Мұғалімдер мәртебелерін қорғайтын тетіктердің пәрменсіздігіне алаңдауда

2357

Бір жыл ішінде ұстаздардың 3 мыңдай ісі қаралып, олардың біразы жаза тартқан. Ал мұғалімдер үстінен негізсіз шағымдана беретін даукестердің көбі жауапкершілік арқаламайды. 

Мұғалімдер мәртебелерін қорғайтын тетіктердің пәрменсіздігіне алаңдауда Фото: Twitter

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, тек 2021 жылы педагогикалық этика мәселелері бойынша 3000-ға жуық өтініш-шағымдар қаралыпты. Оның басым көпшілігі босқа қаралау болып шыққанға ұқсайды. 773 жағдайда ғана өтініштегі фактілер расталды. Олардың көпшілігі үлесіне қарай тиісінше, Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарына, Алматы қаласына, Шығыс Қазақстан облысына және Астанаға тиесілі.  

Бұзушылыққа жол берген барлық адамдар әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 470-іне ескертулер берілді. 295-і сөгіс не қатаң сөгіс алды, 8-іне – әкімшілік айыппұл салынған.

Жалпы, елордалық мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнәр Қаймолдақызының айтуынша, соңғы жылдары буллингке қатысты арыздар легі көбейді.

"Мектептегі әлімжеттікпен күрескен дұрыс. Білім ордаларында зорлық-зомбылыққа жол жоқ. Дегенмен, кейбір ата-аналар шектен шығып кетіп жатады. Мысалы, оның бірі шағымында: "Мектептің қасынан өтіп бара жатқанымда мына мұғалімнің дауысы тым ащы шығатынын үнемі естимін, ол балалардың жүрегін шайлықтырып тастайды" деп шағым боратумен болды. Ол кісі қырық жыл педагог болған, білікті маман. Ал даусы шынымен зор, табиғатынан солай, бірақ балаларға ұрыспайтын. Толып отырған сыныптың арт жағындағы оқушылар да жақсы естісін деп қаттырақ сөйлеймін деп ақталды. Бірақ шағым негізінде директорға онымен қош айтысуға тура келді", – деп әңгімеледі директордың орынбасары.

Осы орайда Павлодар облысының Ақсу қаласындағы білім бөліміне қарасты мектептердің бірінің педагогикалық ұжымы да қорған болуды сұрап, билікке ұжымдық хаттарын жариялады.

Ата-ана не дейді?

Істің мәнісі мынада: осының алдында мектеп оқушыларының бірінің анасы аталған білім ордасының қызметкерлерін жазалатқызуды сұрап, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовке шағымданыпты. Арыз иесі, екі баланың анасы Ақмаржан Т.-ның айтуынша, оның үлкен қызы Ғазиза 8-сыныпта оқиды екен.

"Мен балаларымды асырау үшін екі жұмыста шаншылып жұмыс істеуге мәжбүрмін. Олар ештеңеден тарықпасын деп барымды салудамын. Өзім Павлодар қаласында қызмет атқарамын. Балаларым ата-әжесінің қолында тұрады, соларға әр демалыс күндері барып, көрісіп тұрамын. Балаларым жақсы оқиды, түрлі конкурстарға қатысады", – деді ол.

Бірде балаларын көруге кезекті рет келгенде, бірі мектепте қысымға ұшырағанын біліпті. Нақтырақ айтқанда "оның қызы мен дене шынықтыру мұғалімі арасында қақтығыс болған" көрінеді.

"Мұғалім өзін боқтады, былапыт сөйледі деп менің қызымды айыптаған. Мұғалім дереу ол туралы мектеп директорына дейін жеткізген. Содан директор жедел түрде 5 педагогтен тұратын комиссия жиыпты. Кабинетіне соларды отырғызып, менің қызымды шақыртқан. Бұл ретте баланың заңды өкілдеріне, яғни анасына хабарламаған. Содан бұлар қызыма психологиялық қысым жасап, айыбын мойнына қойып, мойындауға мәжбүр еткен. Ата заңымыздың 17-бабында ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды деп анық жазылған. Ал балалардың құқықтарын қорғайтын заң қайда қалды?", – деді Ақмаржан.

Оның баяндауынша, мектептен қызы қатты қапаланып, торығып оралыпты. Анасы одан не болғанын сұрастырып, сыр суыртпақтаған.

"Қызым өзіне директор мен мұғалімнің зекіп, жекіргенін, оның жасамағанын жасады деп, босқа айыптағанын айтты. Мен мұндай жерде оқып жүрген қызымның өмірі мен денсаулығына алаңдайтын болдым. Мектеп директоры мені өзіне шақырып алды. Оны үш сағаттай күттім. Сөйтсем, ол педагогтік ұжымды жинап, онда менің қызымның мінез-құлқын талқыға салыпты. Қызымның өзге мұғалімдері не оқиға болғанынан хабарсыз екен, оларға директор ханым өз тұрғысынан хабарлап, менің қызымның аморальды, бейәдеп өмір салтын ұстанатынын айтқан көрінеді. Ана емеспін бе, бұл туралы естігенде, қатты қорландым, зілді сөз жанымның түкпіріне дейін қозғау салды. Ұстаз адамның кішкентай қыз туралы бұлай айтуына қалай аузы барды?", – деп ашынады ана.

Оның мәліметінше, мектеп директоры себебін түсіндірместен, одан қызын құжаттарымен бірге мектептен алып кетуді талап етіпті.  Сондықтан ол Балалардың құқықтарын қорғау басқармасына шағымданған. Сонымен қатар Ақсу қаласының білім бөлімінің басшысына жүгініпті.

"Білім бөлімінің басшысы мені және мектеп директорын бетпе-бет сөйлесуге шақырды. Әміренова өзін қорғау үшін үш машина толы педагогтерді алып келді. Талқылау барысында қызымның мұғалімді боқтағанын дәлелдей алмады. Дене шынықтыру мұғалімі қателескен шығармын деп тайқып шыға келді. Бірақ мен әділдікке жеттім деп ойламаймын. Мектеп директоры мені қорқытты, балаларыңның құжатын әкет деп тықақтады. Тіпті жоғарыда "крышасы", байланыстары барын ескертіп, мені ата-аналық құқықтарымнан айыратынын айтып, доқ көрсетті", – дейді арызданушы ана.

Сол себепті ол мұнымен шектелмей, өз жағдайын баяндап, әлеуметтік желіде "Жалғыз басты анадан балаларын мектептен алып кетуін талап етуде" деген видео орналастырған.

Оның дерегінше, дәл осы директорға өзге тұрғындар да, мұғалімдер мен техникалық персонал да шағымданады екен, бірақ "шағымдар қаралмайды, мәселе шешілмейді". Соған қарап, шынында жоғарыда жақсы тірегі бар шығар деп болжапты. Жалғызілікті ана директорды ақыры кетіруге ниетті. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтен де соны жұмысынан босатуды сұрады. Әйтпесе, ол кетпесе, қызына күн бермейді, бұл мектептен кетуіне қол жеткізеді деп алаңдайды.

Мектеп ұжымы өкілдерінің уәжі

Мектептің педагогикалық ұжымы атынан жазылған хатта әрине, бұл айтылғанның бәрі жоққа шығарылады.

"А. өз хатында мектеп директоры Л.Әміренованы және педагогтерді өзінің қызына қысым жасап, қорлады деп айыптайды. Жалған фактілерге сүйеніп, Ақсу қаласының білім бөлімінің басшысы Қ.Смағұлов арызданушы отбасының жағына шықты. Салдарынан, директор, сондай-ақ Профилактика кеңесінің мүшелері жазаға тартылды. Мектеп директоры Әміреноваға жыл соңында жұмысынан босатылатыны туралы хабарлама берілді. Профилактика кеңесін өткізу кезінде қыз балаға ешқандай қысым жасалған жоқ. Барлығы заң аясында өтті. Қыздың сөзі тыныш, байсалды ауанды тыңдалды. Қыз бала мұғалімді бағалағаттағанын жоққа шығармады. Әңгімелесу кезінде сыныптан екі ата-ана қатысып отырды, оның бірі – сол Ғазизаның туған әпкесі", – деп түсіндірді ақсулық ұстаздардың хатын жариялаған педагог Нұрболат Садықов.

Ол түймеден түйедей етілген дау салдарынан оған қатысы болған тәжірибелі мұғалімдердің өзі біліксіз, кәсібіне жарамсыз деп айыпталғанына қынжылды.

"Мұны ұстаздардың жанайқайы деп түсініңіздер. Мұғалімдеріміздің көбі ғұмырын педагогикаға арнаған сала ардагерлері. Олар кезінде осы мектепті бітіріп, кейін педагог ретінде қайта оралған түлектер. Мұндай бассыздық пен заңсыздық қаншалықты ұзаққа созылады. Бәріміз зарыға күткен "Педагогтың міртебесі" туралы заңдағы тетіктер қашан пәрменді жұмыс істей бастайды? Сонда біз өзімізді қорғау үшін не істеуіміз керек? Әрбір оқушы мен ата-ана балағаттап, бетімізге "түкіре" берсе, қалай қызмет етеміз? Ауыл-аймақта жұрт бір-бірін жақсы таниды, жүзтаныс. Соңымыздан жала мен өсек ерсе, қандай ата-ана беделі бүлінген мұғалімге өз баласын сеніп тапсырады", – деп ашынады ашық хат жазған ақсулық педагогтер.

Олар жауапты органдардан орталықтан комиссия жіберіп, тәуелсіз тексеру жүргізуді өтінді.

Бұл жерде мұғалімдердің дәрменсіздігі де қайран қалдырады. Олар заң бойынша өздері де сотқа жүгініп, ар-ожданы мен беделін құқықтық өрісте қорғау құқығына ие екені мәлім.

Сонымен бірге мәселенің өзекті екенін түсініп, Оқу-ағарту министрлігі білім беру заңнамасына түзетулер енгізетін заң жобасын әзірлеуде. Ведомствоның түсіндіруінше, "Әлеуметтік кепілдіктер беру бөлігінде де педагогтердің құқықтарын бұзу" орын алып жатыр. Мысалы, министрлікке қандай да бір мектепке жаңадан ауысқан, жаңа тұрған, сөйтіп, 1 қыркүйектен 25 мамырға дейін еңбек қызметін жүзеге асырған педагогтер тарапынан шағымдар көп келіп түседі.

"Педагог мәртебесі туралы" заңына сәйкес, әрбір педагог 56 күн көлемінде жыл сайынғы еңбек демалысын алуға құқылы. Алайда бір жұмыс жылы ретінде қызметкер жұмысының бірінші күнінен бастап есептелген күнтізбелік он екі ай есептелетіні белгілі. Тиісінше, істегеніне толық бір жыл толмаған педагогтарға 56 күн жазғы демалыс берілмейді екен. Олардан директорлар демалысқа кеш кетуді немесе ерте шығуды талап етеді. Оның үстіне сауықтыру жәрдемақысы төленбейді. Бұл қысастыққа нүкте қою үшін заңнамада барлығы нақты жазылғаны жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу