Министр лоббистердің Парламенттегі заңсыз тірлігіне тосқауыл қоймақ

1459

Елдегі былықтың бір ұшын депутаттардың өздері бастамашы болған заң жобаларынан іздеген жөн. 

Министр лоббистердің Парламенттегі заңсыз тірлігіне тосқауыл қоймақ Фото: inbusiness.kz

Қазақстанда заң жобаларының көбін Үкімет жазады. Бұдан бөлек, Президент те заң шығарушылық өкілеттігін пайдаланып, өз заңын Парламентке енгізе алады.

Сонымен қатар заңға бастамашы болу құқығы Сенат пен Мәжілістің депутаттарына да берілген. Бұл ретте сенаторлар асқан белсенділік танытпайды, танытқанның өзінде көбіне "жалғыз жортуға" батылы бармай, мәжілісмендерді серік етіп алады.

Ал Мәжіліс депутаттарының төл заң жобасын жазуы соңғы шақырылымдардағы депутаттық корпус спикерлерінің мақтанышы болатын. Олар Мемлекет басшысының қабылдауына кіргенде немесе сессияны қорытындылағанда қабылданған заңдардың қаншасының авторы депутаттар екенін мақтана айтып жататын.

Мысалы, 2012–2016 жылдар аралығында жұмыс істеген VI шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің қарауында 536 заң жобасы болыпты. Оның тек 38-і депутаттардың қаламынан туды.

2016–2021 жылдар аралығында қызмет еткен VII сайланымдағы Мәжілісте бұл көрсеткіш екі еседей артты. Палата қараған 487 заң жобасының 64-ін депутаттар әзірледі.

Ал биылғы жыл басында тараған VIII шақырылымдағы Мәжіліс екі-ақ жыл, 2021–2023 жылдары ғана билік басында болды. Соған қарамастан қатты жанталасыпты. Нәтижесінде, палата жұмысқа қабылдап алған 264 заңның 56-сына депутаттар бастамашы болған.

Мысалы, 2018 жылы бір топ депутат "Газ және газбен жабдықтау туралы" заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әзірлеп, Парламенттің қос палатасы арқылы қабылдаттырып алды. Сол арқылы Қазақстанда сұйытылған газды (автогазды) биржа арқылы сатуды бекітті.

Фото: inform.kz

"Заң жобасына бастамашы болуымызға Қазақстанның сұйытылған мұнай газы (СМГ) нарығындағы ахуал түрткі болды... Бізде сұйытылған газдың бөлшек бағасы көтерме бағалардан айтарлықтай төмен және көрші елдердегі бөлшек саудадан шамалы ғана аз. Салдарынан біздің зауыттар газды ішкі нарыққа жеткізе отырып, бүгінде шығынды жұмыс істеуде", – деді Мәжіліс депутаты (қазір де депутат) және заң жобасы авторларының бірі Бақтықожа Ізмұхамбетов 2018 жылғы 2 мамырдағы палатаның жалпы отырысында. 

Ол өздері жазған заң жобасына сәйкес, бұдан былай сұйытылған мұнай газы да ішкі нарыққа электронды сауда алаңдары арқылы сатыла бастайтынын мәлімдеді: "Біз әзірлеген заңнамалық түзетулер бұл тетікті 2019 жылдан бастап, 2021 жылға дейін кезең-кезеңмен енгізуде қарастырады" деді ол.

Айтты, енгізді. Ақыры осы СМГ, автогаз бағасының биржада екі есе қымбаттауының соңы 2022 жылғы қаңтарда неге соқтырғанын бүкіл әлем жұртшылығы куә болды.

Сондықтан сарапшылар депутаттардың өздері дайындап, өз әріптестері арқылы құптатқызып алатын заңдарға абай болған жөн дегенді былтырдан айта бастады.

Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл тұрғыда тағы бір "қауіпті" анықтапты.

Оны жою үшін министрлік "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын әзірлеп шықты.

Жасыратыны жоқ, кейбір депутаттық түзетулердің артында не Үкіметтегі лауазымды тұлғалар, немесе олигархтар, қаржылық, өнеркәсіптік, банктік топтар тұруы мүмкін. Мәжіліс төрағасы болып тұрған тұста Нұрлан Нығматулин журналистермен әңгімесінде, бірқатар министрлер резонансты түзетулеріне мүдделі меморгандардың келісімін ала алмайтынын түсініп, оны заң жобасына Парламенттегі талқылау кезінде, депутаттар қолымен енгізетінін мәлім еткен болатын. 

Сорақысы сол, "Құқықтық актілер туралы" заңы депутаттар жазған заң жобаларын қоғамдық талқылауға шығаруға тыйым салады.

Аталған заңның "Кәсіпкерлер субъектілерінің мүдделерін қозғайтын консультативтік құжаттарды, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау ерекшеліктері" деп аталатын 19-бабы бар. Оның 8-тармағында: "Осы баптың талаптары Қазақстан Президенті мен Қазақстан Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен әзірленген заң жобаларына қолданылмайды" деп қадап айтылған.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өзінің жаңа заң жобасында дәл осы кесірлі 8-тармақты алып тастауды ұсынып отыр.

Егер ведомствоның ұсынысын жаңа Парламент қабылдаса, онда бұдан былай депутаттардың авторлығымен Мәжіліске енгізілген заң жобалары да қоғамның талқысына салынады.

Бірақ бұл талап тек кәсіпкерлерге қатысты заң жобаларына ғана таралмақ.

Фото: inform.kz

"Жалпы, "Құқықтық актілер туралы" қолданыстағы заңға сәйкес, егер кәсіпкерлердің мүддесін қозғайтын заң жобалары Парламент депутаттарының заңнамалық бастамасы тәртібімен дайындалса, онда олардың консультативтік құжаттарын, тұжырымдамасының жобаларын, нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу және "Ашық НҚА" порталына қоғамдық талқылау үшін жариялау талап етілмейді. Соның салдарынан Парламент депутаттары бастамашы болып, әзірленген Қазақстан заңдарының жобаларына кәсіпкерлердің ықпал етуге еш мүмкіндігі жоқ. Бұл мәселені шешу үшін депутаттардың заңнамалық бастамашылығы құқығын іске асыру тәртібін қайта қарау қажет. Сонда депутаттар ұсынған заң жобаларын жария талқылау қамтамасыз етіледі", – деп түсіндірді ұсынысын ақпарат министрлігі.

Осыған байланысты, ведомство "Құқықтық актілер туралы" заңына өзгерістер енгізуді орынды санайды.

Ұсынылған жаңа нормалар Парламент депутаттарының заңнамалық бастамасы тәртібімен әзірленетін заң жобаларын, олардың реттеуші саясаттың консультативтік құжаттарын, заң жобаларының тұжырымдамаларын "Ашық НҚА" интернет-порталында жариялау және қоғамдық талқылау рәсімдерін көздейді.

Бұл жерде демократияның мүмкіндіктерін пайдаланып, тек Парламенттің ғана емес, Президенттің өзі бастамашы болатын заң жобаларын да қабылдамас бұрын қоғамдық талқылауға шығарған, пысытқан маңызды. Әйтпесе, Мемлекет басшысының әлдебір бастамасын журналистер де, депутаттар да тек Парламент отырысында қабылдауға ұсынылған кезде бір-ақ біліп, айран-асыр болып жатады.

"Билік өзінің жоспарын қоғамнан жасырын ұстайтын саяси дәстүрден арылуымыз керек", – деп Қ.Тоқаевтың өзі 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында қадап айтты емес пе?

Айтпақшы, Президент 2023 жылғы 29 наурызда VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында депутаттарға "лоббистік қызметті заңмен реттеуді" жүктеген болатын. Ендеше депутаттар әлдебір топтың мүддесін ілгерілетуге қатты ынтықса, онда оны өздері бастамашы болған заң жобаларын қоғамдық талқылаудан жасыру арқылы емес, лоббистік тетік арқылы жүзеге асырсын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу