Министр қымызды да елдің рәмізі етпек пе?

2184

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні еліміздің аудан-қалаларында, ауыл-аймағында баршаға тегін қымыз тарату ұсынылды. 

Министр қымызды да елдің рәмізі етпек пе?

Неге қымыз?

Кейінгі жылдары ұлттық дәстүрлерді жаңа заманға сай жаңғырту ісі дағдарысқа ұшырағандай еді. Пандемия жылдары тіпті Наурыз мейрамы да тойланбады. Қазір карантин шектеулері жойылған соң қазақы салт-сана, әдет-ғұрыпты қайта жандандыру көкейкесті.   

Осы орайда елордалық "Елсана аманат" қоғамдық бірлестігінің президенті Серік Ерғали ұлтымыздың ең байырғы әрі аса танымал мейрамы – "Қымызмұрындық" аталатын бие байлап, алғашқы уыз қымызды ішу тойын биыл лайықты дәрежеде атап өту бастамасын көтерді.

Қоғамдық ұйым "Қымызмұрындық" фестивалін 4 маусымда, яғни еліміздің рәміздер күніне орайластырып өткізуді ұсынады. Сонда бір жағынан, мемсимволдар мейрамы нақты, әрі бұқараға барынша жақын мазмұн-контентпен толығады. Ақты аңсаған, дүкен-базарларда қымыз деп сатылатын заты белгісіз сұйықтықтан жеріп, нағыз қымызды сағынған халық та осы күнді асыға күтетін болады. Екінші жағынан, қазақтың тағы бір ғұрпын республикалық деңгейде түлетуге жол ашылады.

Қоғам белсендісінің байламынша, Мемлекеттік рәміздер күні тым ресми болып кеткендіктен, оны халық жақын тұта бермейді. Ал шынында әсіресе, мемлекеттік ту мен мемлекеттік әнұран ұлттың рухын көтеретін басты нышандар саналады.

"Қазақстанның мемлекеттік рәміздері қазақ халқының рухани-мәдени дүниетанымынан тамыр тартатыны белгілі. Сондықтан бұл мерекені атап өтуге ұлттық, рухани жаңғыру сипатын беру қажет деп санаймыз. Ендеше халқымыздың рухани танымын паш етерлік шаралар қажет. Осы ресми рәміздер күніне де халықтық сипат керек. Біздің көк байрағымызда алтын күн бейнеленген. Ал ежелгі Көк түріктің дүниетанымында көктегі күннің жердегі сипаты ретінде жылқының бейнесі алынған. Оған халқымыз рухани-танымның ерекше бейнесі ретінде қараған", – дейді Серік Ерғали.

Мұны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, зерттеуші Үміт Әнесова растайды.

"Төрт түлік малдың ішінде жылқы – малдың патшасы саналған. Жақсы ат мінген – жарым патша. Аты жоқ жарлы өзін елдің қоры сезінген. Халқымыздың бүкіл тіршілігі, еңбегі мен өнері онымен тығыз байланысты. Жауға шапқанда батырдың желмая жүйрігі, ең сенімді досы. Сөйтіп, жылқы малы қазақ үшін батырлық, байлық, ерлік, серіктік, ер қанатын білдіретін символ. Атқұмар, атжанды қазақ халқы үшін жылқы – қозғалыс көзі, өмір сүру, тіршілік ету формасы. Жылқы əлемнің жоғарғы бөлігі, интеллект белгісі, ата-бабалар символы. Жылқы тəңірдің тірі бейнесі, нұры. Жылқы күннің, қозғалыстың, тұрақтылықтың символы болған", – дейді ғалым.

Оның айтуынша, осындай символдар Батыс мәдениетінде де кездеседі.

"Ағылшын мəдениетінде жылқының символдық сипаты оның түсімен тығыз байланыста жүреді. Мысалы, қара жылқы – құпия, сыр, өлім мен түннің символы болса, ақ жылқы – жарық, күн, күш-қуат, арылу мен жаңа өмірді алып келушінің символы ретінде жүреді", – деп түсіндірді Ү. Әнесова.

Өз кезегінде қоғамдық ұйым ғалым-зерттеушілердің деректеріне жүгіне отырып, Мемлекеттік рәміздер күнінде халқымыздың "Қымызмұрындық" ғұрпын республиканың барлық өңірінде атап өтуді ұсынды.

"Бұған арнайы шығынның қажеттігі жоқ. Науқаншылдықтың да қажеті шамалы. Бастысы, елдегі ұлтжанды кәсіпкерлерді осы халықтық мерекенің басты қатысушылары ретінде ұйымдастыра білу қажет. Осы мақсатта арнайы сценарий дайындадық, билік ынта-ықылас білдірсе деп. "Қымызмұрындықты" жыл сайынғы бүкілқазақстандық аяулы мерекеге ұластырсақ игі", – дейді қоғам белсендісі.

Айта кету керек, Әсет Исекешев басқарып тұрған тұста Астанада "Қымызмұрындық" халықаралық этнографиялық фестивалі ұйымдастырылатын. Көнеден келе жатқан мейрамға еліміздің әр аумағынан күбі-күбі қымыз әкелінуші еді.

Билік не дейді?

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров қазақтың бұл дәстүрін мемлекет ұмыт қалдырмағанын айтады. Пандемия кезінде жаппай мерекелеу уақытша тоқтатылғанымен, енді қайта жандандыру жоспары бар көрінеді.

"Бұған дейін "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұрпақты қазақ халқының ұлттық-мәдени құндылықтары мен дәстүрлеріне баулу, сондай-ақ Қазақстан халқының рухани мәдениетін танымал ету мақсатында өңірлерде "Қымызмұрындық" жобасы бойынша бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізіліп келді. Өз кезегінде аталған жобаны одан әрі жүйелі түрде өңірлерде жалғастыру үшін ел Үкіметінің 2021 жылғы 6 қазандағы №167-р өкімімен бекітілген "Рухани жаңғыру" бағдарламасын ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес енді облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен "Қымызмұрындық" этно-фестивалі жобасын іске асыру жоспарланған", – деді министр.

Оның мәліметінше, былтыр шектеулі көлемде болса да, бұл мереке атап өтілді. 2021 жылы эпидемиологиялық жағдайларға байланысты шектеу шараларын сақтай отырып, Үкіметтің сол жылғы 9 ақпандағы №50 қаулысымен бекітілген "Рухани жаңғыру" бағдарламасының жол картасына сәйкес, "Қымызмұрындық-2021" этно-фестивалі аясында өңірлерде біраз іс-шара ұйымдастырылыпты.

Айталық, Павлодар облысының Баянауыл ауданында ұлттық мәдениет пен дәстүрді насихаттау, жастарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу, сондай-ақ қазақ халқының ұлттық сусыны – қымыздың құндылығын насихаттау мақсатында "Қымызмұрындық" фестивалі өткізілді.

Қостанай облысында қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын, отбасылық құндылықтарды сақтау, сыйластыққа, татулыққа тәрбиелеу мақсатында облыстық білім беру ұйымдарының оқушылары үшін "Дәстүр мен ғұрып" арнайы жобасы аясында "Қымыз іш" және "Ұлттық тағам: құрт" челлендждері қолға алынды. Іс-шараларға облыстағы мектептердің 50 мыңнан астам оқушысы, ата-аналары, мұғалімдер қатысты, әлеуметтік желіде мыңнан астам сапалы бейнероликтер орналастырылды.

Шығыс Қазақстан облысында мәдениет басқармасының барлық бөлімдерінің ұйымдастыруымен онлайн және оффлайн форматта "Қымызмұрындық-2021" іс-шарасы өткізілді. Қазақтың қымыз сусының түрлері мен дайындалу тәсілдері туралы көрермен қауымға ақпарат ұсынылды. Аталған бағыттағы іс-шаралар бірқатар басқа өңірлерінде де жүзеге асырылды.

Биыл барлық өңірді жаппай қамтиды деген үміт бар.

Министрлік қоғам өкілдерінен түскен "Қымызмұрындық фестивалі" тұжырымдамасын қарастырған екен. Оны енді Жол картасы аясында "Қымызмұрындық" этно-фестивалі жобасын іске асыруда 2022-2024 жылдардағы жұмыста пайдалану үшін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мен барлық облыстардың әкімдіктеріне жіберетін болады.

Демек, биылғы және алдағы жылдардағы бұл мейрам жай ғана қымыздан дәм татырумен шектелмей, жаңа мазмұнмен толыға түспек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу