Мұғалімнің орнын үш тілде еркін "сөйлейтін" қалам басты

Кенже Жомарт Кенже Жомарт
4030

Қазір Қазақстанда қызу талқыланып жатқан өзекті мәселенің бірі – үш тілде білім беру жүйесі.

Мұғалімнің орнын үш тілде еркін "сөйлейтін" қалам басты

Еліміздің Білім және ғылым министрлігі биылғы оқу жылынан бастап кейбір мектепте бұл жүйені ілкі жоба ретінде іске қосты. Бірақ, білім министрі Ерлан Сағадиев пен халық бұл мәселеде әлі ортақ шешімге келе алмай отыр. Екі тарап "дауласып" жатқан аралықта, Астанада тұратын кәсіпкер, Инновациялық-зияткерлік технологиялар академиясының бас директоры Нұралы Құдайбергенұлы тек оқушы ғана емес, тіл үйренемін деген кез келген адам үшін қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде еркін сабақ өткізе алатын қалам ойлап тауыпты. Нұралы мырза осы жобасын Назарбаев университетінде таныстырып бола салысымен, abctv.kz-ке экслюзивті сұхбат берді.

– Нұралы мырза, бұл жобаңыздың негізгі мақсаты – қазақ тілін үйрету екен. Дегенмен, қазақ, ағылшын және орыс тілдеріндегі 50 000 сөзді "жатқа білетін" бұл қалам ағылшын тілін де үйрете ала ма?

– Біріншіден, мен қазақ тілін тез үйрену үшін инновациялық шешімдерді пайдалану керек деп санаймын. Қазақ тілін үйретудегі негізгі проблеманың бірі – ауызекі тілде ең жиі қолданылатын сөздердің сөздігін әзірлеу. Қазақстанда ондай ауызша, дыбыстай отырып үйрететін сөздік жоқ. Себебі, қазір тұрмыста ең жиі қолданылатын қазақ тіліндегі сөздердің қорына, жалпы, осы бағытына ешқандай зерттеу жүргізілген емес. Жеке өз басым ондай жұмыстарды кездестірген жоқпын.

Мысалы, егер расында да бұл бағытта ғылыми зерттеу жүргізілген болса, адамның бір тәулікте, бір аптада, бір айда, тіпті бір жылда қандай сөзді жиі қолданғанын анықтау үшін үздіксіз аудиожазба жүргізілген болса, сосын барып сол жазбаны анализден өткізгенде, қазақ тілінде ауызша сөйлесуге қажетті сөздердің сөздігін жасай алатын едік.

Дегенмен, ағылшын тілінде мұндай зерттеу жүргізілген және ағылшындар өз тілдеріндегі 50 000 негізгі сөзді анықтап, оны осындай жүйеге енгізген. Ойлап қарасақ, егер де бұл жүйе ағылшын тіліндегі 10 000 сөзден ғана құралса, "10 000 сөз аз, кейбір сөз тіпті жиі айтылатын сөздер қорына енбей қалуы мүмкін" деуге болатын еді. Бірақ, 50 000 (!) сөз өте үлкен қор.

Сондықтан, біз ағылшын тілінде жиі кездесетін осы 50 000 сөзді алып, сөздерді қазақ және орыс тілдеріне аударып, оларды түгелдей аудиожазбаға түсіріп, мына қаламға "салдық". Бұл жерде ең маңыздысы – осы қаламға 50 000 сөзді енгізудің технологиясы.

Енді қазақ және ағылшын тілдерін үйретемін деген кез келген ұстаз менің осы технологиям бойынша орналасқан сабақты рет-ретімен алып, қағазға басып, баланың өзіне беріп қоя алады. Сабақ мәтінін қағаздың кез келген түріне басып шығаруға болады. Міне, сол қағаз бетіндегі сөздер мен сөйлемдерді қалам өзі танып, ауызша айтып береді. Қалам әрбір сөзді, әрбір сөйлемді қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқып бере алады деген сөз.

– Яғни, бұл қалам қолына тиген кез келген адам тілді өз бетінше үйреніп алады дейсіз ғой?

– Әрине, дәл солай. Бұл қалам сізді тыңдай алады, оқи алады, аудара алады. Кез келген сөзді буындап, оқып береді. Әртүрлі сөзді бассаңыз, сол сөзді пайдалана отырып, сөйлем құрастырып бере алады. Тіпті, қате түзетіп, сіз дұрыс сөзді баспайынша, теріс белгі беріп тұрып алады.

– Бұл қаламды өзіңіз ойлап таптыңыз ба?

– Жоқ, бұл қалам Жапонияда жасалады. Мен осы қаламға қазақ тілін үйретудің осындай технологиясын енгізген адаммын. Бұл жерде аражігін ажырата кететін жайт, Жапония қаламды ғана шығарады, яғни, әрі қарай бұл қаламға қандай технология енгізіп, қалай пайдаға жаратамын дегенді жас инноватордың өзі шешеді. Қалам Жапонияда жасалғанмен, оның ішінде ешқандай бағдарлама, тіпті, осы тіл үйрететін технология жоқ. Тіл үйрету үшін қолдануға болады деген идея келген соң, мен осы бағытты зерттей бастадым.

– Бұл жап-жаңа тіл үйрету технологиясын кімдерге ұсынып үлгердіңіз, қандай ұйымдарға ұсыну ойыңызда бар?

– Әлі ешкімге ұсынған жоқпын. Сұхбат алдында ғана Назарбаев университетінде алғаш рет таныстырып өттім. Назарбаев университеті озық технологияның ордасына айналып отыр ғой. Сондықтан, тәуекел деп осы университеттен бастадым. Менің жоспарым – бұл қаламды Білім министрлігіне ұсыну керек. Өйткені, министрлік үш тілде сабақ беру жүйесін бастамақ. Ал, бір қаламның көмегімен ғана үш тілде оқытудың жүйесі менің қолымда дайын тұр. Менің ойымша, бұл ата-ананың да тіл үйренуіне көп септігін тигізе алатын құрал.

– Қазір қолыңызда осындай неше қалам бар? Және де қанша қаламға осы технологияны орната алатын мүмкіндігіңіз бар?

– Білесіз бе, бәрі инвестицияға байланысты. Егер инвестиция табылса, бір айда бүкіл Қазақстан оқушысына жететін қалам дайындап бере алатын едік.

– Сонда қанша инвестиция керек?

Қазір осы жұмысты толықтырып, жетілдіріп, жан-жақты жасап шығу үшін шамамен 300 мың доллардан бастап 1 млн долларға дейін қаржы керек.

– Жапонияда осы қаламның бағасы қанша?

– Қалам қымбат емес, қазір Жапониядағы бағасы шамамен 50 доллар шамасында. Қаламды жасап шығару қиын емес, тіпті, біздің елімізде де жасауға болады. Ең маңыздысы – соған орнататын ақпараттық бағдарлама ғой.

– Егер инвестор табылып, технологияңыз сатыла бастаса, қаншаға бағалайсыз? Мысалы, менің жекеменшік мектебім бар делік және бұл қаламға қатты қызыққандықтан, оқытушыларым мен оқушыларыма осы қаламды сатып бергім келсе, оқушылар саны орташа бүкіл мектепті қамту үшін қанша қаржы төлеуім керек?

– Егер ақпараттық технология сынақтарға шыдап, сәтті жүзеге асса, мысалы 10 000 дана тиражы 500-1000 доллар көлемінде сатылуы әбден мүмкін.

– Осы технологияны жасап шығаруға қанша уақытыңыз "шығындалды"?

– Алты жыл уақытым кетті. 2010 жылдан бастап қолға алған жобам. Атауын "Қазақ тілін оқытудың инновациялық шешімі" деп атадым.

– Бұл жобаңызға мемлекеттен қолдау іздеп көрдіңіз бе?

– Жоғарыда айтқанымдай, жаңа ақпараттық жүйені енді дайындап бітіп, бүгін алғаш рет таныстырдым. Жобаны бүгін ғана таныстырғандықтан, бұның барлығын уақыт көрсетеді.

– Сұхбатыңызға көп рахмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу