Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялаған тіл саясатын дамыту тұжырымдамасында балалар мен жасөспірімдерге арналған контент мәселесі қозғалды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Тұжырымдамада қоғам қазақ тіліндегі виртуалды-танымдық, интеллектуалды жекелеген ойындарға зәру екені және бұл мәселені шешуде мемлекет тарапы барынша қолдауға тиіс екені айтылған.
Бұл ІТ-технология тілінің де қазақ тіліне бет бұруына жаңа серпін береді. 2022 жылы "Steam" цифрлық дүкеніне қазақ тілінің қосылуы қазақ тілінде ойын әзірлеушілер үшін үлкен мүмкіндіктер ашты.
Осы ретте қазақтілді балалар аудиториясының сұранысын қанағаттандыра алатын, қазақ тілін үйретуге бағытталған цифрлық өнімдер әзірлеу жұмысы қолға алынады.
Министрліктің Қазақстанда тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжымырымдасында осы бағытта танымал Minecraft, Pubg mobile, Call of Duty: Warzone Mobile, Clash of Empire, Clash of clans секілді ойындардың сценарийлері негізінде қазақ тіліндегі топтық ойындар әзірленетіні айтылған.
Сонымен қатар шетелдік ойындардың интерфейсінің қазақ тілінде қолжетімдігін қамтамасыз ету үшін осы ойындарды әзірлеуші компаниямен байланыс орнатылады. Онымен қоса тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізілмек.
Бұл бағытта танымал ойындардың сценарийлері негізінде қазақ тіліндегі топтық ойындар әзірленеді. Шетелдік ойындар интерфейсінің қазақ тілінде қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін әзірлеушілермен байланыс орнатылып, тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізіледі.
Кез келген тілді балабақша жасынан үйренудің маңызы зор. Бұл ретте мультфильмдер – балаларды тілдік ортаға табиғи түрде бейімдеудің тиімді әдісі.
Әлемдік "Nickelodeon", "Tiji" каналдары контентінің қазақ тіліне аударылуы қазақтілді балалар аудиториясының ұлғаюына серпін береді. Сонымен қатар хабарламада YouTube бейнехостингіндегі қазақтілді балалар контентін арттыру жұмыстары да қолға алынатыны жазылған.