Минск отты Майданнан несімен өзгерек?

5073

2020 жылғы Беларусь 2014-тегі Украина емес. Сондықтан әрі қарай не боларын дөп басып айту қиын. 

Минск отты Майданнан несімен өзгерек?

Ресей мен Еуропаның қақ ортасындағы постсоветтік республикада шерулер биыл жаз бойы басылған жоқ. Ол бірде саябырсыды, бірде қайта күш алып, сайлаудан кейін үлкен қақтығыстарға ұласып, билікке қарсылықты тіпті өршітіп отыр.  

Беларусьтегі көтеріліс алты жыл бұрын көрші елді шарпыған отты Майданнан несімен ерешеленеді?

Нақты лидер жоқ

Беларусьтегі шерулер өткен аптада күшейді. Бірақ олардың бас-қасында айқын жетекші көрінбейді. Себебі қазір президент Александр Лукашенконың қарсыластары не түрмеде отыр, не шетелде қашып жүр және де мұнда тәжірибелі парламенттік оппозиция да жоқ.

Сондықтан  Минскте өтіп жатқан наразылық марштарының көш басында -қарапайым беларусьтар. Ал, 2014 жылы Киевтің тәуелсіздік алаңы – Майданға жиналған жұртты ұйыстырып, қаржыландырған – саяси лидерлер.

"Беларусьте көрнекті жетекшілердің жоқтығы мына шерулерді әлсірететініне күмәнім жоқ. Лидерлер – көтерілістерді көпке танытатын тұлғалар ғой", - дейді жергілікті тәуелсіз саяси сарапшылардың бірі Валерий Карбалевич жақында "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында. 

Оның пікірінше, өткен аптада Беларусь демонстранттары Үйлестіру кеңесін құра отырып, "көшеге анық жоспар мен күн тәртібін ұсынуды" көздеді.

Алайда  оппозиция өкілдерінің бірі Мария Колесникованың мәлімдеуінше, осы айда Telegram мессенджерінің көмегімен Минскте жүздеген мың адамды жинаған наразылық акциялары Беларусь жұртының енді вертикалдық иерархияны қажет етпейтінін көрсетіп берді. Сонымен қатар, Колесникованың ойынша, лидерсіз протесттердің бір артықшылығы бар: "мәселен, олардың басын кесіп алу мүмкін емес". 

Тәртіпті шерулер

Жексенбі күні 200 мыңдай адам Минсктің кең әрі көрікті даңғылдарынан жүріп өтерде, бағдаршамның қызылына тоқтап, жасылы жанғанда ғана маршты әрі қарай жалғастырды. 

Украинада, керісінше, демонстранттар дөңгелектерді өртеп, қауіпсіздік күштеріне отты шөлмектер лақтырғаны белгілі. Кейбір бақылаушылардың ойынша, себебі, оларға сол кезде неонацистік қарулы топтар мен әсіре оңшыл қозғалыстардың мүшелері де қосылды. Ал, Минсктегі манифестациялардың шырқын бұзатын мұндай күштер әзірге көрінбейді.

Бұған қоса, өзге бір сарапшылардың ойынша, Беларусь жұрты Украинадағыдай Ресейдің ықпалына ашынғандықтан алаңға шыққан жоқ.

Украина 1991 жылы Кеңес одағы құлағаннан кейін, Батыс пен Ресей арасындағы геосаяси тайталастың ортасында қалса, Беларусь негізінен Мәскеумен арадағы кең ауқымды достық қатынастарды місе тұтты. 

Тағы бір айта кететін жайт, Минсктегі демонстрацияларда бірде-бір адам Еуропа одағының туын желбіретіп, НАТО-ға қосылу ұрандарын көтеріп, Кремльдің шамына тимей отыр. Беларусь шерушілері тек өз лидерін еркін таңдауға мүмкіндік беруді талап етіп жатыр. 

Бұрын Лукашенконың қол астында министрлік, елшілік қызметтер атқарып, жақында оппозиция жағына өткен Павел Латушко шерушілердің бүгінгі ұстанымы саяси дағдарыстан шығар жолды Брюссельдің де, Мәскеудің де көмегімен еңсеруге көмектеседі деп үміттеніп отыр.

"Егер ЕО мен Ресей бірлесіп, Беларусьтегі дағдарысты арағайындықпен шешуге күш салса – бұл мінсіз таңдау болар еді", - дейді Латушко.

Экономика

2014 жылы Украинада шерушілер қозғалысы Киевтің орталығында алып лагерь құрып, демонстранттарға тамақ жеткізіп, оларды қорғауға қауіпсіздік күштерін тартқан еді. Ал, Беларусьте манифестанттарға шөлмекпен су ғана үлестіріледі.

"Беларусьте тамаққа, дәріге, палаткаларға қаржы бөлетіп олигархтар жоқ. Беларусь шерушілері ақшаны өздері жинап жатыр", – дейді минскілік сарапшы Александр Класковский.

Украина экономикасы негізінен жекешелендірілген болса, Беларусь экономикасының 80 пайызы – мемлекеттің қарамағында қалып, Совет заманынан бері аса өзгере қойған жоқ. Осыған қарамастан, Беларусь қалаларында көтерілістерге үкіметке бағытыншты зауыт-фабрикалардың сан мың жұмысшысы қатысты.

"Экономиканың құрылымы украиналықтарға мемлекеттен қорықпауға мүмкіндік берді. Ал, Беларусьте кез-келген адам дымсыз далада қалуы мүмкін", – дейді Класковский.

Еуропа одағы мен АҚШ-тың 2014 жылғы революцияға дейін Украина экономикасында мүддесі болса, Беларусьтің жабық экономикасымен олардың байланысы соншалықты жақын деуге келмейді.  

Мәскеудің рөлі

Қазір Мәскеуде Беларусь шерушілерін Украиндағыдай Батыстың қолбалалары деп айыптайтын негіз жоқ. Айта кету керек, Ресей Батыстан төнген қауіпті желеу етіп, Қырым түбегін аннексиялап, Донбасста сепаратистерді қолдады деген пікір бар. Сол соғыс алтыншы жылға ұласып отыр.

Ресей - Беларусь үшін негізгі сауда серіктесі және әскери одақтас. Сондықтан, Мәскеу мұнда шешуші рөл ойнай алады.

Таяуда РФ президенті Владимир Путин Германия мен Францияға Минсктің ішкі шаруаларына араласпауды ескертті. Алайда, Кремль басшысы демонстранттармен және постсоветтік кеңістікте өзінен ұзақ билік еткен жалғыз ғана лидер - Лукашенкомен ісі қалай болатынын ашық жариялаған жоқ.

Ұқсастықтар

Украина КСРО-дан тәуелсіздік алғаннан кейінгі 29 жылдың көбін демократиямен өткізсе, Беларусьті Еуропаның соңғы диктатурасы деп атайды. Дегенмен, екеуінде ұқсастықтар да бар.

"Лукашкенко Янукович (Украинаның бұрынғы президенті)  жасаған қателікті қайталап, бейбіт демонстранттарды аяусыз соққыға жығып, халықты ашындырып, намысын таптап, революцияға жол ашты", - дейді Киевтегі "Пента" орталығының сарапшысы Владимир Фесенко "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

Арыс Әділбекұлы


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу