Ауыл шаруашылығы министрлігі "Астық, майлы дақылдар және бұршақ дақылдарын өндірушілерге арналған сауда стратегиясы бойынша рекомендацияларды" жариялады. "Дәнді және майлы дақылдар. Қазақстан" зерттеу бюросы әзірлеген осы ұсынымдар нарықта қалыптасқан бағаның тиімді-тиімсіз болғанына қарай егіншілерге қалай қимылдауға болатыны жөнінде кеңес береді.
"Ұсынымдар үш әрекеттен тұрады. Тоқтат – тауарды ұстап тұра тұр дегенді білдіреді. Яғни, нарықта жоғарылау бағамен сату мүмкіндігі пайда болғанша сауданы тоқтата тұру керек. Қажеттілігіне (шамасына) қарай – техникалық, қаржылық қажеттіліктер туындаса, мұқтаждыққа қарай сату. Бұл жағдайда операциялық шығындар пайда болуы мүмкін. Сату – тауарды сатуға кеңес беріледі, өйткені таяу перспективада бағаның одан ары өсуі күтілмейді, өнімді сақтау экономикалық тұрғыдан тиімсіз", – деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Бір ғажабы, министрліктің рекомендацияларында дақылдардың көпшілігі бойынша егіншілерге, трейдерлерге "Тоқтат! Стоп!" деген белгі берілген. Атап айтқанда, бюро сарапшыларының ақылына сілтеме жасаған ведомство: 3 сыныпты (23, 25, 28 клк) жұмсақ бидай түрлерін, дурумның екі түрін (прот 14+, 15+), сондай-ақ мақсары-сафлордың, сояның, жасыл бұршақтың, қара қышаның (горчица черная), ақ қышаның, қызыл жасымықтың, жасыл жасымықтың (чечевица) сатылымын тоқтатуға шақырды.
Неге "тоқтат!" деп отыр? Өйткені нарықта сұраныс мол. ElDala порталының хабарлауынша, биыл Қазақстанда рекордтық астық жиналады деп болжануда. Сондықтан ол астықты рәсуаламай, іріп-шірітпей, қар астында қалдырмай дер кезінде жинау, қамбаға құю, элеваторларға жеткізіп кептіру, қоймада дұрыс сақтау, өңдеу, уақытында шетелге экспортқа шығару сияқты сан-салалы проблемалар бас көтеруде.
Логистикалық-қоймалау тізбектерінің барлық буыны нақты, қарқынды, әрі кідіріссіз жұмыс істесе ғана трейдерлер астықты ішкі және жаһандық нарықтағы сатып алушыларына уақытылы жеткізе алады.
Егер жүйе бұзылып, ақау туындап, күткен-күтпеген кедергілер қаптап шықса, Ауыл шаруашылығы министрлігіне ары қарай да "Стоп!" деуіне тура келмек. Ел ішінде қордаланған, орнын таппаған басыартық өнім ішкі бағаларға теріс әсер етіп, алтын астықтың құнын түсіреді. Астықшыларға сату тиімсіз болады, сатса, оны өсіруге кеткен шығынын, кредиттерін, салығы мен жалақыларын өтемейді. Ақыр соңында фермерлердің қызметін табыссыз етіп, оларды банкроттыққа ұшыратады.
Халықаралық астық кеңесінің бағалауынша, биыл Қазақстанда жиналатын бидай көлемі 16 миллион тоннадан көп болуы мүмкін. Бірақ қазақстандық сарапшылар осы жылы 20 миллион тоннадан да асады деп жорамалдауда. Негіз бардай: АШМ дерегінше, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша елімізде небары 4,2 миллион гектардан ғана дәнді дақыл жиналды. Жалпы алғанда, биыл 16,6 миллион гектар алқапқа дән себілді.
Орташа өнімділік әр гектардан 15,3 центнерден айналған, тиісінше, кем дегенде 6,4 миллион тонна астық бастырылып болды.
Биылғыға былтырғыдан қалған астық қосылғанда, Қазақстанның экспорттық әлеуеті 10 миллион тоннадан көп асуы мүмкін. Оның бәрін ел ішінде және шетелге тасуға теміржол инфрақұрылымының әлеуеті жетпей қалады деген қауіп айтылуда.
"Құпия емес, Қазақстанның теміржол инфрақұрылымының тар тұстары жетерлік. Оларды кеңейту бойынша жұмыс жүргізілуде. Бірінші кезекте экспорттық және транзиттік жүк тасымалының күрт артуына байланысты Қытаймен арадағы бағыттардың өткізу қабілеттерін кеңейту қажеттілігі туындады. Алайда Қытай қазақстандық астықты көп сатып алмай, шектеп отыр. 5 жыл бұрын біз ҚХР-дан астығымызды қабылдайтын инфрақұрылымын ұлғайтуды сұрадық. Олар сөзімізді жерде қалдырмай, Алашанькоу станциясында үлкен терминал салды. Соның арқасында былтыр біз оған 2,2 млн тонна бидай жеткіздік. Бұл – біздің рекорд болды", – деді Көлік министрлігінің Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Нұржан Келбуғанов.
Қазақстан одан да молын жеткізе алар еді, бірақ осы 2,2 миллионмен шектелген. Салдарынан, Қытайдың алып нарығына айына 150–200 мың тоннадан аспайтын көлемде ғана бидай экспорттай алады.
"Бұл шектеу біздің емес, көршінің, қабылдаушы тараптың инфрақұрылымы кесірінен болып тұр. Сондай-ақ ҚХР меморгандары тарапынан да кедергі қойып, бөгеу жүзеге асырылады. Мүмкіндік берсе, тежемесе, Қазақстан шығыс көршісіне барынша көп теміржол құрамын аттандыруға дайын", – деді Нұржан Келбуғанов.
Астық бойынша еліміздің ең бір ірі нарығы – Өзбекстан. Маманның айтуынша, бірнеше жыл бұрын бұл бағыттағы экспортты тежеген "тар тұсы" Сарыағаш станциясы болатын. Тасымал легі шырқау шегіне жеткенде, ол жерде Орталық Азияға бет алған, астық тиелген 200-ге дейін пойыз ары өте алмай, қаңтарылып тұратын.
"Содан инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді жақсарту бойынша ұсыныстар енгізіліп, түрлі кеңестерде талқыға салынды. Соның қорытындысында Өзбекстан да, Қазақстан да өз жоспарларын жүзеге асырды. Өзбектер өз территориясында, жүктерді кедендік және шекаралық қарап тексеру өткізілетін аймақтарында қосымша темір жолдарды төседі. Төртеу ғана еді, алтауға жетті. Қазақстан жағынан инспекциялық-жете тексеру кешенінің айналма жолы салынды. Бұл бізге бүгінде пойыздарды бір мезгілде қабылдауға және жөнелтуге мүмкіндік берді", – деді Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары.
Жинақтала келе, бұл шаралар станцияның өткізу қабілетін 20 пайызға арттырды. Егер бұған дейін тәулігіне әрі кетсе 28–30 пойыз ғана өңделсе, қазіргі кезде бұл көрсеткіш 38–40 пойызға дейін жеткізілді. Өзбек тарапы 45 пойызға дейін қабылдай алатынын мәлімдеді. Ендеше Қазақстан жағы қосымша шаралар қабылдағаны жөн.
Биыл 45 жылжымайтын құрамды толтыратындай жүк табылмапты. Өйткені санкция астындағы Ресей оқшауланғандықтан оның Қиыр Шығысындағы порттарынан теміржолмен Орталық Азияға тасылатын контейнерлік жүк пойыздарының легі күрт сұйылған. Сондай-ақ Ресейдің Өзбекстанға мұнай транзиті елеулі азайды.
Құбырмен ресейлік газ ала бастаған өзбектер қазақтың көмірін алудан бас тартуда. Егер 2023 жылы Қазақстан өзбек ағайынға 2,3 миллион тонна көмірін өткізе алса, биылғы күзгі-қысқы жылыту маусымында Өзбекстанға 750 мың тонна көмірді әзер сата алды.
"Осының нәтижесінде Сарыағаш станциясында астық тасушылар үшін үлкен мүмкіндіктер ашылып жатыр. Бүгінде Өзбекстанға тәулігіне 18–20 пойыз ғана табыстап жатырмыз. Өзге жүк орнын мол астық басса, пойыздар санын 40-қа дейін көбейте аламыз. Тиісінше, астық тасымалын бірден екі есеге арттыруға мүмкіндік бар. Егер бұрын Өзбекстанға жыл бойы 3,5 миллион тонна бидай ғана жөнелтілсе, енді теміржол бұл ауқымды үш-төрт айда еңсере алады", – деді Нұржан Келбуғанов.
Бұған қоса, 1 миллион тонна бидайды – Тәжікстан, шамамен 500 мың тоннасын – Ауғанстан сатып алып жүр. Оны да арттыруға болады. Тұтастай алғанда, Сарыағаш өтпесі 5 миллион тонна бидайды шекарадан ары өткізуге дайын көрінеді.
Қырғызстан бұрын бізден 500 мың тоннадай бидай алатын. Ол ресейлік арзан бидайға көшіп алды. Биыл РФ астығының транзиті үшін теміржол тарифі өсті. Осылайша, қазақ бидайы қырғыз елінде қайтадан бәсекеге қабілетті бола бастады.
Каспий теңізі айдынымен Әзербайжан мен Грузия арқылы 1,5 миллион тонна бидайды әлемдік нарыққа жеткізуге болады. Жаңа астық терминалдары іске қосылып жатқандықтан, бұл әлеует 3,8 миллион тоннаға артқалы тұр. Әйтсе де, сарапшылар бұл бағытта әзірше қазақ бидайына деген сұраныс жоқтығын айтады. Қазақ астығы алыс нарықтарға жеткенше, бағасы удай қымбаттап, бақталастарына ұтылады. Бюджет тапшылығының рекордқа жетуіне байланысты Үкімет тасымал шығынын субсидиялаудан басын ала қашуда.
Иран бізден мол астық алғысы келеді, бірақ ол санкция астында болғандықтан Қазақстандағы сатушыларға төлемі өтпейді екен. Санкция астындағы Ресей сияқты айналма схемаларды Қазақстан жолға қоймаған.