Министрді ресейлік өндірушіні қолдады деп айыптауда

7336

Жуырда елде жұмыртқа күрт қымбаттауы мүмкін.

Министрді ресейлік өндірушіні қолдады деп айыптауда

Отандық құс өнімдерін өндірушілер Ауыл шаруашылығы министрлігінің тірлігін қатаң сынға алып отыр.

Орал құс фабрикасының өкілдері биылға дейін мемлекет салаға салмақты қолдау көрсетіп келгенін айтады. Алайда енді құс шаруашылығын субсидиялау жалпы алғанда, тоқтауда. Сондықтан кәсіпкерлер өз өнімдерінің бағасын қымбаттатуға мәжбүр. Дегенмен, әзірге оған құқығымыз жоқ дейді.

Оның үстіне ел Президенті Үкіметке таяудағы кеңейтілген отырыста азық-түлік бағасын қымбаттатуға жол бермеуді қадап тапсырған, тиісінше, кәсіпкерлерге баға көтеруге шектеу қойылыпты.

"Біздің өнімді әлеуметтік маңызды өнімдер тізімінен алып тастаса, сөйтіп, бақылауды жойса, онда бағамызды да көтере аламыз. Әйтпесе, құс басын азайтуға тура келеді. Бұл жұмыс орындарының кемітілуіне де соқтырады", – деді құс фабрикаларының өкілдері.

Олар егер саланы қолдау қайта жалғаспаса, ішкі нарықты Ресей, Беларусь және басқа ел өндірушілері ен жайлайтынына сенімді.

Ал "Көгер ЛТД" құс фабрикасы мен "Ломанн-Жетiсу" асыл тұқымды репродукторы жетекшілері Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа қатысты шағым жолдады. Онда ведомствоның ресейлік өндірушіге қолдау көрсетіп келе жатқаны айтылады.

"Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында жұмыртқалық құс шаруашылығы бағытында небары 3 асыл тұқымды репродуктор жұмыс істейді. Бұлар – Алматы облысындағы "Ломанн–Жетiсу", Жезқазғандағы "Племптицеторг" және Қарағанды облысындағы "Құрма". Елімізде тәуліктік балапан өндірісінің 30%-ынан азын отандық өндірушілер қамтиды. Қалған 70% – импортталады. Бұл жағдай түбірімен дұрыс емес, отандық құс шаруашылығына қажетті балапандарды өз мемлекетімізде өндіруіміз керек. Бұған қуатымыз жеткілікті. Алайда біз бүгінде Ресей Федерациясынан тасылып жатқан тәуліктік балапандар субсидия алып жатқанына куә болудамыз", – дейді "Ломанн-Жетiсу" ЖШС басшысы Светлана Иванова.

Асыл тұқымды әр балапан басына 600 теңгеден судсидия беріледі.

АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов бұл айыптаулармен келіспейді.

"Қазіргі кезде құс шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекет бірқатар субсидиялау шараларын қарастыруда. Мысалы, өткен 2019 жылы бекітілген Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына сәйкес, сатып алынған етті бағыттағы және жұмыртқа беру бағыттағы тәуліктік балапан үшін субсидиялар беріледі.  Бұл ретте осы субсидияны тек отандық құс фабрикалары ала алады. Егер ресейлік балапандар үшін субсидия алғысы келсе, ол балапандардың ата-енелері, яғни тауық пен қораз Қазақстан аумағында орналасуы және асыл тұқымдық куәлігін тану рәсімінен өтуі шарт. Оған Құс шаруашылығының республикалық палатасы асыл тұқымды құс мәртебесін беруі тиіс", – деді Еркебұлан Ахметов.

Бірақ Светлана Иванова бізде емес, Ресей аумағында орналасқан репродукторлардағы тауық пен қораз түлектері қазақстандық республикалық палатада тіркеліп алғанын айтады.

"Осыдан сұрақ туады: отандық өндірушілерді ғана қолдаймыз дегені қайда? Бәсекелес саналатын Ресей асыл тұқымды шаруашылықтарын дамытудың керегі қанша? Өз елінде де, бізде де қуатты қолдау көретін олармен енді қалай тең бәсекелесе аламыз? Неге РФ асыл тұқымды шаруашылықтары өз құс үйірін Қазақстанның асыл тұқымды палатасында тіркеп алуына жол берілген?" – деп алаңдайды өндірушілер.

Бұл сұрақтардың көбіне жауап жоқ. Жауап тексеру барысында анықталар еді, алайда ондай тексеруді бастау жауапты ведомствоның жоспарында жоқ.

Оның орнына Ауыл шаруашылығы министрлігі 2019 жыл соңында асқа тұтынылатын жұмыртқаны субсидиялауды тоқтататынын мәлімдеді. Бұған бірнеше себеп алға тартылды, бастысы – мемлекеттік қаражат салу тиімсіз делінді.

Салдарынан мысалы, жалғыз қостанайлық құс фабрикалары ғана 1 миллиард теңге қолдаудан қағылмақ. Өңірде солтүстік көршінің нарығын қоса игеріп отырған 3 ірі фабрика бар. Олар жылына 420 миллион дана жұмыртқа өндіреді. Оның 122 миллионын ғана облыс тұрғындары тұтынады. 188 миллионын еліміздің өзге өңірлері тасып әкетеді. Тағы 110 миллион жұмыртқаны Ресейге экспорттайды. 

"Салаға берілген мемқолдау тиімсіз деген шенеуніктердің байламымен келіспейміз. Мұны айтып отырғандардың өздері сауатсыз. Құс шаруашылығы – шетелдік нарықтарды табысты игеріп жатқан азғантай саланың бірі. Еңбек өнімділігі де жоғары: саладағы әрбір жұмысшыға шамамен 20 миллион теңге өнімнен келеді", – дейді "Жас Қанат-2006" фабрикасының директоры Қайрат Маишев.

Былтыр бұл кәсіпорын сатылған әрбір жұмыртқасы үшін бюджеттен 3 теңге субсидия алыпты. Бұл жұмыртқаның өзіндік құнының 15 пайызын жапқан екен. 2019 жыл қорытындысында осы құс фабрикасы 265 млн дана жұмыртқа шығарды.

Әйткенмен, шенеуніктер кейбір кәсіпорындар неғұрлым көп демеуқаржы алу үшін өндіріс көлемін жасанды ұлғайтады деген пікірде. Бұған жауап ретінде құс фабрикалары АШМ таңдаған кез келген аудит компаниясының тексерісінен өтуге әзір. Ведомство бұл бағытта да қадам жасауға құлықсыз. Демек, текетірес пен толқу жалғаса беретінге ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу