Мүгедек жандарға арналған киімдер тігілмек

Сұлугүл Бакесова Сұлугүл Бакесова
4997

Қазақстанда арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы киімдер тігіліп, оларды сататын арнаулы дүкендер ашылмақ. Бұл туралы кеше орталық коммуникация қызметінде өткен мүгедек жандардың өмір сапасын арттыру мәселелеріне арналған баспасөз конференциясы барысында белгілі болды.

Мүгедек жандарға арналған киімдер тігілмек

Тіпті осыған қатысты денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының заңды тұлғалар бірлестігі мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойыпты.

Сонымен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған киім тігу идеясы қайдан пайда болды және оған сұраныс бар ма? Қазақстанда бұл жоба алғаш рет қолға алынып отыр. Ал АҚШ, Германия, тіпті көрші Ресей елінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған түрлі-түсті сәнді және күнделікті өмірде киетін киімдер тігіліп қана қоймай, керек десеңіз, жүріп-тұратыны, арбаға таңылғаны бар, қолы немесе аяғынан айрылғаны, зағип дейсіз бе, түрлі топтағы мүгедектер киімнің сән үлгілерін көрсетуге қатысып келеді. Мұның өзін ресейліктер қомсынып, мүгедектерге арналған киім индустриясының кемшін қалып жатқанын айтады. Жалпы мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап киім тігу мәселесі осыдан 20 жыл бұрын қозғалған екен. Ал бізде бұл шаруа енді қолға алынды. Қалай десек те, игіліктің ерте-кеші жоқ. Ең бастысы, қозғалыс бар.

Бұл сөзімізді жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худова растай түседі. Ол осы қауымдастықтың заңды тұлғалар бірлестігі мүмкіндігі шектеулі жандардың мұқтажын өтейтін және олардың функиональды мүмкіндіктерін ескеретін киімдердің отандық өндірісін қарастырған "Adaptive Clothing and Shoes" атты жобаны іске асыруға кіріскенін айтады.

Егер дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлем тұрғындарының 15%-ға жуығын түрлі формадағы мүгедектер құрап отыр. Ал Қазақстанда денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрілігі алға тартқан деректер, 2015 жылы тіркелген мүгедектер саны 637217 адамға жеткенін, оның 75712-сін 18 жасқа дейінгі балалар құрайтынын айғақтап отыр. Ал осы мүмкіндігі шектеулі жандардың 18%-ы Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелсе, 11%-ы Алматы, 9%-ы Шығыс Қазақстан облыстарының еншісінде екен.

"Әлем өзгерді. Онымен бірге мүмкіндігі шектеулі жандардың да ой-талғамы, көзқарасы өзгерді. Қазір мүгедек адамдарға толыққанды өмір сүруге мұрсат беретін жақсы орта қалыптасқан. Олар өте белсенді, өздеріне сенімді. Сондықтан олардың киетін киімдері өз талғамдарына сай, ыңғайлы болуы керек. Мүгедектерге арнап киім тігу шаруасын әлем елдері де жақын арада қолға алды. Қазір әлемде мүгедектерге арнап киім тігетін 200-ге жуық өндіріс орны бар. Олардың көбісі, арбаға таңылған жандарға арнап киім тігеді", – дейді қауымдастық басшысы Любовь Худова.

Худова ханым, арба пайдалануға мәжбүр жандар, церебралды сал ауруына, Даун синдромына шалдыққан балалар, ампутация жасаған, бойы аласа, соқыр және көру қабілеті төмен адамдар, бастарынан радикалды мастэктомия өткен әйелдер, сондай-ақ, қарт және уақытша қозғала алмайтын адамдар арнайы құрастырылған киімге мұқтаж екенін жеткізді. Сауалнама жүргізгенде, респонденттердің 60%-дан астамы киімнің қолайлы болуын тілге тиек етсе, қалғандары киім өлшемінің дене бітімдерімен сәйкес келгенін қалайды екен. Тағы бір мәселе, қазір мүгедектердің көбісі қажетті киімді базардан сатып алғанда, өлшеп киюге жағдайдың жоқтығымен жиі кездесетінін наз қылып айтыпты. Сондықтан киім үлгілерін жасау барысында бұл өтініш-тілектер назарға алынған.

Ең бастысы, бұл жандарға киім үлгілерін әзірлеу барысында пайдаланылатын материалдың созылмалы тоқыма матадан жасалуына, матаның сапалы әрі еркін қозғалуға қолайлы болу жағына басымдық берілмек. Мұнымен қатар бұл киімдерде мүгедек жанның өзі немесе күтушісі жеңіл киіндіріп, шешіндіру үшін арнайы детальдар мен функционалды түйіншектері болмақ. Ал дизайнына келсек, киімдер ұлттық ою-өрнекпен, гүлмен, аң бейнеленген кестелермен безендіріледі.

Ал мүмкіндігі шектеулі жандардың көбісінің жұмыспен қамтылмағанын, бір ғана зейнетақы немесе жәрдемақымен күн көріп жатқанын еске салып, мүгедектер үшін бұл киім қолжетімді ме деген тілші қауым сұрағына, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындар қауымдастығының президенті Любовь Худова баға саясаты әлі нақтылана қоймағанын, бірақ нарық бағасынан міндетті түрде төмен болатынын жеткізді.

"Әрине, біз шетелде мүгедектерге арнап тігілетін киімдердің бағасына талдау жүргіздік. Біздің киімдер баға жағынан да, сапасы жағынан да бәсекелестікке төтеп беретініне сенімдімін. Киім үлгілерін дайындау біздің алғашқы қадамымыз", – дейді Любовь Худова.

Жалпы қауымдастықтың алға қойған мақсаты айқын. Еліміздегі кемтар жандарды күнделікті өмірде киетін қолайлы киіммен қамтамасыз ету. Қазір қауымдастық құрамында түрлі киім түрін тігетін 114 компания бар екен. Олар бұл жобаны сәтті жүзеге асыруға құлшыныс танытып отырған сыңайлы. Енді мүгедектерге арнайы киім үлгілерін сызып, әзірлеп беретін отандық дизайнерлерді тарту қалып отыр. Олардың арасында, жоғарыда атап өткен меморандум аясында мүгедектерге арналған киімді құрастырудан байқаудың да жарияланғанын айтар едік. Қауымдастық басшысы тіпті болашақта қолға алатын жоспарларымен де бөлісті. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап аяқ киім өндірісін қолға алу бар. Сонымен қатар өнермен, спортпен айналысатын мүгедек жандарға арналған киім де тігу ойда бар екен.

"Біз отандық өндірістен шыққан мүгедек жандардың киім үлгілерін ұлттық ою-өрнекпен безендіруді ойластырдық. Өйткені шетелге шығатын мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Солардың киіміне қарап елімізді танып білсе деген ой бар", – дейді Любовь Николаевна. Оның сөзін шараға қатысқан "ДОС" тәуелсіз өмір" орталығы мүгедектер қоғамы бірлестігінің атқарушы директоры Ардақ Оторбаев та қостайды. "Киімдеріміз ұлттық өнерден хабар беріп тұрса, жақсы болар еді. Мен өзім шетелге көп шығамын. Мен сияқты көптеген мүгедек жан бар шетелге шығатын. Сонда біз Қазақстаннанбыз, мынау біздің ұлттық брендіміз деп көрсетер едік. Және де бір тілек, киім үлгілерінің дайындығына қатысты кеңеске бізді де қоссаңдар", – дейді Ардақ Оторбаев.

Жоғарыда мүгедектерге арналған киімдер сататын арнайы дүкендер ашылатынын да айтып қалдық. Бірақ бұл бастапқыда екі қалада, Астана мен Алматыда ашылады деп жоспарланып отыр.

Мамандандырылған дүкен ашу Ресейде де өзекті мәселелер қатарында екен. Мәселен бала кезінен арбаға таңылған мүгедек сайысшы Людмила есімді әйел арбаға таңылған мүгедектер арасында етжеңді келген толық адамдардың бар екенін және оларға Ресей дүкендерінен өздеріне сай келетін киімді табу қиын екенін айтады. Ал бұрын медбике болып, кейін тағдыр тауқыметін тартып, кемтар жандар қатарын толықтырған Елена есімді нәзік жан, мүгедек жандарға арналған киімдер мейлінше олардың кемістігін жасырып тұруы және кең болуы керек екенін айтыпты. Мұндай пікір, ұсыныстар мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан табылатыны анық. "Киім пішсең, кең піш" дегендей, дизайнерлер мүгедекке арналған киім дизайнын жасау барысында осыны ескеріп, кемтар жандардың сұраныс-талғамынан шықса деген бір ғана тілек бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу