Миттал тапқан бір миллиардына риза

2507

Әлемнің ірі металлургиялық корпорациясы  2017 жылдың алғашқы үш айында бір миллиард доллар таза табыс тапты.

Миттал тапқан бір миллиардына риза

Бұл туралы компанияның корпоративті сайтында жарияланған есебінде айтылған.

Ең қызығы, былтырғы жылдың осы кезеңінде компания 416 миллион доллар көлемінде шығынға ұшыраған болатын.

EBITDA 2,23 млрд долларға дейін өсіп, болжанған 2,01 млрд деңгейінен асып түсті және былтырғы жылдың I тоқсанындағы көрсеткіштен екі есеге артты. Компанияның тапқан пайдасы 14%-ға ұлғайып, 16,1 млрд долларды құрады.

Лакшми Миттал, ArcelorMittal-дың төрағасы және бас атқарушы директоры, есепті кезеңнің қорытындысына қатысты мынадай пікір білдірді:

"I тоқсанның нәтижелері менің көңілімнен шықты, онда нарықтан күтілген жағымды импульс байқалды. Ал біз өз кезегімізде бизнесімізді қуатты ету үшін қолымыздан келгеннің барлығын істеудеміз. Компанияның барлық сегменттері EBITDA көрсеткішінің жақсарғанын мәлімдеді. Болаттың бағасы шикізатқа кететін жоғары шығындарға жауап қайтарды, түсірілген прокат көлемі 2016 жылдың IV тоқсанымен салыстырғанда 5,1%-ға артты. Біздің тау-кен өндіруші сегментіміз темір кенін әлдеқайда жоғары бағамен сатудан пайда тапты".

Темір кенінің шикізатын көлденең сатып алушыларға өткізу 7,8 млн тоннадан 8,7 млн тоннаға дейін ұлғайды.

Лакшми Миттал биылғы жылдың II тоқсанына да нарық тұрақты болады деп үміттенеді. Бірақ әдеттегідей, оған бәсекелестері кедергі келтіруде, сол себепті ол кәсіпорындары орналасқан елдердің үкіметі тарапынан берілетін қолдау шараларына арқа сүйеп отыр.

"Болат құю өнеркәсібі әлі де көптеген негізгі нарықтарда жосықсыз импорттың әсерінде қалып отыр, біз қажетті сауда шешімдерін қабылдауда одан әрі жылжимыз деп үміттенеміз", – дейді Лакшми Миттал.

Әзірге орындалып келе жатқан ArcelorMittal-дың болжамына сүйенсек, биыл әлемде болатты пайдалану деңгейі 0,5-1,5%-ға артады, бұл былтырғы 1%-дық өсімге сәйкес келеді.

Әйгерім Сүлейменова, Олег И. Гусев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу