Министр Президент өкілеттілігі қалай өзгеретінін түсіндірді

1928

Тиісті заң жобалары жыл соңына дейін қабылданады. 

Министр Президент өкілеттілігі қалай өзгеретінін түсіндірді

Әділет министрі Қанат Мусин Мемлекет басшысының өкілеттілігі қалай өзгеретінін түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ол Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында саяси реформалардың 10 бағытын айқындап бергенін атап өтті.

"Бүгінде Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл сәуірдің соңында бұл жұмыстар аяқталады деп жоспарланып отыр", – деді Қанат Мусин ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан конституциялық реформа 2017 жылы жүргізілген конституциялық реформаның жалғасы болып саналады.

"Мысалы, заңдар немесе заң күші бар жарлықтар шығару жөніндегі өкілеттіктер мен Президенттің заң шығару саласындағы жекелеген өкілеттіктері алынып тасталды. Мемлекет басшысының үкімет актілерінің күшін жою және қолданылуын тоқтата тұру құқығы жойылды. Үкіметке мемлекеттік бағдарламаларды және мемлекеттік органдар мен ұйымдарды қаржыландырудың бірыңғай жүйесінің функцияларын бекіту берілді. Заң деңгейіне аудандық және ауылдық әкімдерді қызметке тағайындау немесе сайлау тәртібі жатқызылды, бұрын бұл рәсімдер Президент актісімен айқындалатын", – деді министр.

Ведомство басшысының пікірінше, бұл реформалар парламенттің, үкіметтің, жергілікті атқарушы органдардың рөлін күшейтуге бағытталған.

Саяси партия

Қанат Мусин Мемлекет басшысының саяси партия төрағасы қызметінен кету мәселесіне тоқталды.

"Жолдауда Мемлекет басшысының саяси партиялардағы мүшелігіне оның президенттік кезеңінде тыйым салуды белгілеу бағыты бар. Осылайша, мемлекеттік аппаратты, партиялық құрылымдар мен біріктіру мәселесіне ерекше назар аударылады.  Бұл тыйымның алғышарты кезекті съезд барысында Amanat партиясының төраға қызметінен кету ниеті туралы Президенттің мәлімдемесі болды. Мұндай тыйым Орталық сайлау комиссиясы, Есеп комитеті және Конституциялық кеңестің төрағалары мен мүшелеріне, әкімдер мен олардың орынбасарларына да қатысты болады. Бұл жаңалық барлық мемлекеттік аппарат жұмысына өз әсерін тигізеді", – деді басшы.

Ол бұл өзгеріс саяси бәсекелестікті арттыруға ықпал етеді, барлық партияның дамуына тең жағдай жасайды деген пікірде.

Сенат

Әділет министрі Президент тағайындайтын сенат депуттары бойынша өзгерістер барын жеткізді.

"Олардың саны қысқарады. Мемлекет басшысы сенаттағы президенттің квотаны 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқартуды ұсынды. Олардың бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады. Қазіргі уақыттағыдай сайламайды. Енді Президент сенатта 15 депутаттың орнына тек 5 депутатты, ал қалғанын қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерін білдірілуін қамтамасыз ету үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы белгілейді. Нәтижесінде, Мемлекет басшысының өкілді органның жоғарғы палатасын құруға қатысуы айтарлықтай төмендейді", – деді Қанат Мусин.

 

Жоғарғы сот

Ол Мемлекет басшысының Жоғары сот кеңесінің құрамын құруға қатысты өкілеттіктері өзгеретінін айтты.

"Конституцияда белгіленген қолданыстағы тәртіпке сәйкес Президент өзі Жоғары сот кеңесінің құрамын қалыптастырады, сондай-ақ Конституциялық кеңестің төрағасын тағайындайды. Енді Президент Конституциялық кеңестің және Жоғары сот кеңесінің төрағалары қызметіне кандидатураларды келісу құқығын Сенат депутаттарына беруді ұсынып отыр. Бұл ретте Жоғары сот кеңесінің құрамын қалыптастыру заңмен айқындалады", – деді министр.

 

Жергілікті билік

Қанат Мусин Жолдауда Президенттің артық өкілеттіктерін болдырмау және әкімдер мен мәслихаттарға жергілікті жерлерде шешімдер қабылдау кезінде көбірек дербестік беру арқылы "қолмен басқару" практикасынан кету қажеттігі туралы айтылғанын жеткізді.

"Осыған байланысты Президенттің облыстар және республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің актілерін тоқтата тұру немесе олардың күшін жою жөніндегі құқығын, сондай-ақ аудан және ауыл әкімдерінің лауазымдарынан босату құқығын алып тастауға байланысты өзгерістер жоспарланып отыр. Президенттің мұндай өкілеттіктері жойылады. Бұл реформа жергілікті өкілді және атқарушы органдардың күшеюіне және тұтастай алғанда, саяси жаңғыртуға ықпал етуі тиіс", – деді ведомство басшысы.

 

"Тиісті заңдар жыл соңына дейін қабылданады"

Әділет министрінің пікірінше, Президент өкілеттіктеріне қатысты жоспарланған реформалар саяси бәсекелестік пен мәдениетті дамытуға, өңірлердің дербестігін дамытуға, мемлекеттік аппаратта кадрлық бәсекелестікті қалыптастыруға ықпал етеді.

"Бұл бастамаларды іске асыру үшін "Қазақстан Президенті туралы" Конституциялық заңына және басқа да бірқатар заңға өзгерістер енгізу керек. Тиісті заң жобаларын Парламенттің қарауына енгізу биыл тамызда, ал оларды қабылдау жыл соңына дейін жоспарланған. Аталған барлық заң жобаларын әзірлеу заң шығару процесінің барлық сатысында кеңінен жария талқылаумен жүріп жатыр.Атап айтқанда, "Ашық НҚА" порталында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыруға бағытталған конституциялық заң және заң жобаларының консультативтік құжаттары жарияланды", – деп түйіндеді сөзін Қанат Мусин.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу