Максим Божко субсидия үшін статистиканы өзгертуді сұрады

9177

Жұмыртқа дауына Роман Скляр төрелік айтты.   

 Максим  Божко субсидия үшін статистиканы өзгертуді сұрады

Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа мәжілісінде жұмыртқаға берілетін субсидияның тоқтатылуы кішігірім дау туғызды. Бұған дейін ведомство Қазақстанның ішкі нарығы тағамдық жұмыртқамен 100 пайыз қамтамасыз етілгенін алға тартып, бір жұмыртқаға 3 теңгеден төлейтін субсидияны тоқтатқан болатын. Бұған жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының басшысы Максим Божко бастаған бір топ кәсіпкер наразылық білдірді. Максим Божконың айтуынша, ресми статистикада өндірілген жұмыртқаның саны асыра көрсетіліп, соның кесірінен кәсіпкерлер тиісті сыбағадан шет қалған.

"Біз былтыр 500 млн жұмыртқа экспорттадық. Ал кеше министрліктегілер 1,4 млрд жұмыртқа экспортталды деген ақпарат айтты. Бұл шындыққа жанаспайды. Ол сандар статистика комитетінен алынған. Аталмыш деректерде былық көп. Біз өзіміз барлық құс фабрикаларынан мәліметтер жинап шықтық. Соның негізінде бір жылда 500 млн жұмыртқа экспортталды деген ресми ақпарат шығаруға болады. Яғни қазір айтылған санннан 3 есе аз деген сөз", – деген кәсіпкер жергілікті әкімдіктер елдің кепесіндегі тауықты дұрыстап санамайды деп қынжылды.

"Қазақстандағы жеке шаруашылықтар жылына 1,2 млрд жұмыртқа өндіреді деп айтылып жүр. Ол да жоқ. Ауыл шаруашылығы  министрлігі елдегі тауық санын қайта санап, реттеуі керек деп баяғыдан айтып келеміз. Жергілікті әкімдіктерге кепедегі тауықты санау қаншалықты қиын? Қазір бәріміз жұмыртқа шаруашылығының жағдайы жақсы деп жүрміз. Бірақ одан кәсіпкерге пайда бар деп қайсыңыз сұрадыңыздар? Бізде шешім министрліктің кулуарында қабылданады. Мен ресми түрде мәлімдеймін. Құс шаруашылығында кіріс жоқ. Жұмыртқа шаруашылығына инвестициялық субсидия берілмейді. Жеңіл несие атымен жоқ. Жұмытрқаның өзін өңдеуіміз қажет болған. Оған инвестициялық субсидия жоқ", – деді ол.

Министрдің бұған жауабы дайын болып шықты.

"Статистикаға сенбеймін деп отырсыздар. Оны берген өздеріңіз. Жұмыртқа өндірушілерден алынған есеп бойынша жасадық. Ешкім ойдан шығарған жоқ", – деді Сапархан Омаров.

Бұл жауапқа Максим Божко ол есептерде қателік кетті деген уәж айтты.

"Демек есеп қате берілген.Сол қателерді дұрыстап, қайта өзгертулеріңізді сұраймыз", – деді ол.

Кәсіпкер министрлікті Қытай нарығына жол ашпай отыр деп те жазғырды. Ал ел ішінде жұмыртқа саудасынан табыстың көбін делдалдар иемденетін көрінеді.

"Екі жыл болды. Қытай экспортына жол ашуды сұрап келеміз. Ірі қара  мен шошқа етіне жол ашумен бәрі айналысты да, жұмыртқа жайына қалды. Оны қойып ішкі нарықты да реттей алмай отырмыз. Саладағы делдалдар өндірушілерден көп табыс алады. Жұмыртқа өндірушілер тым көп субсидия алады дейсіздер. Біз 100 млрд теңгенің өнімін шығарамыз. Ал оған төленетін субсидия көлемі 10 млрд теңге ғана. Бұл 10% деген сөз", – деді Максим Божко.

Қызды-қыздымен Максим Божко министр Сапархан Омаровқа талап қойды.

"Бүкіл әлемде ауыл шаруашылығы субсидиямен күн көріп отыр. Ал біз 10% деген көп дейміз. Былтыр АҚШ фермерлерінің жалпы табысының 30%-ы субсидия мен сақтандыру түрінде мемлекеттік қолдаудан түскен. Ресей мен Беларусь тұрғанда нарықты қалай игереміз? Беларусь елінде кәсіпорындардың барлығы дерлік мемлекет меншігінде. Ресейде қолдау тетіктерін губернатор реттейді. Одан да шекараны жауып алайық. Ал жаба алмайды екенбіз, мемлекеттік қолдау көрсетіңіздер. Ресми түрде жұмыртқаға субсидия беруді доғару туралы шешімді қайта қарауды талап еткім келеді. Егер ақша аз болса, субсидия көлемін өзгертіп, 3 теңгеден 2 теңгеге түсірейік. Ал субсидияны тоқтатсақ, бәріне бірдей тоқтатайық. Ертең көреміз, кімнің қанша өнім шығарғанын. Біреуге субсидия беру керек, біреуге бермеу керек деген болмайды", – деді кәсіпкер.

Сапархан Омаровтың айтуынша, жұмыртқа өндірушілер 10 жыл бойы үздіксіз субсидия алып келген. Енді ол ақша ауыл шаруашылығының кенже қалған салаларына бағытталмақ.

"2021 жылға арналған бағдарламаны ешкім өзгерткен жоқ. Барлық бағыт сол күйінде қалды. Елімізде бірнеше өнім бойынша тапшылық бар. Бұрын бұл бағыттарға көңіл бөлінбей қалған. Сіздер 10 жыл бойы үздіксіз субсидия алып келдіңіздер. Енді соларға басымдық беру керек деген шешім қабылданды. Өйткені бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігімен тікелей байланысты", – деген ведомство басшысы кәсіпкерлер министрліктің шешіміне БАҚ пен мемлекеттік органдар арқылы ықпал еткісі келеді дегенді айтып қалды.

"Біз сізге бұл субсидияның орнына басқа ұсыныс беріңіздер дегенді айтқан едік. Жұмыртқаны терең өңдеу бойынша жоба ұсыныңыз дедік. Әкелем деп алып, келмей кеттіңіз. Енді БАҚ пен мемлекеттік органдар арқылы әсер еткіңіз келеді", – деді Сапархан Омаров.

Алқа мәжілісінің екеуара диалогқа айналып бара жатқанын көрген Вице-премьер Роман Скляр дауға өзі төрелік айтты.

"Бұл бағыттағы үкіметтің саясатына келсек, бір ғана саланы үздіксіз субсидиялай беру мүмкін емес. Ішкі нарықты 100% қамтамасыз ететін деңгейге жеттіңіздер. Енді біртіндеп етті құс шаруашылығына өтіңіздер. Ол үшін өндірісті дамытуға арналған инвестициялық субсидия бар, ғылыми зерттеулер мен экспорт шығындарын азайтуға арналған субсидиялар бар. Бұл саланы мемлекет қараусыз қалдырайын деп отырған жоқ. Министрліктің де, Үкіметтің де ұстанымы осы", – деді Роман Скляр.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу