Мүйіз бизнесіне субсидия беріледі

3914

ШҚО - дағы марал шаруашылығын қолдау үшін бюджеттен 100 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылады.

Мүйіз бизнесіне субсидия беріледі

"Атамекен" ҚҰП-тың қолдауымен Шығыс Қазақстан облысындағы  марал шаруашылығымен айналысатын 18 шаруа қожалығына әрбір ұрғашы маралдың басына 41 мың теңгеден субсидия берілетін болды. 

Бұл қаражат малдың жем-суы, қора-жайларының құрылысына кететін алғашқы қаржылық шығындарды өтеуге мүмкіндік береді.

"Өткен жылы республикалық бюджеттен ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығына  субсидия бөлу мәселесі шешілер шақта  марал шаруашылығы тізімге енбей қалып еді. Алайда КҰП бұл мәселені қайта қарау жөнінде ауыл шаруашылығы вице-премьер-министрі Асқар Мырзахметовке өтініш білдірді. Нәтижесінде Асқар Мырзахметовтің бұйырығымен марал шаруашылығы тізімге енді, – деді Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары, техника ғылымдарының кандидаты, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент мүшесі Нұрлан Тоқтаров. – Енді шаруа қожалықтары ұрғашы мал басына арналған субсидияны алуға құжаттарын рәсімдеп, дайындай берулеріне болады".

Шығыс Қазақстан облысы – еліміздегі өнеркәсіптік марал шаруашылығымен айналысатын жалғыз аймақ. Нұрлан Тоқтаровтың айтуынша, қазір өңірдегі 18 шаруа қожалығында шамамен жеті мың бас марал, ал жеті шаруа қожалығында асыл тұқымды мал өсіріліп жатыр.

Марал шаруашылығының үш бағыты

"Барлық шаруашылықтардың табыс деңгейі төмен. Олар бүгіннен аман өтіп, бастапқы шығындарының орнын өтесе болды. Кеңестік кезеңде марал өсірушілерге малдың қоспа жемі үшін арнайы қор бөлінетін, бір кеңшардың өзіне бір ауданға жететін қор үлестірілетін", – дейді Нұрлан Тоқтаров.

ҒЗИ-дің ақпаратына сүйенсек, бүгінгі таңда марал өсіру саласы үш бағытқа бөлінген. Біріншісі – өнімнің экспорты. 1990 жылдары бұл өте табысты бағыт болатын, мүйіздің әр келісі 1000 долларды құраған. Кейін алыпсатарлардың ішкі нарықта бағаны әдейі төмендетуінің салдарынан, баға 120 долларға дейін түсіп кетті. Олардың негізгі тұтынушылары Оңтүстік Корея болып табылады. ШҚО-да марал өсірушілер қауымдастығының құрылуы және 2014 жылы марал өсірушілердің дүниежүзілік конгресі ШҚО-ға келуінің арқасында бағаны көтеруге мүмкіндік туды. Қазір марал мүйізінің бір келісі 300 долларға жуық тұрады.

Нұрлан Тоқтаровтың айтуынша, бұл бағыттың табысы 10%-дан аспайды. Малдың жем-суына жұмсалатын шығын шаш етектен, марал өсіретін шаруашылықтардың техника сатып алуға, жаңа қоршаулар салуға мүмкіншілігі жоқ.

Екінші бағыт – маралдың мүйізін, бал, жабайы өсімдіктерді пайдалану арқылы марал өнімдерінен биологиялық белсенді қоспа дайындау. ШҚО-да мұндай өнім шығарып, Қазақстан бойынша сататын бірнеше компания бар. Олардың қатарында Қатон-Қарағай ауданындағы "Ақсу-Дэен БК" ЖШС, "Қатон-Қарағай бұғы паркі", "Баян" шаруа қожалықтары, "Багратион" ЖШС, "Гемма" ЖШС бар.

Бұл бағытта табыс деңгейі сәл жоғары – 40%-ға дейін жетеді, бірақ сұраныс төмен болғандықтан өндіріс көлемі шағын.

Үшінші бағыт – шипажайларда сауықтыру-терапиялық қызметтер көрсету. Бұл негізінен марал өсіру шаруашылықтарында маралдың мүйізі кесілетін кезеңде – маусым-шілде айларында өткізіледі. Нұрлан Тоқтаровтың айтуынша, бұл қызмет түрі халық арасында үлкен сұранысқа ие. Марал өсірушілерге айтарлықтай қаржылық қолдау көрсететін міне осы бағыт. Сауықтыру маусымында барлық шипажайларда бос орын табылмайды, мұнда бір тәулік жатудың құны 10 мың теңгеден 30 мыңға дейін жетеді.

"Бірақ бүгінгі таңда марал өсіру шаруашылықтарының жанынан ашылған сауықтыру шипажайларына келушілер үшін ең болмағанда "үш жұлдызды" деңгейде жағдай жасауға мүмкіндік жоқ. Көп жерде әжетхана сыртта орналасқан. Сондай-ақ адамдарды марал өсірілетін жерге жеткізуде қиындықтар бар", – деді ол.

Бүгінде Қазақстан бойынша отыздан астам пантымен емдеу бөлімшелері ашылған. Олардың ең ірісі – Ақмола облысындағы "Оқжетпес" шипажайы, "Кендірлі" шипажайы (Маңғыстау облысы), "Арман" шипажайы (Қарағанды облысы), Астанадағы "Қатон-Қарағай" сауықтыру ортылығы. Оларға шикізат ШҚО-дан жіберіледі.

Ғылыми-зерттеу орталығының мәліметіне сүйенсек, пантымен емдеудің ҚР денсаулық сақтау министрлігі бекіткен әдістемесі бар. Ол кез келген сауықтыру мекемелерінде қолданыла береді.

Түркияның орнына Қатон-Қарағай

Нұрлан Тоқтаровтың мәліметі бойынша, өзі басшылық етіп отырған республикалық марал өсірушілер палатасы көп жылдан бері сауықтыру туризмін дамытуға субсидия қажет екенін дәлелдеумен әлек.

"Даму" қоры, өзге де дамыту институттары қойып отырған шарттар жаңа орталық салу үшін қаражат алуға мүмкіндік бермейді. Ал шаруашылықтардың өздерінде қаражат тапшы болғандықтан жаңа құрылыс салуға мүмкіндігі болмай тұр", – деп баса айтты ол.

Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылық ғылыми-зерттеу институты, республикалық марал өсірушілер палатасы, Шығыс Қазақстан марал өсіру шаруашылығы қауымдастығы 100 орынға арналған қанатқақты жобаны енгізу үшін республикалық бюджеттен қаржыландыруға қол жеткізгілері келіп отыр. Бұл жоба ауылшаруашылық инфрақұрылымын дамытуды, тұрпатты сауықтыру кешенін салу, оны көлікпен қамтамасыз етуді қарастырады.

"Адамдар үшін демалыс орындарын таңдауға мүмкіндік туар еді. Есептеуіміз бойынша, біздің азаматтар Түркияда демалу үшін ай сайын тоғыз млн долларға дейін жұмсайды екен. Бұл шамамен үш млрд теңге. Ал қанатқақты жобаға 700 млн теңге кетеді. Содан кейін адамдар емделіп, сауығуға мүмкіндік туады", – дейді ауыл шаруашылығы ҒЗИ бас директорының орынбасары.

ҒЗИ мамандары қанатқақты жобаға қатысты мәселені парламент талқылауына шығармақшы.

Марал тектілік қоры

Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ҒЗИ жаздың басында марал табыны тұқымын жақсарту бойынша ғылыми тәжірибе нәтижесін алды. Бұл тәжірибе былтыр "Атамекен" КҰП-тың қолдауымен басталған болатын. КҰП бұл  тәжірибеге екі миллион теңге бөлген.

ШҚО Қытай  мен Жаңа Зеландияның қолдан ұрықтандыру тәсілін қолданбақшы. Бұған дейін елде ұрықтандыру өздігінен мал дәрігерінің  араласуынсыз болған еді.

"Тәжірибе үшін сегіз ұрғашы марал таңдап алынды, оның үшеуі төлдеді. Енді қалғандарын күтіп отырмыз, – деді Нұрлан Тоқтаров. – Тәжірибе Қатонқарағай бұғы саябағында және "Багратион" ЖШС-да өткізілді. Сонымен қатар адамдарды да үйреттік. Бірте-бірте марал табынын толық жаңарту жүйесіне көшеміз".

Республикалық марал өсірушілер палатасы мамандарының мәліметінше, ШҚО-ның барлық 18 марал өсіру шаруашылығы жаңа тәсілді қолдануға ниет білдірген. Әр ұрғашы маралды жасанды ұрықтандыруға жеті-сегіз мың теңге кетеді.

Әйгерім Сүлейменова, Ольга Ушакова, ШҚО 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу