Сергелдеңге салған субсидия

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
8136

Шаруалар Qoldau.kz  электронды жүйесін қолдамайды. 

Сергелдеңге салған субсидия

Биыл ауыл шаруашылығы саласы субсидияға қатысты екі қиындықпен бетпе-бет келді. Мәселе субсидия көлемінің қысқаруынан және бөлінген қаржының шаруалардың қолына тимеуінен туды.

Естеріңізге салайық, қаржы министрлігі 2019-2021 жылдарға арналған бюджетке толықтыру мен өзгеріс енгізілгенде ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығын субсидиялауға сұраған 36,5 млрд теңгесін қысқартып тастады. Бұл қадамға не үшін барғандарын қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов: "Бюджетті нақтылау және сараптау кезінде ауыл шаруашылығы министрлігі субсидияның тиімділігін дәлелдейтін құжат ұсынған жоқ. Сондықтан біз 36,5 млрд теңгені қысқарту туралы шешім қабылдадық", – деп түсіндірді.

Заңға сәйкес, асыл тұқымды мал шаруашылығын қаржыландыру мәселесін жергілікті билік шешеді. Биыл осы мақсатқа 77,7 млрд теңге қарастырылған.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың сөзінше, өткен айда Ақмола, Ақ­төбе, Алматы, Шығыс Қазақ­стан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарында қаражат толық игерілгені анықталған.

"Облыстардан 36,5 млрд теңгеге 18 мыңнан астам ауыл шаруашылық тауарын өндірушінің өтінімі келіп, субсидиялаудың ақпараттық жүйесіне тіркелді. Осыған орай министрлік бюджеттік өтінім аясында мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауға республикалық бюджеттен 36,5 млрд теңге қосымша қаржы сұрады. Республикалық бюд­­жет комиссиясы өтінішті қанағаттандырған жоқ", – деді министр.

Бұл – бірінші мәселе. Енді, екіншісіне тоқталайық.

Естеріңізде болса, биыл шаруаларға субсидия үлестіру ережесі өзгерді. Ережеге сәйкес, Qoldau.kz электронды жүйесіне өтінім жолдаған азаматтарға ғана субсидия алу мүмкіндігі берілетін болды. Бұл – талап жағдайды ушықтырып жіберді.

Ең әуелі Ақтөбе қаласында санкцияланған шеру ұйымдастырылды. Оған Жезқазған, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Орал қаласынан келген 100 шаруа қатысты. Олар субсидия көлемінің қысқаруына және бөлінген қаржының  қолдарына тимегеніне наразылық білдірді.

"Субсидияға қатысты мәселе туындаған соң мал басын азайтуға, жұмысшыларды жұмыстан босатуға мәжбүр болдық. Бұған дейін жем-шөпке, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға 3-4 млн теңге субсидия алатынбыз. Соңғы уақытта субсидия көлемі қысқарып қалды. Қазір 1 млн теңге шамасында субсидия алып отырмыз. Бұл қаржы жанар-жағармай шығынын жабудан артылмайды", – деді батысқазақстандық шаруа Жолдас Байқатов

Жергілікті шенеуніктер мәселені шеше алмай отырғандарын мойындады. Олардың айтуынша, шаруа қожалықтары алдындағы қарыз 3,7 млрд теңгеге жеткен. Қомақты қаражат "Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы" аясында бөлінуге тиіс болған.

"Үкімет міндетін орындаған жоқ. Біз шаруаларға қарыз болып қалдық. Қазір мәселені шешудің жолдары қарастырылып жатыр. Үкімет шаруаларға субсидияны 2020 жылдың басында беруі мүмкін", – деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Панабек Бимұратов.

Оның сөзінше, Ақтөбе облысында 7500-ден астам шаруа қожалығы бар. Оның 80%-ы мал шаруашылығымен айналысады.

Шығыс Қазақстан облысының шаруалары Qoldau.kz электронды жүйесін қолдамайды. Себебі облыстағы 50 ауылда интернет дұрыс істемейді. Ал субсидия алу үшін Qoldau.kz электронды жүйесіне өтінім қалдыру қажет.

"Интернет жоқ болса электронды өтінім қалай жасалады? Интернеті бар жерден өтінім жасағандардың да мәселесі шешілген жоқ. Себебі Qoldau.kz электронды жүйесі қайта-қайта істемей қала береді", – деді "Шалабай" ЖШС бас директоры Қуаныш Сүлейменов.

Оның мәлімдеуінше, қазір шаруалар малдарын сойып сатып жатыр. Себебі субсидия алмаған, ал банк берген қарызды қайтару керек.

"Лада" шаруа қожалығының басшысы Александр Романов субсидияны толық көлемде алған. Бұл туралы ол: "Жасыратыны жоқ, түн ұйқымызды төрт бөліп жүріп, Qoldau.kz электронды жүйесі арқылы субсидияға құжат тапсырдық. Бір қызығы, бағдарлама түнгі 23.50-ден бастап 15 минут дұрыс жұмыс істейді. Құжаттарды осы уақыт аралығында тапсырып үлгердік. Алдағы уақытта да осылай болатын болса талай шаруаның жүйкесі жұқарып, діңкесі құритын сияқты", – деді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу