Мұғалімге де, балаға да ауыр: Мектептердегі орын тапшылығы қашан шешіледі

385

Қазақстан әлі күнге үш ауысымды мектептердің мәселесін шеше алмай келеді. 

Мұғалімге де, балаға да ауыр: Мектептердегі орын тапшылығы қашан шешіледі Фото: kaz.caravan.kz

Әйтпесе тақырыптың айтылып келе жатқанына ондаған жылдар болды. Жыл сайын салынып жатқан оқу орындары проблеманы неге шеше алмай жатыр?

Министрлік мәселе бір жылда жойылатынын алға тартады

Дамыған елдерді ысыра тұрайық, әлемде біз қатарлы дамушы елдердің көбінде үш ауысымда оқыту болмаған.

Мәселен, Вьетнам, Аргентина, Малайзия, Түркия және Таиландты қарастыра аламыз. Белгілі бір деңгейде билік бала санының тым көптігін алға тартуы мүмкін. Бірақ жоғарыда атаған елдердің қай қайсысында да халық саны бізден бірнеше артық. Яғни, мемлекеттерге халық санының көптігі сылтау емес, бастысы – бір ауысымда оқытуды негізге алады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сенсек, қазір елімізде 8 мыңға жуық мектепте 3,9 млн бала білім алуда. Оның ішінде 3 мыңға жуық мектеп – бір ауысымда, 4,7 мың мектеп екі ауысымда білім береді. Ал үш ауысымда оқытатын мектептер саны – 64. Ел аумағындағы мектептер санының 0,7 пайызын құрайды. Ведомство 2025 жылдың соңына дейін үш ауысымды мектептерден түгелдей құтылатынын жария етіпті..

Болжап қарасақ, жоспарды іске асыруға жыл соңына дейін ел аумағында 50 шақты жаңа мектеп салынып бітуі керек сияқты. Бірақ мемлекет жылдың соңына дейін 460 мың баланы сыйдыра алатын 217 мектеп ашылатынын мәлімдегені есте.

Басқа өңірлерді айтпағанда Астананың өзінде үш ауысымда оқытатын 4 мектеп бар – №37, 71, 79, 83 білім ордалары. Сенатор Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, мектептер өз сыйымдылығынан 3-4 есе көп баланы қабылдауда.

– Қалада жыл сайын жаңа мектептер салынып жатқанымен, елордамызда үш ауысымдағы білім ошақтары әлі бар. Соның бірі – №71 мектеп-лицей. Білім ошағы негізінен 1200 оқушыға арналған, бірақ қазір 5299 оқушы үш ауысымда оқып жатыр. 20 балаға арналған әр сыныпта 40 оқушыдан болып отыр. Мектеп осыдан 10 жыл бұрын ғана салынған, алайда "Жайлы мектеп" жобасымен салынып жатқан мектептермен салыстыру қиын. Дәліздері тар, сыныптар қапырық. Мектеп әлеуметтік көпқабатты үйлер шоғырланған ауданда орналасқандықтан, 5 мыңнан аса баламен қатар, мыңдаған ата-анамен жүйелі жұмысты талап етеді. Салыстырмалы түрде мұнда ерекше көңіл бөлуді қажет ететін, ментальді ауытқулары бар балалар саны да біршама. Олармен жұмыс істеуге арналған бөлмелердің жабдықталуы тым жұпыны, – деп жазды ол.

Бұл тұста ауыртпалық мұғалімдерге түсетіні даусыз. Көбі өз еңбекақыларының мәселесін айтқан. Тіпті, оқулықтардың сапасы төмен екенін де жеткізіпті. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер жалақыларын көтеруді сұраған. Жыл соңына дейін ұстаздар мен оқушылар жаңа мектептердің игілігін көріп, ауыртпалықтан құтыла ала ма, ол жағы алдағы күннің еншісінде.

Бала қауіпсіздігі алаңдатады

Үш ауысыммен оқытудың ауыртпалығы мұғалімдерге ғана емес, оқушылар мен ата-аналарына да түседі. Мысалы, соңғы ауысымда оқып жатқан бала сабағынан кешкі 20:00 шамасында шығады. Қараңғы уақытта үйлеріне қайтуға мәжбүр. Тіршілік сабылысқан уақытта балалар ата-анасының келіп, алып кетуіне мәжбүр болады.

Негізі Денсаулық сақтау министрлігінің "Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларына сәйкес, стандарт бойынша бір сыныпта 25-тен артық оқушы отыра алмайды. Ал қазір көп мектептерде 40 баладан тұратын сыныптар жетерлік. Астанадағы Қ.Мұхамедханов көшесі бойындағы №79 мектеп-лицейі де үш ауысымда оқытуда. Бір қызығы, көше бойында орналасқан жалғыз мемлекеттік мектеп осы ғана екен. Қалғандары оқу ақысы жылына 2-3 млн теңге тұратын жекеменшік білім ордалары. Оған отбасылардың жағдайы жетпейтіні біз айтпасақ та түсінікті.

"Жайлы мектеп" жайлы бола ма

Еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарында көптен бері "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын жүзеге асыру жайлы деректер шығып жүргенін көз шалады. Жобаның мақсаты бойынша, 2030 жылы Қазақстанда үш ауысымдық түгілі, екі ауысымдық мектептер де қалмауға тиіс.

Мысалы, Астананы алып қарар болсақ, өткен жылы 24 мектеп ашылған екен. Соның арқасында 4 үш ауысымды мектеп, тым тығыз 5 мектеп, апатты 1 мектеп, 19 мыңға жуық орын тапшылығы жойылыпты. Ал биыл 23 мыңға жуық орынды қамтитын 15 жаңа мектеп ашылмақ.

Бір қызығы, мақсаты 2030 жылға дейін мектептердегі орын санын реттеуді көздейтін "Жайлы мектеп" жобасы биыл аяқталады екен. Әзірге елордалықтар жоспардағы 7 мектеп салынса ғана елордада үш ауысымды оқытудың мәселесі шешілетініне сенімді. Десе де бас қалаға өзге өңір азаматтарының жаппай ағылуы мен халық өсімі болып жатқанын ескерсек, алдағы уақытта проблема болмайды деп кесіп айта алмаймыз. Демек, ел аумағында, әсіресе қалаларда мектеп салу үздіксіз процеске айналғаны жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу