Монреальдағы көрмеге қатысқан қазақ

2634

86 жастағы қария жарты ғасырдан соң Астанадағы көрмеге қатысайын деп отыр  

Монреальдағы көрмеге қатысқан қазақ

Қазақстан биыл 166 жылдық тарихы бар "EXPO -2017" көрмесін өткізбекші. Тарихқа көз жүгіртсек, "EXPO-2017" дәстүрлі көрмесі бұған дейін Азияның солтүстік шығысында, Еуропа мен Солтүстік Америкада өткізіліп келген екен. Алдағы жазда бұл айтулы шара Астанаға асқақ абырой мен бедел алып келері сөзсіз. Бір сөзбен айтсақ, 2017 жыл Қазақстанның бас қаласы – Астана үшін айрықша жыл болмақ.

"Біздің Тәуелсіз жас мемлекетіміз үшін "ЭКСПО -2017" көрмесін өткізудің маңызы өте зор", – дейді Кентау қаласының тұрғыны, 1967 жылы Канаданың Монреаль қаласында өткен халықаралық көрмеге қатысқан 86 жасар қария Орынбек Ақмамбетов.

Қазақстандық делегация құрамында әлемдiк көрмеге қатысқан жас кеншi көпшілікке геологтардың Қаратау баурайынан кендi қалай тапқанын айтып, Кентау қаласының құрылу тарихымен таныстырған екен.

"Әлемнің 60-қа жуық мемлекеті қатыс­қан Канаданың Монреаль қаласында өткен көрме өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған едi. Онда жасанды аралдар жасалып, АҚШ, Австрия, Венгрияның және өзге де елдердiң түрлi тақырыпта көрмелерi көрсетiлдi. Бiз Кеңес Одағының павильонында болдық. Тақырыбымызға байланысты Қазақстанның түстi металлургиясын жұрт назарына ұсындық. Жүктелген мiндет "Жер – адамдар үшiн" тақырыбын ашып көрсету болды", – дейді Орынбек ақсақал.

Қария "Қазақтың кең даласын паш ететін бейнетаспаны экран арқылы қойған кезде жұрттың таңырқай қарағанын әлі ұмытпадым", – дейді.

Орынбек ақсақалдың айтуынша, көрме қонақтарын Кентау қаласының тарихы қатты қызықтырыпты. Қаратау баурайындағы маң-маң басқан түйелерді тамашалаған көпшілік геологтардың кен орнын қалай тапқанынына, қаланың аз уақыт ішінде қалай өркендегеніне таң қалыпты.

"Ащысайтүстiметалл" комби­натының жұмысын, Кентау қала­сындағы су қоймасында, саябақ­тарда демалып жүрген адамдар арқылы қаланың көрiктi жерлерiн көрсеттiк, – деп еске алады қарт кеншi.

Орынбек ақсақалдың Канада еліндегі халықаралық көрмеге бару тарихы да қызық. 36 жасында атақты "Мырғалымсай" кен байыту комбинатында учаске бастығы болып жұмыс істеп жүріпті. Басшылық жиналысқа шақыртып алып, көрмеге қатысатыны жөнінде хабардар еткен екен. Күтпеген жерден Канададағы көрмеге жолдама алған кенші Ташкент арқылы Мәскеуге, одан Канадаға жол тартыпты.

"Монреальда әр елдiң күн­дерi өттi. Шара барысында Қазақстан күндерi де ұйым­дастырылды. Көрмедегі керемет сәттерді паш ететін арнайы газеттер жарық көрдi. Бiрде жатын орныма келсем, қасымдағылар бiр қария­ның iздеп келгенiн айтты. Сырт­қа шықсам Сәбит Мұқанов екен. Екеумiз бiраз шүйiркелесiп, әңгiме­лестiк, – дейдi ол.

1931 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауылында дүниеге келген Орынбек Ақмамбетов мектептi бiтiрген соң Оң­түстiк Қазақстан облысы, Леңгiр қаласындағы шахтаға жұмысқа орналасады. Содан Кен­тау қаласында, Қарасай, Мырға­лым­сай кенiштерiнде, "Ащысай­түс­тiметалл" комбинатында түрлi қыз­мет атқарады. Сондай-ақ ол Семейдегi "Жез­кент" кен байыту фабрикасын­да еңбек еткен.

"Қазір Алматы қаласында тұрып жатырмын. Үш қыз бір ұлдан 8 немере, 3 шөбере сүйіп отырған жайым бар. Ендігі арманым - Қазақстанның төрінде өтетін 2017 жылғы халықаралық көрмеге қатысу", – дейді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу