2025 жылдың бастапқы айында, қаңтарда ғана Қазақстанда мал ұрлығымен айналысатын жаңа 10 қылмыстық топ әшкереленді. Ұрланған 450 малдың 134-і ғана иелеріне қайтарылды. Қалғаны базарларға, өзге сөрелерге өнім түрінде түсіп, соғымға айналып, ет болып асылып та кеткен.
Мысалы, Polisia.kz жазуынша, қылмыскерлер бүгінде айғақзаттарды жасыру, астыртын қимылдау тәсілдерін жетік меңгерген. Мысалы, қылмыстық топтың мүшелері ауылда қойшы, бақташы, жылқышы болып жалданады, осылайша, сыбайлас қылмыскерлерге қажетті "инсайдерлік" ақпараттарды уақытылы ұсынып тұрады.
Сондай-ақ, адам аяғы баспайтын қиянда ұрланған малдардың терілері көміліп келген тұтас "қорымдар" табылуда. Тергеу, тінту барысында олардан ұрланған малдың көмілген терілері, бастары және басқа бөліктері табылды.
БҚО-да полиция қызметкерлері мал ұрлығымен айналысқан Жәнібек ауданының екі тұрғынын құрықтады. Күдіктілер ұрланған малдың етін облыс орталығына тасымалдау кезінде ұсталған. Көлікті тексеру барысында еркін жайылымнан жымқырылған екі сиырдың сойылған еті табылды. Олардың басын лақтырып үлгермепті. Солар арқылы сиырлардың Жәнібек ауданының тұрғынына тиесілі екені анықталды.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктілердің бірі бұған дейін де аудан аумағында мал ұрлығын жасағаны белгілі болды. Олар ұрланған малдың етін сатып, айғақзаттар ретінде терілерін Сарыөзек өзенінің көпірінің астына тығып отырған. Қазіргі уақытта мал ұрлығы бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іс материалдары сотқа процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберілді.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленовтің мәліметінше, мал ұрлығымен күрес және оған қарсы іс-қимыл мәселелері тікелей Ішкі істер министрлігі басшылығының ерекше бақылауында.
"Соңғы бірнеше жыл ішінде ішкі істер органдары "Ұрлыққа қарсы іс-қимыл" атты екі ұзақ мерзімді ведомстволық бағдарламаны іске асырды. Нәтижесінде, еліміздегі мал ұрлығы 3 есеге төмендеді. Атап айтқанда, егер 2020 жылы 3 055 мал ұрлығы тіркелсе, 2024 жылы олардың саны 1 026-ны құрады", – деді Әленов Мәжіліс депутаттарына жауап хатында.
Бұл жұмыстың тиімділігін арттыру бойынша шаралар жүйелі негізде қабылданып жатқаны мәлімделді. Кең ауқымды жедел-профилактикалық және өзге де тексеру іс-шаралары жүргізілуде.
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, қабылданған шаралар арқасында тек соңғы 5 жыл ішінде мал ұрлығына қатысы бар 516 қылмыстық топ әшкереленген. Осы топтар құрамында әрекет еткен 3 905-тен астам адам ұсталды және қылмыстық жазаға тартылды.
Ел Президентінің сынынан кейін ел Парламенті өткен жылдары мал ұрлығы үшін жазаны күрт қатайтты. Мәселен, Қылмыстық кодекске 2019 жылдан бері енгізілген өзгерістер бойынша мал ұрлағаны үшін енді 14 жасқа толған балалар да қылмыстық жазаланады.
Қылмыстық кодекстің 188-1-ші бабы бойынша тіпті бірінші рет мал жымқырғандар 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Салыстырғанда, дәл осы кодексте абайсызда адам өлтіру жағдайлары үшін 5 жылға дейінгі мерзімге соттау қарастырылған.
Егер мал ұрлығын алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаса, жаза 7 жылға дейін қатайтылады. Егер төрт түлікті ұрлаумен бірнеше рет айналысса, немесе оны "тұрғын үйдің, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал қорасының, қашаның немесе өзге де қойманың ауласынан" алып кетсе, адамның мүлкi тәркiленіп, 10 жылға дейiнгi мерзiмге бас еркіндігінен айырылады.
Жалпы, мал ұрлығы бойынша ең жоғарғы жаза 12 жылға темірторға қамауды көздейді. Ішкі істер министрлігі жазаны қатаңдату өз нәтижесін берді дейді.
"Аталған бағытта қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін өткен жылдың қорытындылары да көрсетеді. 2024 жылы мал ұрлығының тіркелген фактілерінің саны 23%-ға төмендеді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 450 фактіге аз. Полиция қызметкерлері 593 мал ұрысын, соның ішінде 89 ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады", – деп хабарлады ведомство.
Дегенмен, Мәжіліс депутаттары мал ұрлығының азайғанына сенбейді.
"Ауылдағы жұрт азын-аулақ малының арқасында күн көріп, жан бағып жүр. Бірақ елдегі бұқара баукеспе ұрылардан әбден зәре-зәп болды. Ақыры Президенттен көмек сұрауға мәжбүр болған Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданы тұрғындарының әлеуметтік желіге шыққан видеоүндеулерін көрген шығарсыз?! Қатонқарағайға қарасты Шыңғыстайдың шырқын осы ұрылар бұзып бітірді. Алақандай ауыл халқына ұры-қарының қорлығы әбден өтті. Төзімдері таусылып, сенімдері сетінеген ел енді бар үміттерін ел басшылығына артып, тікелей Президенттен көмек сұрады. Өйткені қойлары қоралап, ірі-қаралары табындап, жылқылары үйір-үйірімен жоғалып жатқан соң қайтсін?! Полициядан әбден күдер үзді", – деді мәжілісмен Мақсат Толықбаев.
Оның болжауынша, "полиция ұрыларды іздеуге құлықсыз".
"Әуре сарсаңға түскен халық аудандық, облыстық ішкі істер органдарының табалдырығын тоздырып, бастарын тауға да, тасқа да соғып әбден қажыған. Сонда да полицияға бәрі-бір. Жаны ашымастың басы ауырмас. Мал ұрлығынан шырқы бұзылып, шыдамдары таусылған жалғыз Шыңғыстай емес. Барымташылар Шыңғыстайға іргелес жатқан Өрнек, Жаңа үлгі, Аққайнар, Жамбыл, Еңбек секілді елді мекендерде де өздерін емін-еркін сезініп, жұрттың дымын қалдырмай, ерікжігерлерін әбден құм етті. Ауылдан ауданға арыз арқалап баратын ағайын: "Полициядан еш қайран жоқ, жоғалған малды ізін суытпай іздемейді" деп налиды", – деп қайталады Толықбаев.
Депутат "мал ашуы – жан ашуы" деген сөз барын ескертті.
"Ашынған халық барымтаға қарымта қайтарамыз десе, оны біз де, ішкі істер министрлігінің жеке құрамы да тоқтата алмайтынын тағы да есіңізге салғым келеді", – деді Мақсат Мәлікұлы.
Бірақ Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов Шығыс Қазақстан облысында, оның ішінде Қатонқарағай ауданында мал ұрлығы өршігенін ресми деректер растамайтынына назар аудартты.
"Полиция департаменті қабылдап жатқан шаралардың нәтижесінде соңғы 10 жылда бұл өңірде мал ұрлығының деңгейі айтарлықтай төмендегені байқалады. Мысалы, 2015 жылы – 503 мал ұрлығы тіркелсе, 2016 жылы бұл көрсеткіш – 477, 2017 жылы – 472, 2018 жылы – 407, 2019 жылы – 376, 2020 жылы – 115, 2021 жылы – 86, 2022 жылы – 75, 2023 жылы – 51, 2024 жылы – 35-ке дейін азайды. Жазаның бұлтартпастығы қағидатын іске асыра отырып, ШҚО-да соңғы 5 жылда 309 мал ұрысы және осы қылмыстарға қатысы бар 40-қа жуық қылмыстық топ ұсталып, қылмыстық жазаға тартылды. Олар 2 028 бас малды ұрлаған. Соның жартысынан астамын – 1 108-ін полиция қызметкерлері жәбірленушілерге тірідей қайтарып берді", – деді ІІМ басшысының бірінші орынбасары.
2024 жылы ШҚО-да осы қылмыстар үшін 25 қылмыскер, оның ішінде 3 қылмыстық топ ұсталды. Келтірілген 87 млн теңге залалдың 70 миллионнан астамын өтеу қамтамасыз етіліпті. 2024 жылы облыс бойынша мал ұрлығы 30,5%-ға төмендеген.
Депутаттың байбаламы да жоққа шығарылды.
"Статистикалық деректер бойынша Қатонқарағай ауданында ұрлық фактілерінің өсуімен байланысты жағдайдың шиеленісуі байқалған жоқ. Мәселен, 2020-2021 жылдары бұл ауданда 21-ден 28-ге дейін мал ұрлығы фактісі тіркелсе, 2023-2024 жылдары олардың саны сәйкесінше 3 және 4 фактіні құрады", – делінген ІІМ түсініктемесінде.
Биыл қоғамды дүрліктірген жайт бойынша 2025 жылдың қаңтарында Қатонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылы тұрғындарының өтініші бойынша тиісінше жедел ден қою қамтамасыз етіліпті.
Облыстық полиция департаментінің басшылығы және арнайы жедел-тергеу тобы оқиға орнына барып, тиісті тексеріс жүргізді. Олардың уәждері бойынша ҚК-нің 188-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды және жүргізілуде. Соның аясында мал ұрлығын жасауда күдік бойынша осы ауданның екі тұрғыны соттың санкциясымен қамауға алынды.
Ендеше "полиция ұрылармен ымыраласып, саусағын қимылдатпайды" деген байлам шындыққа жанаспайтын көрінеді.
Жалпы, әлеужелідегі видеоның бәрі шындық бола бермейтіні бар. ІІМ депутаттарды ашындырған тағы бір бейнежазбаның мәнісін айтты.
"Тергеу барысында 3 ауыл тұрғыны қоғамдық резонанс тудыру үшін өз ауылдасын – Қабдрасиловті заңсыз бас бостандығынан айырып, өміріне қауіп төндіріп, оны өздерімен арада жер дауына байланысты келіспеушіліктері болған жергілікті кәсіпкердің "мал ұрлауға қатыстылығы" туралы бейнеүндеу жазуға мәжбүрлегені әшкереленді. Аталған бейнежазба әлеуметтік желілерде кеңінен таралды. Бұл факті бойынша да Қылмыстық кодекстің 126-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті үш адам сот санкциясымен қамауға алынды", – деп мәлім етті Ішкі істер министрлігі.
Полиция "шығасыға иесі басшы" деген нақылды еске салды. Өйткені малшы жалдаудан ақшасын аяған ауылдықтар төрт түлігін өз бетінше жайылуға жібере салады. Бұл олардың кедергісіз ұрлануына әкеп соғады.
Халықтың шағымына үн қатқан полиция рейдтік іс-шаралар барысында көптеген қараусыз жайылып жүрген малды анықтайды. Сол үшін ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша елімізде 3 259 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды және оларға мал ұрлығына ықпал ететін себептер түсіндірілді.