Министр Омаров Президентке шағымданған журналистерге жауап берді

2823

Ақпарат құралдарының өкілдері және қоғам белсенділері өздерінің қорғансыз жағдайына мұң шағып, Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевқа ашық хат жолдаған болатын.

Министр Омаров Президентке шағымданған журналистерге жауап берді

Өз хаттарын олар сондай-ақ жаңа Үкімет басшысына, Ішкі істер министріне және ҰҚК-нің жаңа басшысына жолдаған.

"Біз, Қазақстанның тәуелсіз медиасының өкілдері, сондай-ақ құқық қорғаушылар мен белсенділер биылғы қаңтар айы басталғалы бері журналистерге қарсы бағытталған қудалау, дискредитациялау науқаны өрістеп жатқанын бақылаудамыз. Бізді террористер мен мародерларға теңестіруге талпынуда, тәртіпсіздіктерді және бүліктерді ұйымдастырушылардың сыбайластары деп атайды. Тәуелсіз журналистердің міндеті – маңызды оқиғалар жайында адал әрі кәсіби тұрғыдан ақпараттандыру арқылы қоғам мен адам мүддесі үшін қызмет ету. Біздің жұмысымыз – қоғамның дамуы, бейбітшіліктің сақталуы, демократиялық құндылықтардың өркен жаюы үшін аса маңызды және міндетті алғышарт", – делінген ашық хатта.

Журналистер неге шағымданады?

"Қасіретті қаңтар" оқиғалары кезінде кәсіби қызметін орындау үстінде тілшілер, операторлар, фотографтар зардап шеккені, жараланғаны, таяққа жығылғаны мәлім. "Алматы" телеарнасының жүргізушісіне оқ тиіп, қаза тапты. Денсаулығына зиян келген, опат болған БАҚ өкілдеріне, олардың отбасына да "Қазақстан халқына" қоры қамқорлық көрсетсе, жөн. Өйткені журналистер де – Қазақстан халқы.

Бірақ ең басты талап – ақпарат құралдарының өкілдерін еш қылмыс жасамаса, негізсіз қудаламау.

"Біздің әріптесіміз – оралдық журналист Лұқпан Ахмедьяров 10 тәулікке қамалды. Осындай жазаға көкшетаулық журналист Нұржан Баймулдин да кесілді. Журналист Дарын Нұрсапар кәсіби міндетін орындау кезінде тұтқындалған. Тәуелсіз журналист Махамбет Абжан 5 қаңтарда өзін құқық қорғау органдарының өкілдері деп таныстырған адамдар пәтеріне баса-көктей кіргенін хабарлады. Азаматтық журналистер де Қазақстанның көптеген қаласында өткен оқиғаларды фото және видеотіркеу жүргізгені үшін қудаланғандарын айтуда. Мұндай істер бойынша соттар процессуалдық нормаларды бұзуы мүмкін. Біз билік өкілдерінен журналистердің абыройын түсіруге бағытталған науқанды тоқтатуды талап етеміз! Құқық қорғау және күштік құрылымдар нағыз қылмыскерлермен, террористермен және төңкеріс ұйымдастырғысы келгендермен күресуі керек. Адам құқығы мен бостандығы секілді демократиялық құндылықтарды қорғайтындар – журналистер арасында ондайлар жоқ", – делінген ашық хатта.

Онда қамаудағы барлық журналистерді дереу босату сұралады. Сондай-ақ оларды ұстау себептеріне егжей-тегжейлі, жария тергеу жүргізу туралы ұсыныс бар. Бұдан бөлек, бірқатар БАҚ өкілдері үстінен Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 488-бабы бойынша қозғалған істерді тоқтату қажеттігі айтылған. "ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу" деп аталатын бұл бап "ескерту" жасаудан бастап, жеке тұлғаларды – 25 тәулікке қамауға, 70 АЕК (214 410 теңге) айыппұл салуға, заңды тұлғаларға – 150 АЕК (459 450 теңге) айыппұл салуға алып келеді.

Ашық хатқа журналистер сыртында "НеМолчиKZ" қорының президенті, құқықтанушы Дина Смайылова, "НеМолчиДетиKZ" қорының директоры, құқықтанушы Алмат Мұхамеджанов, "НеМолчиЮг" қорының директоры, заңгер Данияр Жиенбаев, фем-белсенді Вероника Фонова, белсенділер Бейбарыс Толымбеков, Әлнұр Ильяшев, Марат Қуанышев, Лейла Зулейха Махмудова, Дильда Рамазан, экономист Арман Саин және басқалары қол қойған көрінеді.

Хаттың мазмұнын азаматтық журналист Данияр Супиев жария етті.

Билік не дейді?

БАҚ үстінен қарайтын меморганның экс-басшысы Аида Балаеваның журналистерді қорғамайтынын ақпарат құралдары жиі сынайтын. Оның үстіне жекелеген редакциялар өкілдерін қудалау көріністері бұрыннан бой көрсете бастағаны жасырын емес. "Қаралы қаңтар" оқиғаларынан кейін министр ханым орынтағынан ауып қалып, орнына Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып, Асқар Омаров тағайындалды.

Жаңа министрі БАҚ және белсенділердің ұжымдық хатын министрлік қарағанын хабарлады. Оның айтуынша, ақпарат құралдарымен өзара әрекеттестік және журналистерді қолдау – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қызметінің басты бір бағыты болып табылады екен.

"Жыл басталғалы қазақстандық және халықаралық ақпарат кеңістігінде журналистерді бейберекет және заңсыз тұтқындап, тергеулер жүргізіліп жатқаны белсенді талқылануда. Бірінші кезекте атап өтеріміз, министрлік наразылық шаралары басталған кезден бері журналистердің құқықтарын сақтау және қорғау бойынша Ішкі істер органдарымен тығыз ықпалдасуда. Соның арқасында келесі БАҚ өкілдерінің әкімшілік қамау мерзімдері қысқартылды: бұлар – "Шығыс Ақпарат" ЖШС репортері Дарын Нұрсапар, "Көкше-Азия" ақпарат агенттігінің шеф-редакторы Нұржан Баймулдин, "Уральская неделя" газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедьяров. Сондай-ақ ұсталған басқа барлық журналистті құқық қорғау органдарының қызметкерлері істің мән-жайы анықталғаннан кейін сол күні босатты", – деді министр.

Оның айтуынша, Ақпарат министрлігі "Қазақстан заңнамасын сақтайтын БАҚ-тардың қызметіне кедергі жасауға жол берілмеуге тиіс" деген ұстанымда табандайтын көрінеді.

Министр бірқатар интернет басылымдар сайттарының уақытша бұғатталуы, сондай-ақ еліміз бойынша интернетке қолжетімділіктің шектелуі "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" және "Байланыс туралы" заң аясында жүргенін жеткізді.

Асқар Омаровтың сендіруінше, антитеррорлық операциялар жүрген күндері бірқатар интернет ресурстарды бұғаттау бойынша министрлік ұйғарым жасамаған және ондай ұсыныс енгізбеген. 

"Биылғы қаңтарда интернеттің уақытша жоғалуының себептері туралы ақпарат біздің министрліктің қолында жоқ. Сонымен бірге қазіргі уақытта министрлік әлемдегі озық елдердің тәжірибесін және халықаралық заңнаманы зерделеп, Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына талдау жүргізіп жатыр. Соның негізінде БАҚ туралы заңнама ары қарай жетілдірілетін болады", – деп еске салды ақпарат министрі.

Бұл ретте жаңа министр "Блогер туралы" заң қабылдауы мүмкін екенін таяуда inbusiness.kz-ке жазды.

Асқар Омаров журналистерді ұлттық заңнаманы сақтауға шақырды. Диктофон мен микрофон ұстаған "төртінші билік" өкілдерінің қызметі салалық заңнамамен және "Бейбіт жиналыстарда болатын журналист (бұқаралық ақпарат құралы өкілі) қызметінің қағидаларымен", сондай-ақ "Журналистердің құқықтары бұзылған жағдайда оларды құқықтарын қорғау регламентімен" реттеледі.

"Егер журналист өз құқығының бұзылғанын байқаса, ол әрқашан біздің министрлікке жүгініп, өзін қорғауды сұрай алады. Өз кезегінде министрлік журналистердің құқықтарын қорғауға және олардың кәсіби қызметін жүзеге асыруына әрдайым көмек көрсетуге дайын", – деп сендірді министр.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "өз жұмыстарыңызда ескеріңіздер!" деп, Ішкі істер министрлігіне және Қорғаныс министрлігіне арнайы хат бағыттады. Онда айтылғандай, күштік құрылымдар "ақпарат жинау бойынша кәсіби қызметін атқарып жүрген журналистің өмірі мен денсаулығына нақты қатер туындатса", "жаппай тәртіпсіздіктер кезінде журналистің бойында жилет-кеудеше, жеңдегі таңғыш, жапсырма секілді айырым белгілері болмаса, бірақ ол "журналист куәлігін" көрсете алса, онда оны ұстап, тұтқындауды дереу тоқтатуы, журналистті ешқандай санкциясыз немесе шектеу қолданусыз сол жерде босатуы қажет".

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу