Министрлік қате жіберген дәрігерлердің жазасын жеңілдетуге қол жеткізбек

2933

Қоғам өкілдері бұған үдере қарсы шығып жатыр, деп жазады Inbusiness.kz.

Министрлік қате жіберген дәрігерлердің жазасын жеңілдетуге қол жеткізбек

Дәрігер көп адамды қырса, темір торда 5 жыл ғана отыруы мүмкін.

Жалпы, медицина қызметкерлерінің жауапкершілігімен байланысты заңнама нормаларын декриминализациялау, ізгілендіру мәселелерін Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қоғамдастықпен бірге кейінгі 5 жыл бойы талқылап келеді. Оның қорытындылары жаңа заңда көрініс тауыпты: ведомство "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлеп, қоғамдық талқылауға шығарды.

Құжат сырқаттардың денсаулығына зиян келтірген, тіпті өлтіріп тынған медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін жеңілдететін өзгерістерді қолданыстағы Қылмыстық және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге енгізуді қарастырады.

Әсіресе, Қылмыстық кодекстің ақ халаттыларға тікелей қатысты 317-бабына түзетулер назар аудартады. Тарата айтсақ, қолданыстағы осы баптың нормасы бойынша "абайсызда қазаға ұшыратқан" айыбы үшін ақ халаттылар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оны енді жұмсартып, 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру көзделіп отыр.

Жаңа заң жобасының 114-бабына сай, "денсаулыққа абайсызда ауырлығы орташа зиян келтірген" медқызметкерге – 80 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынбақ (Қылмыстық кодекстің қазіргі 317-бабында 200 АЕК-ке дейін айыппұл белгіленген), немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады (317-бапта – 180-ге дейін). Болмаса, судья жұмсақтық танытса, медқызметкер бұл қылмысы үшін 20 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алынумен (317-бапта – 50 тәулікке дейін) шектелуі мүмкін.

"Денсаулыққа абайсызда ауыр зиян келтірсе", 1 000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады (317-бапта – 3 000 АЕК-ке дейін), немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады (317-бапта ондай жоқ). Немесе 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады (317-бапта қатаңдау: 3 жылға дейін сотталады).

Жаңа жобаның 119-бабы бойынша егер медқызметкер сырқатты "қауiптi жағдайда қалдырса", соның ішінде "көмексіз қалдырылған адамның денсаулығына абайсызда ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соққан іс-әрекет жасаса", онда оған 2 000 АЕК-ке дейін айыппұл салу (317-бапта 3 000 АЕК-ке дейін) не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу, немесе 2 жылға бас бостандығынан айыру (317-бапта 3 жылға дейін) ұсынылады.

Көмексіз қалдырылған адам дүние салса, қазіргідей 5 жылға емес, 3 жылға сотталуы ықтимал. 2 немесе одан да көп адамның абайсызда өліміне әкеп соққан іс-әрекетке барған қылмыскер дәрігерлердің жазасын 7 жылдан 5 жылға дейін төмендету қарастырылған.

"Жағдайы жаман дәрігер өз пациенттерін жек көреді"

Бірден айта кетелік, бұл заң жобасын қоғамдық талқылау аса күрделі өтуде. Себебі, оған қатысқан қазақстандықтардың басым көпшілігі құжатқа қарсы екенін білдірді. Бұл жерде биліктің міндетті вакцинациялауды енгізуі қоғамның дәрігерлерге деген көзқарасының нашарлауына түрткі болғаны аңғарылады.

"Заң жобасына қарсымын! Пациенттің денсаулығына залал келтірген дәрігер өзге қылмыскерлер қатарлы заң жүзінде қатал жазалануы керек. Қылмыскер дәрігерді аяуға негіз жоқ. Бізде біліксіз медқызметкерлер жетерлік. ДСМ мына заң жобасы арқылы олардың жауапкершілігін тіптен төмендетпек", – дейді пікір білдіруші Павел Котляров.

"Бұл түзетулерге үзілді-кесілді қарсымын! Өйткені бұдан кейін дәрігерлер өз ісіне тіптен салғырт қарап, сырқаттарды сапалы емдеуді қояды. Дәрігер азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін толыққанды қылмыстық жаза тартуға тиіс. Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, медқызметкерлер созылмалы аурулары бар 115 адамға вакцина салып, өлтірген. Егер кәсібіне адал болса, созылмалы ауыр дерті бар адамға екпе егуден неге бас тартпаған? Олар халық денсаулығына немқұрайлы қарайды. Мұндай заң жобасын ойлап тапқандар елден ұялса етті!" – дейді қоғам белсендісі Әлфия Біләл.

"Дәрігерлердің көбі медициналық көмекті тиісті деңгейде көрсетпейді. Мұны халық түсініп болды. Олар өз қылмыстары үшін онсыз да жаза тарта бермейді. Дәрігерлік салғырттық пен қателер кесірінен қаншама жан опат болды", – дейді алматылық Янна Сардерс.

Ақтаулық Ирина Роздольская керісінше, түзетулерді қолдайды.

"Мен жобаны жақтаймын. Дәрігердің қателесуіне кейде науқастың өзі кінәлі. Бізде адамдар өз денсаулығын күтудің ең қарапайым қағидаларын сақтай бермейді. Ауырып қалса, дәрігерге жүгіреді және одан экстрасенстің қасиетін паш етіп, өзінің немен ауырғанын өз бетінше тауып алуын талап етеді. Бұл ретте нақты қай жері ауыратынын дұрыс түсіндіріп, ұғынықты анамнез деректерін бере алмайды. Мен дәрігерлеріміздің мәртебесін арттыратын кез келген жаңашылдықты қызу қолдаймын! Мемлекет олардың жалақысын арттырып, лайықты қорғауы қажет. Сонда дарынды, білімді жастар медицина қызметкері болып жұмыс істеуге ұмтылады. Сонда дәрігерлер өз сырқаттарын жек көретін тақыр кедей, бишара жан болмайды", – дейді ол.

Ол дәрігерлерге шағымдана беретіндерге алдымен айналаға қарауға кеңес берді: жауапты сырқаттар да жоққа тән. Демек, бәріне ақ халаттыларды айыптаған дұрыс емес.

Пациенттер пайдасына 49 млн теңгедей төленді

Тәжірибе көрсеткендей, құқық қорғау органдары да, соттар да жаза басқан дәрігерлерге көбіне қайырымдылық танытуға бейіл тұрады. ДСМ дерегінше, жыл сайын кәсіби міндетін тиісінше орындамаған медицина қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 317-бабы бойынша 300-ге жуық сотқа дейінгі іс қаралады екен. Алайда "дәлелдемелердің болмауы себепті" көбінесе, қылмыстық іс қозғалмайды не доғарылады.

Жоғарғы соттың "Сот актілерінің банкі статистикасына сәйкес, 317-бап бойынша 2017–2020 жылдар аралығында соттарға медқызметкерлерге қатысты 50 қылмыстық іс келіп түскен. Олардың 43-сі бойынша 70 адамға үкім шығарылды. 14 адамға қатысты 7 іс прокурорға қайтарылды.

Нәтижесінде, 2 медқызметкердің бас бостандығы шектелді. 17 адамға тек шартты жаза кесілді. Тағы 11 адам сотталды, бірақ рақымшылыққа ілігіп, жазадан босатылды. 22 адам да сотталғанымен, істің ескіру мерзімінің аяқталуына байланысты жазадан босатылыпты. Сот залында 13 адам ақталды. Ақыр соңында 5 адамға ғана түрмеге отырғызылуды қарастыратын үкім шығарылған.

Көбінесе қылмыстық істер хирургиялық бейіндегі өліммен аяқталу қаупі жоғары мамандарға қатысты қозғалады: акушер-гинекологтар – 14 адам, хирургтар – 14 адам, травматологтар – 8 адам, қалғаны – анестезиолог-реаниматологтар.

Төрт жыл ішінде қылмыстық істер бойынша зардап шеккендердің пайдасына шешілген моральдық және материалдық залалдың өтемақы мөлшері 40 миллион теңгеден асты.

Сондай-ақ, жыл сайын медициналық көмек көрсету тәртібін, стандарттарын сақтамағаны және сапасыз көрсеткені үшін ақ халаттылар үстінен шамамен 300-ге жуық әкімшілік іс те қозғалады. Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің дерегінше, бір жылда қазақстандықтардан 3 мыңнан астам өтініш келіп түскен, олардың 50%-ға жуығы медициналық көмектің сапасына шағымданады. Өтініштерді қарау нәтижесінде 430 әкімшілік хаттама толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке 299 жеке тұлға, 87 лауазымды тұлға және 23 заңды тұлға тартылды. Бұл тұрғыда пациенттердің пайдасына 8,8 миллионнан астам теңге төленді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу