Металға бай Қазақстан әлемнің батарея нарығындағы үлесін іздеуге кірісті

773

Ресей Батысқа стратегиялық материалдар экпортын шектейтінін ескертті. Ал Қытай сирек металға бақылауды күшейтіп жатыр. Осындай шақта еліміз электр көліктерінің аккумуляторларына қажетті шикізат өндірісін арттыруды көздеп отыр.

Металға бай Қазақстан әлемнің батарея нарығындағы үлесін іздеуге кірісті Фото: АР

Қазақстан электр көліктерінің (EV) аккумуляторларына қажетті металдар өндірісін арттыруды көздеп отыр және бұл секторға жаңа инвестиция тарту үшін жүздеген жаңа барлау лицензияларын беріп жатыр. Мұны Reuters агенттігі еліміздің өнеркәсіп министрлігіне сүйеніп хабарлады.

Қазақстан өзін Еуропа одағы белгілеген маңызды материалдардың көпшілігінің сенімді жеткізушісі ретінде алға тартып отыр. Ресей болса, осындай шақта экспортты шектеу қаупін төндіріп, Қытай сирек кездесетін металдарға бақылауды күшейтіп жатыр.

Қазақстан Еуропа одағымен және Ұлыбританиямен маңызды пайдалы қазбаларды жеткізу бойынша келісімдерге қол қойды.

"Көпшілік Қазақстанның өте сенімді екенін біледі... Біз нарықты ұзақ уақыт бойы қамтамасыз етіп келеміз", - деді өткен аптада Reuters-ге берген сұхбатында  еліміздің өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаев.

Жер көлемі бойынша дүниежүзінде тоғызыншы орында тұрған, бірақ халық сирек қоныстанған Қазақстан периодтық кесте элементтерінің 90 пайызы табылатын кен орындарына ие және қазірдің өзінде ферроқорытпаларды, алтын мен мысты сатуда ірі экспортшыға айналып отыр.

Шарлапаевтың айтуынша, еліміз литий, кобальт, марганец, никель және графит сияқты аккумуляторлық материалдардың нарықтағы үлесін алғысы келеді. Айта кетсек, қазір бұл материалдарға сұраныс артып келеді.

Қазақстан марганецті қазірдің өзінде өндіріп жатыр. Және де ол өткен жылы марганец сульфатын өңдеуді жолға қойып, күндердің күнінде әлемнің аккумуляторға арналған материалдар нарығының 10%-ын жаулап алудан үмітті.

РЕСЕЙ ҚАУПІ

Өткен аптада Ресей президенті Владимир Путин Мәскеу Батыстың санкцияларына жауап ретінде уран, титан, никель және басқа да ықтимал тауарлар экспортын шектеуді қарастыруы керектігін ескертті.

Қазақстан - уранның да, титанның да әлемдік ірі жеткізушісі. Сонымен қатар, ҚР никельдің дүниежүзілік қорының 2 пайызына ие. Бірақ Қазақстанның жаһандық никель өндірісіндегі үлесі айтарлықтай емес.

Еліміз тағы бір негізгі металл - литийдің кен орындарын игерген жоқ, бірақ барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Барлау мен игеру жұмыстарын жеделдету үшін министрлер кабинеті геологиялық барлауға арналған лицензиялар рәсімдеуді оңтайландырып, оларды онлайн режимге көшіріп отыр.

Аталған министрліктің мәліметінше, осының арқасында биыл берілген лицензиялар саны 2023 жылғы 397-ден 487-ге дейін көбейген екен.

Қазақстандағы геологиялық барлаумен айналысатын ірі тау-кен компаниялары: BHP, Rio Tinto, First Quantum Minerals, Fortescue және Teck Resources.

Еуропа қайта құру және даму банкі өткен айда хабарлағандай, ол Қазақстанда графит барлаумен айналысатын фирманың үлесін сатып алған.

Қазақстан Ресей бастаған экономикалық және қауіпсіздік блоктарының мүшесі болса да, Ресей-Украина қақтығысында бейтараптық танытып, Батыстың Мәскеуге қарсы санкцияларын бұзбауға уәде беріп, Ресейді айналып өтетін жүк транзиті бағыттарын дамытуға белсенді атсалысып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу