Қазақстанның құс еті ішкі нарықтың 60%-ын қамтиды

Үш-төрт жылдың ішінде еліміз шетелден келетін құс етіне тәуелді болмайды.

Қазақстанның  құс еті  ішкі нарықтың 60%-ын қамтиды

ҚР Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында құс еті 5,4%-ға қымбаттады. Оған дейінгі жылдары да баға тұрақты түрде өсіп келгені белгілі. Бұған себеп, құс етінің 50% -ы елімізге Ресей мен Беларусь елінен әкелінеді. Әйтсе де, алдағы жылдары бұл олқылықтың орны толуы мүмкін. Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шарипов жыл соңына дейін отандық құс фабрикалары ішкі нарықтың 60%-ын қамтитынын айтты. Бұған басты себеп  жақында "ҚазРосбройлер" құс фабрикасының жұмыс істей бастауы.

"Бұл өндіріс орны 6 жыл бұрын ашылып, түрлі қиындықтарға байланысты жабылып қалған. Қазір жаңа инвесторлар келді. Енді кәсіпорын жылына 30 мың тонна құс етін нарыққа шығарады. Одан бөлек тағы 3-4 инвестор бар. Олар да осы бағытта фабрика ашуды көздеп отыр. Сондықтан, соңғы 3-4 жылда біз құс етімен Қазақстанды толықтай қамтамасыз ете аламыз", – деді Руслан Шарипов.

Бірақ оның айтуынша бұл салада әлі де бірқатар мәселелер шешілуі керек. 

"Қазіргі кезде бізде құс "тұқымдары" жоқ. Оларды шетелден алдырамыз. Бұдан бөлек құрал-жабдықтар мен қажетті дәрумендер де өзге елден келеді. Бізде жемнен басқа ештеңе жоқ десе де болады. Сондықтан, Ресей, Беларусь сынды елдермен бәсекелес болу оңай емес", – дейді одақ президенті.

Қазіргі кезде құс өсіру саласын дамыту бағдарламасы жасалыпты. Соған сәйкес, елімізде құс фабрикаларын салудан бөлек, қанаттыларға арналған дәрумендер мен вакциналар шығаратын биозауыт ашу жоспарлануда. 

"Қазір бізде жемге қосатын дәрумендер шығаратын 3-4 кәсіпорын бар. Бұл кәсіпорындар жыл сайын өндіріс көлемін арттырып келеді. Болашақта олар 100% қажеттілікті өтеуі мүмкін. Сонымен қатар, екінші реттік "асыл тұқымды" екі құс фабрикасы жұмыс істейді. Бірақ бізге бірінші реттік фабрикалар қажет", – деді Руслан Шәріпов.

Бірінші реттік фабрикалар  екінші реттік фабрикаларға арнап "асыл тұқымды" өнім мен  гибридтік  формалар шығарады. Ал екінші реттік өндіріс - аталық пен аналықтарды қосып, гибрид жұмыртқалар алуға негізделеді. Нәтижесінде олар құс фабрикаларының инкубациялық цехтарына жеткізіледі. Осылайша Қазақстанда құстарды репродукциялау шетелден келетін құстарға тәуелді болып отыр. 

"Біздің "Алатау" деген мекиен тауығымыз болған. Ол біздің климатқа бейімделген еді. Шетелден келетін тауыққа уақытында су бермесең, айлап жұмыртқа ала алмайсың.  Ал "Алатау" күннің суығында да, ыстығында да өнім беретін. Қазір бұл мекиен тауығымызды Башқұрстанда  өсіреді. Олар бұл тауық тұқымын ауыл шаруашылығы құлдыраған жылдары алып кеткен", – деп атап өтті одақ басшысы.

Жақында  Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров 2021 жылы Қазақстан 300 мың тонна  құс етін дайындап, нарықтағы сұранысты толықтай қамтитынын айтқан. Егер министрдің айтқаны орындалса, құс еті нарығы 50%-дық импортқа тәуелділіктен арылып, баға тұрақтауы мүмкін. Өйткені отандық құс етінің құны Ресей мен Беларусьтен төмен.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу