Мұнай қымбаттады, алайда теңге айтарлықтай нығайған жоқ

Мұның себебін Ұлттық банк өкілі түсіндірді. 

Мұнай қымбаттады, алайда теңге айтарлықтай нығайған жоқ

Маусым айының басынан бері мұнай бағасы соңғы 2 жылда алғаш рет барреліне 75,90 деңгейіне дейін жетті. Алайда теңге бір АҚШ доллары үшін 425,6-428,7 аралығында саудаланып келеді. Яғни, шикізат нарығына байланысты құбылатын ұлттық валюта бұл жолы нығайған жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мұның себебін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова түсіндірді. Айтуынша қоймалардағы қордың төмендеуі және шектеулердің азаюына байланысты жаз мезгілінде сұраныстың ұлғаюы "қара алатын" бағасының өсуіне әсер еткен. 

Бұл ретте бас банк өкілі теңге бағамының нығаюын бірқатар ішкі факторлар тежеп отырғанын айтады.  

"Біріншіден, валютаға деген сұраныс іскерлік белсенділікті қалпына келтіру және локдаун кезіндегі тауарлар импорты есебінен туындайды. Ал қазір шектеулер кезінде кейінге қалдырылған тауарлар саудалануда. Қазақстан қор биржасында сауда-саттық көлемінің ұлғаюы экономикалық белсенділікті қалпына келтірудің және шетел валютасына сұранысты арттырудың айқын айғағы болып табылады. Егер 2021 жылғы қаңтар-мамырда сауда-саттықтың орташа көлемі бір күнде 125 млн долларды құраса, маусымда оның көлемі 146 млн долларға дейін өсті", – дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

2021 жылғы қаңтар-сәуірде импорт өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 11,5%-ға өсті. Ал тұтынушылық азық-түлікке жатпайтын тауарлар импорты мен өндірісі 11,4 млрд долларға жеткен. 

"Егер нақты мысалдар келтіретін болсақ, ең үлкен өсімді автокөлік импорты саласынан байқауға болады. Елге былтырғы жылдан 200 млн долларға көп көлік импортталған. Қазақстанға алып келген тауарлар арасында ең жиі кездесетіні тұрмыстық техника: компьютерлер, мониторлар және проекторлар, телефондар, тоңазытқыштар да бар", – дейді Әлия Молдабекова.

Сарапшының айтуынша елімізге импорттық тауарлардың шамамен 40%-ы Ресейден әкелінеді. Жылдан жылға аталған үрдіс артып келді. Оған нақты деректер дәлел. Мәселен, 2021 жылғы қаңтар-сәуірде Ресейден 2020 жылдың сәйкес кезеңінен 16%-ға көп тауар импортталды. 

"Осылайша Ресейден импортталатын тауарлар бағасының өсуі сатып алу көлемінің ұлғаюына әсер етеді. Екіншіден, маусымдық өзгерістерді де атап өту қажет. Әрине, коронавирустық инфекция мен шектеу шараларының сақталуын ескерсек, демалыс маусымына байланысты валютаға сұраныс өсті", – дейді реттеуші өкілі.

Бұған қоса маусымның бірінші жартысында шетелдік үлесі бар компаниялардың дивиденд төлеу кезеңі аяқталды. Яғни, аталған ұйымдар шетелдегі акционерлердің дивидендтерін өзге валютаға конвертациялайды. Бұл бағамға тікелей әсер етеді, өйткені валютаға сұраныс артады.

"Үшіншіден, валютаға сұраныс фискалдық ынталандырудың ықпалымен және зейнетақы жинақтарын пайдаланумен қолдау табуда. Ұсыныс тұрғысынан үлкен өзгерістерді көріп отырған жоқпыз. Экспорттаушы компаниялар және бюджетке трансферттерді орындау үшін Ұлттық қордың активтерін конвертациялау валютаны сатудың негізгі көзі болып қалып отыр. Осы факторлардың барлығы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігіне әсер етеді. Қазіргі шетел валютасына сұраныстың артуы мұнайдың салыстырмалы түрде жоғары бағасына қарамастан теңгенің нығаюына мүмкіндік берер емес", – деп түйіндеді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу