Министрлік: коронавирус тұмау секілді жыл сайын қайталанады

6186

Жұртшылық биліктен қатал шара сұрап жатыр.

Министрлік: коронавирус тұмау секілді жыл сайын қайталанады

Бұған дейін ғалымдар мен сарапшыларда "егер халық екі-үш апта бойы үйінен шықпай отырса, COVID-19 пандемиясы құлдырайды, вирус ошақтары жойылады" деген сенім болған. Оған Қытайдың Ухань қаласындағы карантин шаралары негіз болды. Алайда енді мамандар бұл тұжырымды қайта қарап отыр.

Қазақстанда 16 наурызда Президент жарлығына сәйкес, төтенше жағдай енгізілді. 19 наурызда Алматы мен Нұр-Сұлтан карантинге жабылды. Содан бері тура бір айдай уақыт өтті. Үкімет оның алдын ала нәтижелерін талдауда. Қорытынды көңілсіз. Басқа өңірлер түгіл, ерте етек-жеңін қымтап, кірген-шыққан із қалдырмаған еліміздің екі ірі мегаполисінде де коронавирустың таралуы тоқтар емес. Мысалы, кеше Алматыда жаңадан вирус жұқтырудың – 34, елордада тағы 5 оқиғасы тіркелді. Яғни, адамдардың оқшаулануы нәтижесінде "өліп қалған" вирус жоқ. Қайта күн сайын өршіп барады.

Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 2020 жылғы 19 наурызда сағат 18:00-дегі жағдай бойынша елде КоВид-2019 жұқтырудың 44 дерегі анықталды: оның 25-і – Нұр-Сұлтанға, қалған 19-ы – Алматы қаласына тиесілі болды. Ал бүгінде дертке шалдыққандар саны елімізде 1600-ден асты.

Сарапшылар бұған бір жағынан жауапсыз адамдар кінәлі деген пікірде. Математикалық және компьютерлік моделдеудің маманы, оқытушы ғалым Жәнібек Байтуленов Үкіметке шараларды қатайта түсуді ұсынды. Ол әсіресе, өзі тұратын Алматыда коронавируспен ауыратындар саны күн сайын өсіп, қала бүкіл ел бойынша алға шыққанына алаңдайды. Оның байламынша, шектеу шараларына өзгеріс енгізілгені жөн.

"Бұған дейінгі адамдардарды уйде ұстау амалдары жеткілікті нәтиже беріп отырғаны көрінбейді. Мысалы, тек жақын жердегі дүкенге шығуға болады деп бекітілді. Салдарынан, тұрғындар тығыз орналасқан аудандарда дүкендер, Small секілді супермаркеттер алдында өте көп адам жиналатынын көрдім. Себебі дүкен қызметкерлері қауіпсіздікті сақтау үшін сатып алушыларды ішке аз-аздап кіргізеді. Яғни, дүкен ішінде қауіпсіздік сақталуы мүмкін, ал оның сыртында керісінше, қауіпті жағдай қалыптасады. Кезекте сығылысқан адамдар 1,5–2 метр қашықтықты ұстанбайды", – дейді ол.

Сондықтан билік дүкен сыртында адамдар көп жиналмауы үшін шара қабылдауы керек. Мысалы, әр адам бір-бірінен қашық тұратындай дөңгелектер не сызықтар сызылуы тиіс.

"Екіншіден, тұрғындар карантинге қарамастан далаға серуенге жиі шығып жүр, ал олар тек үйлерінің жанында ғана жүре алады, тағы да бір-біріне жұқтыру қаупі үлкен. Далаға шықпай қайтеді?! Жұрт шаршады. Карантан қашан бітетінін білмеген соң елден әбден маза кетті. Мұндай жағдайда әркімге тек өз отбасымен қаланың таулы табиғат аймақтарына немесе ашық парктерде серуен құруына рұқсат берсе болар еді", – дейді қоғам белсендісі.

Ол Қытайдағы күрестің нәтиже әкелгеніне қарап, бірер апта қаланы толық жабу нәтиже әкелуі мүмкін деген ойда.

"Егер шынымен вирус таралуын күрт тоқтату үшін 15 күн ешкімді үйден шығармау керек болса, жұртшылыққа сол мерзімге жетерлік азық-түлік сатып алуға уақыт беріңіздер. Оған 2–3 күн жетеді. Бұл ретте басқа үлкен гипермаркеттерге баруға рұқсат етіңіздер. Содан кейін көшедегі қыбыр тірліктің барлығы тоқтатылсын. Шыдаймыз! Азық-түлікті жеткізетін ұйымдар да жұмысын тоқтатуы керек. Тіпті амалын тауып, қоқыс әкетуші ұйымдар көліктерінің де қозғалысын доғару қажет. Құрметті Елжан Амантайұлы, карантиннің қашан бітерін білмей жазға дейін созғанша, 15 күн ешқайда шықпауға шыдап, содан кейін толық еркін жүрген жақсы емес пе?! Сол апталар ішінде кететін ауру кетеді. 40 жыл қырғынға шыдаған халықпыз, 15 күнге шыдаймыз!" – деді денсаулық сақтау министріне жазған ұсыныс хатында Жәнібек Байтуленов.

Мұндай ұсыныстар өзге сарапшылардан, блогерлерден де түсуде. Елжан Біртановтың тапсырмасы бойынша сауал-бастамаларға талдау жүргізген ДСМ-нің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті COVID-19 ешқайда кетпейді деген тұжырымға келгенге ұқсайды.

"Коронавирустық инфекция – жұқпалы дерттердің маусымдық түріне айналады және енді жыл сайын тіркелетін болады. Кез келген ауруды асқындырып емдегенше, оның алдын алу оңай. Осы ретте "Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" дейтін халық нақылы. SARS-CoV-2 коронавирусының тез таралуын ескерсек, онымен күрестің ең тиімді шарасы – профилактикалық шаралар болып табылады. Оған оқшаулану, режимдік-шектеу және санитарлық-гигиеналық іс-шаралар кіреді", – деп түсіндірді министр Елжан Біртанов өз блогында.

Медицина мамандары коронавирус инфекциясының мутациядан өткеніне назар аудартады. Тиісінше, оның инкубациялық мерзімі бұрын ойлағаннан да ұзақ болып шыққан. Мұны биология ғылымдарының докторы, профессор Ольга Карпова растайды.

"Мысалы, азамат бірнеше адамнан өтіп барып уыты біршама әлсіреген вирусқа да ұшырауы мүмкін. Бірақ жарғанат, жануарлар секілді вирус таратушыдан тікелей жұқтырғандар да елге келуі ықтимал. Жалпы, ғылымға коронавирустердің 39 түрі белгілі, оның бірқатары адамдарға еш қауіп келтірмей, тарала береді. Ал SARS-CoV-2 ауруға соқтырады. Калифорния университетінің ғалымдары бұл вирус тұмау вирустарына қарағанда 8–10 есе баяу мутацияланатынын анықтады. Демек, аурудың белгі-симптомдары және ауырлығы штаммға байланысты емес. Дерттің ушығуы сырқаттың денсаулығының жалпы жағдайына, иммундық жүйесінің мықты не әлсіздігіне тәуелді", – дейді ол.

Ресейлік вирусолог, биология ғылымдарының докторы Сергей Нетесов COVID-19 толық жеңу адамзаттың қолынан келмейтінін, ол тұмау секілді маусым сайын бас көтеріп тұратынын хабарлады.

"Штамм ешқандай симптомсыз ауыратын адамдар арқасында әлемде бекиді және қоршаған ортаға ұдайы әрі ұзақ уақыт бойы вирус шашып отырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең кем дегенде 3 жыл оқшаулау шарасын жалғастыруға кеңес бергені де осыдан. Корнавирустық инфекция жыл сайын эпидемия толқындарын тудырады: қария адамдар, созылмалы ауруы барлар, иммунитеті әлсірегендер секілді сезімтал топтарға залалын тигізуі мүмкін", – деді вирусолог.

Бүкіл әлемде бүгінде 70-тен астам вакцина түрі жасалуда. Олар қолданысқа тек бір жылдан кейін ғана енгізілуі мүмкін. Оған дейін "сақтықта қорлық жоқ" деген қазақы қағиданы ұстануға тура келеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу