Мынадай турнир кестесі көз қуантады – "Барыс" жарады!

2395

Құрлықтық хоккей лигасындағы ең ерке команда – Астананың "Барысы" туралы мақтау сөздер айтсаң команда дандайсып кетеді, ал сын айтсақ, еркелігін қойып, намысқа тырысып, кез келген мықты команданы тас-талқан ететіні бар.

Мынадай турнир кестесі көз қуантады – "Барыс" жарады!

Өткенде біздің Барыс қытайлық командадан ірі есеппен ұтылғанда масқара қылды деп шулап едік, сырт айдында өткізген соңғы екі матчта ерлік танытып, қарсыластарына бет қаратпады. Қатарынан екі жеңіс. "Амурды" Хабаровскіде ұтқаннан кейін астаналық клуб Владивостоктан бір-ақ шықты.

Матчтың 8-минутында "Адмирал" ойыншысы алаңнан қуылып, астаналықтар осы сәтті ұтымды пайдаланып кетті. Шалаповтың алыстан сілтеген шайбасын Константин Пушкарёв ақырын ғана шеттен кіргізе салды. Пушкарёв осы маусымдағы "Барыс" командасының 100-голын соғып отыр. Айта кету керек, матч барысында теңізшілер ойын ережесін қайта-қайта бұзды, бұл да "Барысқа" көмек болды.

"Адмирал" турнир кестесінде өкшелеп келе жатқан "Барыстан" жүрексінді ме, жоқ әлде Барыстың гол соғуға деген құлшынысы оларды тәртіп бұзуға мәжбүрледі ме екен? Қалай дегенде де, матчта жүйкесі сыр бермеген команда жеңіске жетеді.

Владивостоктың "Фетисов-Арена" мұз айдынына жиналған 5 мыңға жуық адам бұл ойында "Барыстың" мықтылығына күмән келтірмеген шығар. Екінші жиырма минуттықта Баркер, Сен-Пьер, Старченко үштігінің шабуылы нәтижесін берді. Барыс алда (0-2). Соғылған шайба Роман Старченконың атына жазылды.

Алайда, 3-кезең басталысымен "Барыстың" бұрынғы ойыншысы, "Адмиралда" ойнап жүрген қазақстандық легионер Вадим Краснослободцев біздің қақпаға гол соғып кетті. Бұл кезде астаналықтар бір ойыншыға кем ойнаған еді. Сөйтіп, есеп айырмасы қысқарды (1-2). Осы соғылған шайбадан соң "Адмирал" хоккейшілеріне жан бітті. Алыс-жақын жерлерден біздің қақпаға қайта-қайта соққы жасаумен болды. Бірақ біздің қақпашы Пулен жарады. Ал қарымта шабуылдардың бірінде Боченский, Семеновтардың әдемі пастарымен Дастин Бойд сол қапталдан әдемі гол салып кетті. Бұл – Бойдтың 99-шайбасы. 100-ші голды осы Владивостокта соға ма, жоқ келесі ойынға өз жанкүйерлері алдында кіргізер ме екен деген ой болды бізде. Біз ойланып, көзді ашып-жұмғанша, Дастин Бойд 1 минут өтпей жатып, "Адмирал" қақпасына КХЛ-дағы 100-ші голын соғып кетті.

Осылайша сырт айдында 4-1 есебімен ұтқан "Барыс" турнир кестесіндегі плей-офф үшін таласта, өзінің басты бәсекелесі саналатын "Адмиралдың" алдына шықты. Сөйтіп астаналық клуб 7-орынға көтерілді.

Турнир кестесі:

Шығыс конференциясы

1. Металлург Мг – 87

2. Ак Барс – 85

3. Авангард – 84

4. Трактор – 72

5. Салават Юлаев – 71

6. Куньлунь Ред Стар – 63

7. Барыс – 59

8. Адмирал – 58

9. Автомобилист – 56

10. Нефтехимик – 55

11. Сибирь – 54

12. Лада – 48

13. Югра – 46

14. Амур – 45

15. Металлург Нк – 30

Келесі ойынын Барыс Астанада 23 желтоқсанда Челябінің Тракторымен өткізеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу