Министрдің "өтірігі" әшкереленді

23413

"Цифрлы Қазақстан" бағдарламасының сапасы сын көтермейді.  

Министрдің "өтірігі" әшкереленді

Сенат төрағасы Дариға Назарбаева төтенше жағдай мемлекеттік ақпараттық ресурстар мен электронды қызмет көрсету саласында күні бүгінге дейін шешілмеген мәселелер бар екенін анықтағанын айтты. 
Дариға Назарбаеваның сөзінше, "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын шұғыл түрде қайта қарау қажет. 

"Қазір осы жағдай мен бюрократиялық формализм барлығының аузында жүр. Сын сағатта мемлекеттік ақпараттық ресурстар мен электронды қызметтерде проблемалар қордаланып тұрғаны көрініп қалды. Дағдарыс бетін ашқан проблемаларды ескере отырып, "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын шұғыл түрде қайта қарау қажет", – деді.

Айта кетейік, бұдан біраз бұрын Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы жүзеге сәтті асырылып жатқанын, еліміздің 117 қаласы мен 3 324 ауылы кең жолақты интернетпен қамтылғанын, оның ішінде 3169 ауылға 3G және 4G мобильді кең жолақты интернет тартылғанын мәлімдеген. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, телекоммуникациялық инфрақұрылымды, инновациялық экожүйені және адами капиталды дамыту, экономика салаларын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндап, 250-ден асатын тұрғыны бар елдімекендердің барлығы жыл соңына дейін жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен қамтылады деп уәде берген. 

Айтпақшы, Асқар Жұмағалиев төтенше жағдай кезіндегі интернет желісі мен электронды үкімет порталының сапасыз қызметі туралы баяндағанда электронды үкімет порталына сағатына 15 млн өтініш түскенін, салдарынан жүйе жүктемені көтере алмағанын айтып ақталған. 

"Халыққа қызмет көрсету орталықтары жабылғаннан кейін, электронды үкімет порталының жүктемесі артты. Осы уақыт аралығында 1 миллионнан  астам электронды-цифрлы қызмет көрсетілді. Әдетте порталға бір сағатта 600 мың өтініш түсетін, төтенше жағдай кезінде бұл жүктеме сағатына 15 миллионға дейін жетті", – деді Асқар Жұмағалиев. 

Министрдің бұл сөзіне сала мамандары сенген жоқ. Сенбегендіктен болар ІТ кәсіпкер Тимур Бектұр министрге әлеуметтік желі арқылы төмендегідей хат жазды: "Құрметті, Асқар ағай! Сіздің Қазақстандағы сандар мен цифрлар әміршісі екендігіңізге құлдық ұра отырып, әрбір ақпаратыңызға зер сала қарайтынымызды айта кеткім келеді. Сондықтан да "Қазір еговқа 15 000 000 АДАМ кіріп жүр"  деген сөзіңізге шарх жасауыңызды өтінемін. Сізге бұлай үшбу фейсбухат жазуға себеп болған дүние мынау еді. Қазақстанда 18,6 млн бас пен құлақ бар делінеді. Әрине, адами. Шенеуніктерді қоса алғанда. Бас бармағыңызды бір деп бүгіңіз. Осы жерде сіздің орынбасарыңыз Абылай мырзаның бір сұхбатында берген мәліметіне сәйкес, "2019 жылдың қорытындысы бойынша, интернет қолданушылар көрсеткіші - 81,3% болды" деген гәбіне келгенде екінші саусақты бүгіңіз. Ал енді осы жерде, қызық басталады. Өзі сол 18,6 млн халықтың 81%-ы интернетпен қамтылды деген сөз - 15 млн адам интернетпен қамтылды деген сөз.  Яғни, "Дәл қазір еГовта 15 млн адам отыр" дегенде, 42 500 теңге жәрдемақы алу үшін дәл қазіргі таңда сіз де еговта отырсыз ба? Бәлкім 15 млн Users емес, Page view шығар? Әлде Sessions болар?

XXI ғасырды, жаңа заманның технологиясын пайдаланып, қазіргі өздеріңіз күнде айтып жүрген ашықтықты іс жүзінде қолданып, Google Dashboard арқылы EgovKZ сайтының біз көруге болатын Google Analytics мәліметін шығарып берсеңіз қалай болады? Сонда сізді әуре-сарсаңға салмай, өзіміз-ақ қарап отырар едік.
Негізі ол емес айтқым келгені, Асқар мырза. Анау #ЦифрлықҚазақстан деген бағдарламаны жүзеге асыру үшін нақты қанша қаражат кеткенін білмеймін, бірақ 2018-2019 жылдары 35 млрд-қа атқарылмақшы болған жұмыстардың арасында "Халықтың ІТ сауатын арттыру" деген пунктке өз басым телеграм канал ашып тегін үлес қосып жүр едім. Міне, мына жақта: https://t.me/timurdaninfo Соған бір қайтсем де адам жинай алмай қойдым. Не пәлесі бар екенін..."

Енді, хаттың соңындағы пост скриптумға назар аударыңыз.  "БАҚ-та тараған "15 млн адам еговқа кірген" деген сөз дұрыс интерпретация жасалмағаны анықталды. Бұл жерде ҚР цифрлық даму министрі келесіде қазақша да дұрыстап айту қажеттігін көрсетті. Себебі мен өзім тексерген кезде шенеуніктің "В какой то момент было на портале 15 млн одномоментных сессий" дегенін байқауға болады. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл - "Еговқа 15 млн АДАМ кіріп жүр" дегенді білдірмейді. Сессия деп тұр. Яғни бір адам бірнеше сессия жасайды, тіпті бір адам бірнеше құрылғыдан бірнеше сессия жасайды. Сондықтан, ол кісінің сөзі енді маған түсінікті...", – деді Тимур Бектұр. 

Біз министрді күстаналаудан, оның атқарған жұмысын жоққа шығарудан аулақпыз. Тіпті оған қазақша мәтінді қате жазып берген спичрайтерлерге де өкпеміз жоқ. Бірақ бір анық бар. Шынымен "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасының сапасы сын көтермейді. Бұл біздің емес, Сенат төрағасы Дариға Назарбаеваның ойы. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу