Мұнай өте арзан, бензин аса қымбат

15530

Энергетика министрі "қазақстандық парадоксты" түсіндірді. 

Мұнай өте арзан, бензин аса қымбат

"Қара алтын" бағасы биылғы 21 сәуірде бір баррелі үшін 25 долларға дейін құлады. Осылайша, өзіндік құнына шаққанда оның табыстылығы 0-ге тең келді. Тура бір жыл бұрын, 2019 жылғы сәуірде баға 75 долларға дейін жеткен. Яғни, үш есе құлдырап отыр. Рас, 25 мамырда осы шикізаттың Brent маркасының құны 35–36 долларға дейін көтерілді.

Қалай болғанда, арзан мұнай көптеген ел экономикасының өсуіне серпін берді. Мысалы, коронавируске қарсы қатаң шектеулерден қатты зардап шеккен Қытай экономикасы арзан мұнай арқасында қалпына келе бастады. "Қара алтын" бағасының күрт төмендеуі барлық дерлік елде бензиннің және дизелдің арзандауына әкелді. АҚШ, Еуропа, Австралия, Канада және өзге мемлекеттердің ауыл шаруашылығы салалары өркендеуге ден қойды, аграршылар көктемгі егіс жұмыстарына аса қажет арзан отынға қарық болды.

Қазақстан болса, егіншілер мен диқандар үшін 387 мың тонна дизелді қайтадан бюджеттен субсидиялау арқылы арзандатуға тырысуда. Нәтижесінде, Үкімет дизель отынын 15%-ға, әр литрі үшін 165 теңгеге дейін түсіре алыпты. Оның өзінде көлік-логистика шығындарын қосқанда, ауыл бизнесменіне жеткенше, отын қайта қымбаттап шыға келеді.

Бұл әрине, қоғам тарапынан таңданыс пен сұрақтар туғызды. Неге мұнай еселеп арзандағанымен бензин бағасы еселеп төмендемеді? Сұрақты қоғам белсенділері энергетика министрі Нұрлан Ноғаевқа бағыттады.

"Әлемнің көптеген елдеріне кең таралған коронавирус індеті энергия ресурстарын тұтыну көлемін құлдыратты. Қазақстан төтенше жағдай аясында шектеу шараларын енгізді, көліктердің жүрісіне тосқауыл қойылды, бұл өз кезегінде біздің ішкі нарықта жанар-жағар майды тұтыну көлемінің төмендеуіне соқтырды. Ішкі нарыққа жүргізген талдауымыз көрсеткендей, карантин кезеңінде ірі жанар-жағармай құю стансалары желілерінде АИ-92 маркалы бензині және дизельді отын құны едәуір төмендеді", – дейді бас энергетик.

Министрлік ұсынған дерекке сәйкес, ТЖ кезеңінде АИ-92 маркалы бензиннің әр литрі 2-ден 9 теңгеге дейін, дизель – 7-ден 10 теңгеге дейін арзандапты. Осылайша, Нұр-Сұлтан және Алматыда АИ-92 – 150 теңгеге, дизель – 183 теңгеге жетті. Өзге қалаларда бағалар тиісінше 150–155 және 182–186 теңге аралығында болды.

Енді ТЖ аяқталды. Көше мен трассаларда көлік қозғалысы қайта қалпына келуде. Осы орайда "темір тұлпар" қорегі қымбаттай бастады.

Министр бұл нарық заңы дейді. Бірақ ішкі нарықтың заңы.

"Әлемдік нарықтан айырмашылығы сол, Қазақстанда жанар-жағар майдың бағасы мұнайдың жаһандық құнына байланбаған. ЖЖМ бағасына әсер ететін негізгі факторлар бізде басқа, ол – шикі мұнайды МӨЗ-дерде қайта өңдеу қызметі құнынан, лабораториялық сынақтар шығысынан, бензиннің қасиеттерін жақсарту үшін отынға қосылатын қоспалардан қалыптасады. Бұған сондай-ақ мемлекет жинайтын салықтар мен акциздер, банк несиелерінің қымбаттығы, цистерналарды ұсынатын компаниялар ақысы, тауарды тасымалдау және басқа да ілеспе шығыстар ықпалын тигізеді", – деді Нұрлан Ноғаев.

Яғни, осылардың бәрі арзандамай, бензин мен дизель бағасы түспейді.

Елордада қазіргі кезде бензин бағасы орташа есеппен 152–155 теңге айналасында. Бұл шамамен 0,37 долларға тең.

"Бір қарағанда, өзге елдермен салыстырғанда бензин бағасы Қазақстанда әлдеқайда арзандай көрінеді. Алайда азаматтар табысын дамыған елдермен салыстырсақ, қазақстандықтарға автокөлікті пайдалану шығыны әлденеше есе қымбатқа түсетіні байқалады. Бұл Ресейге де тән. Мысалы, пандемия кезінде Америкада бензинді тұтыну көлемі тарихи минимумға дейін құлады. Нәтижесінде бензиннің литрі оларда шамамен 0,58 долларға дейін арзандады. Құрама Штаттарда ең төменгі жалақы 1,5 мың долларды құрайды. Ал Қазақстанда ең төменгі жалақы 42 500 теңге, бұл 100 доллардай ғана. Бензиннің құны Нұр-Сұлтан ЖҚС-тарында 152-ден сатылуда, демек бұл 0,37 доллар!" – дейді халықаралық коммерция маманы, кәсіпкер және бизнес-тренер Тамара Сафонова.

Сарапшы салық салу, субсидиялау, логистика шығынына қарай Еуропада да бензин бағасы әртүрлі құбылатынын айтады. Бірақ оларда мұнай өңдеуге ықпал ететін жапсарлас салаларда бәсекелестік жақсы дамыған. Соның арқасында олар бензин бағасын шарықтатуға біздегідей үлкен үлес қоспайды. Ендеше Қазақстанда бензин арзандасын десе, билік адал бәсекелестіктің өркен жаюын қамтамасыз етуі тиіс.  

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу