Министрліктің қарақұмыққа құмарлығы түсініксіз

9682

Қазақстан неге кедей елдердің асынан мол қор түзуде? 

Министрліктің қарақұмыққа құмарлығы түсініксіз

Ауыл шаруашылығы министрлігі қарақұмық-гречканы орасан зор көлемде сатып алуда. "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ұлттық компаниясы солтүстік облыстардың өзінен 500 тоннаға дейінгі көлемде қарақұмық алып кеткен. Бұл іс ары қарай қарқынды жалғасуда. Мемлекет оның әр келісіне 183 теңгеден берді. 

АШМ-ның бұл тірлігі әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың және ақпарат құралдары өкілдерінің таңданысын туғызды. Себебі, бұл дәнді дақылды әлемде тек кедей елдер, негізінен Ресей мен ТМД елдері ғана тұтынады. Кеңес кезінде оның кең насихатталуы нәтижесінде оны қазақтар да жейтін болды.

Алайда ол бізде бәрібір жеңсік асқа айнала алмады. Қазіргі кезде қазақстандықтар одан бойын аулақ салуда. Тіпті Қарулы күштер де одан бас тартқан. Яғни, "гречка-гречиха" кең тұтынылатын тауар болудан қалды.

Ендеше мемлекеттің қамбаларын қарақұмықпен белсенді толтырып қойып жатқан министрліктің әрекетін түсіну қиын.

Журналистер сауалына жауап берген АШМ-ның Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті осыған қатысты "Азық-түлік келісімшарт корпорациясынан" ақпарат алғызғанын хабарлады. Олар он жыл бұрынғы құжатты басшылыққа алады екен.

"Қарақұмық – қарақұмық жармасын өндіруге арналған шикізат болып табылады. Үкіметтің 2010 жылғы 1 наурыздағы №145 қаулысымен "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі" бекітілген. Оған сәйкес, қарақұмық жармасы әлеуметтік маңызды тауарға жатқызылған. Осыған байланысты қажет кезде өңдеуге ірі көлемде шикізатын бағыттау арқылы ішкі нарықтағы бағасын реттеу мүмкіндігі болуы үшін қарақұмықтың қоры қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатта 500 тоннаға дейінгі көлемде қарақұмық сатып алу жүзеге асырылуда. Қарақұмық республикамыздың барлық облыстарында сатып алынуда. Оның ірі көлемі Павлодар облысына тиесілі: осы өңірде 300 тонна қарақұмық жеткізу жөнінде жеткізушімен келісім бекітілді", – деді Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтанов.

Бұл ретте Павлодар облысында тіпті "Азық-түлік келісімшарт корпорациясының" (АКК) өкілдігі де жоқ көрінеді. Бірақ АШМ-ның түсіндіруінше, бұл – проблема емес.

"Павлодар облысында корпорацияға қарақұмық жеткізгісі келген әлеуетті жеткізушілер АКК-ның Шығыс Қазақстан облысы бойынша өкілдігіне өтініш бере алды. Азық-түлік корпорациясының www.fcc.kz сайты да осы мақсатқа қызмет етеді. Сонда өтінішті беру тәсілдері мен кері байланысқа арналған байланыс телефондары көрсетілген хабарландыру орналастырылды", – деді А.Сұлтанов. 

Корпорация қарақұмықты Ақмола, СҚО, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарындағы өкілдіктері арқылы сатып алды.

Жалпы, Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі шолақ: небары 19 өнімнен тұрады. Оған І сұрыпты бидай ұны, І сұрыпты ұннан жасалған пішінді нан ("кирпич"), рожки, қарақұмық жармасы, тазартылған күріш, картоп, сәбіз, пияз, ақ қауданды қырыққабат, ақ қант, күнбағыс майы, сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі), тауық еті (сан сүйек және іргелес жұмсақ еті бар сан жілік), сүт (майлылығы 2,5%, жұмсақ қаптамада), айран (2,5%, жұмсақ қаптамада), сары май (тұздалмаған, 72,5%), тауық жұмыртқасы (I санат), аc тұзы ("экстрадан" басқасы) және сүзбе (5-9%) кіреді.

Ресей астық одағының вице-президенті Александр Корбут бір қызықты жайтқа назар аудартты.

"Расында, қарақұмықты әлемде Ресей көп жейді. ТМД елдерінің өздері оны тұтынуын азайтуда. Мысалы, Украинада қарақұмық егілген егістік көлемі 20 жылда 20 есеге – 570 мың шектардан 60 мың гектарға дейін кеміді. Өйткені тұтыныс азайды. Бүгінде украиндер жылына орташа есеппен небары 3,5 келісін ғана жейді. Ал Ресейде керісінше, тұтыну көлемі өндірістен асып түседі. Бұған пандемия қосымша серпін берді. Осыған орай ресейліктер биыл бұл өнімді іргедегі Қазақстаннан көп сатып әкете бастады. Нәтижесінде, қазақстандық кейбір қалалар қарақұмықтың шекті бағасын белгілеп, бір қолға 5 келіден артық сатпауға дейін барғанын білеміз. Тіпті осы жылы Қазақстан шетелге қарақұмық экспорттауға тыйым салды", – дейді сарапшы.

Росстаттың дерегінше, көршіде қарақұмық биылғы ең көп қымбаттаған тауарға айналыпты. Оның бағасы 1,7 есеге – 1 келісі үшін 87,1 рубльге (шамамен 490 теңгеге) дейін көтерілген. Наурыз айында сұраныс 170–200%-ға ұлғайды. Содан  бері азаяр емес. Солтүстік көрші бірнеше жыл бойы қарақұмық егілген алқаптар ауданын азайтып келген (1,7 миллион гектардан 800 мың гектарға дейін). Алайда тұрмысы нашарлаған ресейліктер құнарлылығы жоғары осы өнімге жаппай ден қойып, нарықта дүрбелең туғандықтан егіншілер оған арналған егістік алқабын қайтадан арттыруға кірісті. Мысалы, биыл алғаш рет 5%-ға немесе 855 000 гектарға дейін арттырды.

Ресейден қарақұмықпен бірге инфляция экспортталатын болғандықтан, қазақстандық АШМ соның алдын алу үшін мол қор жасап жатқанға ұқсайды.  

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бұдан бұрын хабарлағандай, 2020 жылы Қазақстан қарақұмықтың егістік алаңдарының 30,9 мың гектарға дейін артуына қол жеткізді.

Қалай болғанда, әлемде өзге елдер менсінбейтін "гречка" Ресей мен Қазақстанды біріктіретін өнім болып тұр.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу