Өз өнімімізді өзекке теппейік

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3059

"АрселорМиттал Теміртау" темір кен шикізатын Ресейден алуды тоқтатпай отыр.

Өз өнімімізді өзекке теппейік Фото: MetalMiningInfo.kz

Өндірістегі Қазақстанның қатысуын дамыту және отандық өндірушілерді қолдау мәселесі инвестиция және даму министрлігінің алқа отырысында талқыланды. Мұнда отандық өндірушілер мен жеткізушілерді қолдауға басымдық беру қажеттігі айтылды.

"Түсті металл кенін өндіру бойынша 110%-дан жоғары көрсеткішке қол жеткізгіміз келеді. Ол бірінші кезекте Kazminerals, "Қазхром" есебінен болады. Мұнда жүйелі қиындықтар жоқ. Темір кенін Қытай мен Ресейге сату көлемі азайғандықтан өткен жылы құлдырау байқалды. Ал биыл сол шығынның орнын толтыруға толық мүмкіндік бар, қаңтар айы осыны көрсетті, - деді инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау. – Бұл ретте біз темір кені шикізаты бойынша теңгерімді әзірлеген жоқпыз. Осы аптада соңғы нүкте қоюымыз керек, Жеңіс Махмұтұлы (ҚР инвестиция және даму министрі Қасымбек – автордың ескерт.) Министр айтып өткендей "Арселор" ("Миттал Теміртау" - автордың ескерт.) тағы да Ресейден темір кені шикізатын жеткізу үшін вагондарға тапсырыс беріп жатыр, бұл ҚТЖ-ның ақпараты. Өзіңіз елестетіп көріңізші, Михайлов ТБК және Ковдор ТБК – бұл Мурманск облысында. Яғни біз бұл мәселеде нүкте қоюымыз керек және  мемлекеттік қолдау шаралары қажет".

Вице-министр жақын арада барлық ірі кәсіпорындар бойынша мақсатты индикаторлар белгіленетінін атап өтті. Осыған сәйкес жоспарларды аймақтар әзірлеп жатыр.

"Келесі аптада үкіметке баяндама жасаймыз. Сонымен қатар құрамында отандық өнім мөлшері бақылауға алынған кәсіпорындар тізімін нақтылап жатырмыз. Индикаторларды анықтау үшін бұл тізім нақты тиімділікке басымдық беріліп қайта қаралады. Қаржы министрлігімен бірлесіп орталықтандырылған сатып алу жүйесі енгізілетін салалар тізімі нақтыланады, мұндай жүйе жеңіл, жиһаз өнеркәсібінде қолданылады.  Осының барлығы ұзақ мерзімді шарт жасасу арқылы іске асырылады. Яғни "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ істеген сияқты дәстүрлі сұраныс бар кәсіпорындармен осылай жұмыс істейтін боламыз", - деді Альберт мырза.

Қазақстанның қара металлургиясы бойынша 2017 жылы өндіріс мөлшерін көбейту жоспарланды.

"Бізде бұл мақсатқа жету үшін барлық мүмкіндік бар. Бұл салада қолданылып келе жатқан жүйелі шаралар бар – металл сынықтарын шығаруға, сондай-ақ Ресейге автокөлікпен металл сынықтарын жеткізуге тыйым салынған. Бұл істе біз әлеуетті органдармен бірігіп жұмыс істейміз. Мұнда қазақстандық өнім мәселесі басты назарға алынады. Құрылыс материалдары болсын, металл прокаты болсын аймақтарға айтылатын өтініш бар, яғни тұрғын үй, инфрақұрылым және өзге құрылыстарды салуда барынша отандық өнімді пайдалану қажет. Біз мұны қауіп деп көреміз, себебі металдың үштен бір бөлігі Иранға сатылады, биыл Иран импорттық кеден салығын ұлғайтпақ болып отыр, сондықтан бұл еркін сауда аймағы бойынша келіссөз аясында біздің міндет", - деп баса айтты  вице-министр.

Түсті металлургия бойынша да тиімді үрдіс байқалады.

"Алайда айта кету керек, қазіргі кәсіпорындардың барлығы толық қуаттылықпен жұмыс істейді. "Алюминийдің" өзі ("Қазақстан алюминийі" АҚ – автордың ескерт.) зауыттың қуаттылығы 250 мың тонна бола тұра, былтыр 240 мың тонна алюминий өндірді. Биыл сәл ғана қоса аламыз, яғни сөз үшінші кезектегі құрылыс туралы болып отыр, бірақ жалпы үрдіс жаман емес, баға белгілеу мәселесі да солай".

Химия саласында өнімді өткізудің жаңа нарықтарын іздеу  басты жаңалық болады.

"Еуропа нарығына сары фосфорды сатуда қиындық туындады, сондықтан мұнда екі басты мәселе бар: біз Қытай нарығына "Қазфосфаттың" аммофосын жеткізуді қайта жандандырдық, бірақ бағасы әрине  әлдеқайда өзгеше, сондықтан біз қосымша резервтерді іздейтін боламыз", - деді Альберт Рау, ал Қаратаудағы цианид өндіретін зауыт қазір өнімін экспортқа шығаруға мүмкіндігі туып, технологиялық қуатын арттырып жатқанын атап айтты.

"Ақтөбе хром қоспалары зауытында да осындай жағдай. Яғни химия бойынша жоспарланған 1%-дық өсімге қол жеткізу үшін барлығы тер төгуі керек", - деді ол.

Машина жасау саласы 2016 жылы құлдырады, ол бірінші кезекте көлік нарығында да, өнеркәсіп нарығында да сұраныстың төмендеуімен байланысты болды.

"Біздегі машина жасау саласының 50% жөндеу жұмыстары екенін ескерсек, былтыр сала құлдырап қалды, тіпті қаңтар айында да былтырғы жылмен салыстырғанда жөндеу жұмыстары бойынша құлдырау байқалады, бірақ жалпы жағдай жаман емес", - деді ол.

Не дегенмен ИДМ автоөнеркәсіп бойынша жыл соңында өсімге үміттенеді.

"Қаңтар айында біз статистикалық мәліметті жариялаған жоқпыз, себебі арнайы инвестициялық келісімшарттар болды. Олар наурыз айында іске қосылады. Біз бос жатқан қоймалардағы, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың кәсіпорындарындағы өндірісті көрсете бастаймыз. Кешенді шара ретінде автонесиелеу жалғасын табады, "БРЕ-Лизинг" арқылы бөлінген техника жалға беріледі.

Энергетика министрлігі жылдың екінші ширегінен бастап қолданылған автокөліктерді тапсыруға сертификат беруді іске қосамыз деп уәде етті: шамамен 20 мың сертификат берілуі мүмкін. Өздеріңіз білетіндей, ол сертификатты отандық зауыттардан автокөлік аларда қолдануға болады. Сондықтан бұл шаралар өндірістің өрлеуіне септігін тигізеді деп ойлаймыз", - деді Альберт Рау.

Мемлекет тарапынан көрсетілетін қосымша қолдау теміржол машина жасау саласының дамуына тың серпіліс береді.

"Теміржол машина жасау саласында жақсы үрдіс қалыптасты, салаға субсидия беру үшін зейнетақы қорынан 50 млрд теңге бөлу жоспарда бар, 3 мың вагон – біздің теміржол машина жасау саласындағы кәсіпорындарымызды жұмыспен қамтамасыз етеді, сондай-ақ біздің жүкті тасымалдайтын вагон жетіспеушілік мәселесін шешеді. ҚТЖ-мен жасалған шарт бойынша локомотив жасаушы зауыттар да өнім шығару мөлшерін көбейтуді жоспарлап отыр. Экспорт бойынша да жақсы үрдіс қалыптасты – бұл электротехникалық машина жасау. Мұнда да мемлекеттік қолдау шараларын қолдануды жоспарлап отырмыз. Электротехникалық өнімді экспортқа шығару көлемін ұлғайту үшін айналымға түсетін қаражат, экспорттық қаржыландыру жеткіліксіз. Оралдағы жаңа "Алагеум" зауыты 90%-ға біздікі, Ресейде жұмыс істейді. Жақсы мүмкіндіктер туып отыр, бұл бізге жақсы өсім береді", - деді вице-министр.

Құрылыс секторында да отандық өндірушілерді қолдау үшін жақсы мүмкіндіктер бар. Елімізде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанына қарамастан, республикадағы құрылыс материалдарын жасау кәсіпорындары мұны толық сезіне алмай отыр.

"Былтыр жалпы алғанда құрылыс саласында өсім байқалды, оның үстіне біз тиімсіз НКИ-мен (нақты көлем индексі -  автордың ескерт.) жұмыс істедік. Бұл дегеніміз құрылыста импорттық материалдар қолданылды деген сөз. Сондықтан Қазақстанда жасалған өнімді пайдалану мәселесі өткір тұр, құрылыс жөніндегі комитет өңірлермен тығыз жұмыс істеуі керек. Бір ғана мысал: былтыр біз өзіміз 3 млн тонна цемент өндірсек те, сырттан 600 мың тонна цемент әкелдік. Әрине оның негізгі бөлігі батыс өңірлерге жұмсалды, бірақ Маңғыстаудағы "Хайдельберг" батысты түгелімен қамтамасыз етуге қауқарлы, - деді Альберт Рау, - 600 мың әкелдік, оның жартысын Ақтөбе облысы әкелді. Қуантарлығы, цемент өндіретін кәсіпорындар 500 мың тоннаны экспортқа шығарды. Тепе-теңдік орнады деуге болады. Бірақ бізде сұраныс көп, "Нұрлы жол", "Нұрлы жер" аймақтарды дамыту бағдарламаларын айтсақ болады".

Өндірістік қауіпсіздік бойынша бірқатар мәселе бар.

"Былтыр апатты жағдайлар мен өлім-жітім көрсеткіші жоғары болды. Оның үстіне бізге бүгін бақылау-қадағалау жұмыстарын қысқартуға тапсырма берілді, бізге бұл мәселені шешуге бағытталған әдісті ауыстыру керек. Яғни тексеру  емес, өзге түбегейлі шаралар қолдану керек, себебі жыл өткен сайын жағдай өзгеріссіз қалуда", - деп баса назар аударды ол.

Толық қуаттылықпен жұмыс істемеген индустрияландыру картасындағы 72 жобаны да жұмыспен қамтамасыз етуге тырысады. "9 айдың (2016 жылдың – автордың ескертп.) қорытындысы бойынша 72 жоба (толық қуаттылықпен жұмыс істемеді - автордың ескертп.). Оның 15 тұралап қалды, 57 жоба 50%-ға дейін жұмыспен қамтамасыз етілмеді.

Жыл қорытындысы бойынша 25 кәсіпорын 50%-дан артық жұмыспен қамтылды. Әр облыспен жеке-жеке жұмыс жүргізілді. Бірақ барлығы бірдей түсінбейді. Нақты шара қолдану керек. Жалпыға бірдей сөздер емес, нақты шаралар. Жол картасы бүгінде аяқталу кезеңінде тұр", - деп қорытты  Альберт Рау.

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу