Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 2,7 млрд теңге бөлінді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
8136

Алайда нақты нәтижеге қол жеткізілген жоқ.   

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 2,7 млрд теңге бөлінді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурыз күні Қазақстан халқына арнаған мәлімдемесінде төтенше жағдайдан жапа шекпеу үшін ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге демеу ретінде бюджеттен 70 млрд теңге бөлінетінін жариялады. Бұған қоса көктемгі егіс науқаны үшін "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша 100 млрд теңге бөлінетінін айтты.

"Ең алдымен, шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсеткен жөн.

Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын 15%-ға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылады", – деді Мемлекет басшысы.

Бұл бастама мұнай секторы сыр беріп жатқан тұста және одан кейінгі уақытта агроөнеркәсіптік кешен мен тамақ өнеркәсібінің дамуына ықпал етеді. Президенттің пайымынша, агроөнеркәсіптік кешен экономиканың драйверіне айналуға тиіс.

Соңғы 3 жылда агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға республикалық бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінген. Өкініштісі, қомақты қаржы құмға сіңген судай жоқ болып кеткен.

Былтыр KPMG халықаралық аудиторлық компаниясы атышулы "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі қызметкерлеріне 2 млрд теңге сыйақы бергенін, холдинг 2013-2017 жылдар аралығындағы қарызынан құтылу үшін шетелдік банктерден валютамен қарыз алғанын әшкереледі. Ал "ҚазАгро" ҰБХ басқарма төрағасы Ербол Қарашүкеев жағдайды дұрыстау үшін алдағы 10 жылға арналған даму стратегиясы қабылданғанын алға тартып, биылдан бастап компания тиімді қаржы институтына айналатынын айтты.

"ҚазАгро" еншілес компанияларын қысқарту арқылы 2 млрд теңге үнемдейді. Трансформациялану аясында аграрлық-өндірістік кешен өнімі экспортының көлемі ұлғайтылады, өндіріске жаңа инновациялық технологиялар енгізіледі, сонымен қатар ауылдардағы жаңа бизнес бастамаларға серпін беріледі. Нәтижесінде холдинг 2020 жылдан бастап табысқа жұмыс істей бастайды", – деді Ербол Қарашүкеев.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық басқарушы холдингтің еншілес компанияларын қысқартып, операциялық шығындарды азайтуды және бюджет қаражатын тиімді пайдалануды тапсырған болатын.

Өткен айда "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ басқарма төрағасы Нармұхан Сарыбаев саланы несиелендіруге бөлінген 11 млрд теңгені "Хоумкредит" банкінің депозитінде заңсыз сақтағаны үшін істі болды. Осының барлығы ауыл шаруашылығы саласының былыққа белшесінен батып отырғанын көрсетеді.

Ауыл шаруашылығы саласындағы сәтсіз реформалар бюрократиялық кедергілерді қаптатып жіберді. Салдарынан агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау шараларының шәт-шәлекейі шықты. Бұл туралы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов: "Кәсіпкерлер үшін субсидия қолжетімсіз. Олар демеуқаржыны қажет кезінде ала алмайды. Осының кесірінен

екінші деңгейлі банктерге қарыздарын өсімпұлмен қайтаруға мәжбүр болады. Субсидия үлестіру кезінде қаржы институттары ірі агрохолдингтерге басымдық береді. Шағын және орта шаруа қожалықтары ірі агрохолдингтер бөліп алғаннан қалған мардымсыз субсидияны қанағат тұтады. Оның өзі қолға кешігіп тиеді", – деді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу