеді. Аргентина саңлағы 566 голын 650 матчта, әрі 15 маусымда (!) соққан. Пеленің рекордына дейін 77 гол қалған көрінеді... Кім біледі, осы қарқынынан таймаса... Жарайды, оны уақытында көре жатармыз. Өйткені, 77 доп та аз емес. Оған қанша жыл қажет болады?

Десек те, Месси 2011/12 жылдар маусымында 73 гол соғыпты! Бұл – оның ең көп гол соққан сәтті маусымы. Жалпы, 566 голының 392-сін Испания чемпионатында соққан. 105 допты Чемпиондар лигасында салған. Испания кубогы додасында 48, ал суперкубогында 13 доп соғыпты. Клубтық әлем чемпионатында 5, ал УЕФА суперкубогында 3 гол салыпты...

Айтпақшы, мұны айрықша атап өтпеу де мүмкін емес қой, Месси "Сантьяго Бернабеу" стадионында 15 гол соққан екен. Мұның неге маңызды екенін көзі қарақты футбол жанкүйерлері өздері біледі. "Барселона" клубының ресми сайтындағы деректерге сүйенсек, Аргентина жұлдызы "Севильяны" 32 рет, "Атлетиконы" 28 рет, ал "Реалды" 26 рет қапы қалдырыпты...

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу