Мыңдаған сырқат қазақстандықтарға ұшақтар мен тікұшақтар жіберіліп жатыр

5602

Ел Үкіметі медициналық авиацияны қолдауға ден қойды.

Мыңдаған сырқат қазақстандықтарға ұшақтар мен тікұшақтар жіберіліп жатыр Фото: canva.com

Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлдың айтуынша, жер-жаһанның әр түкпірінде болып жатқан жер сілкіністері медициналық авиацияның маңызын паш етті. Себебі, жер жаппай опырылып, асты үстіне түскен, салдарынан жолдар бұзылып, жердегі көлік кептеліп тоқтаған шақта оқиға орнына, зілзала ошағына дәрігерлер тек тікұшақпен ғана жедел жетіп, зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсете алады.

Алматыдан бастап, еліміздің бірнеше өңірін қамтыған, елдің үрейін ұшырған кешегі зілзала Қазақстанда да әуе көлігіндегі медицинаны дамытудың маңыздылығын, өмірлік қажеттілігін көрсетті.

Осы орайда мемлекет 2024 жылға арналған республикалық бюджеттен медициналық авиацияға молырақ қаражат қарастырғаны мәлім болды.

Атап айтқанда, "Қазақстан Республикасында санитариялық авиацияны дамыту жөніндегі жұмысты ұйымдастыру", "Әуе көлігін (медициналық авиацияны) пайдалана отырып, Қазақстан халқына шұғыл медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру" бюджеттік бағдарламалары аясында биыл 11 миллиард 821,9 миллион теңге бөлінді.

Бұл қаражат әрине, жаңа ұшақтарды, тікұшақтарды сатып алуға жетпейді. Дегенмен, "медициналық авиацияның өңірлік бөлімшелерінің қызметін ұйымдастыруға және үйлестіруге, халықаралық стандарттар негізінде Қазақстанда медициналық авиация қызметін дамытуға" жарауға тиіс.

Осы мақсатта аталған миллиардтар Денсаулық сақтау министрлігінің "Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы" ШЖҚ РМК-сіне берілмек.

Б.Смағұлдың пікірінше, сырт көзге байқала бермегенімен, санитарлық авиация салмақты іс тындырып, маңызды міндет атқарып отыр.

"Бірде еліміздің шалғайдағы ауылдарының бірінің тұрғыны маған хабарласып, таныс ақсақалдың халі ауыр екенін, бірнеше күннен бері қан құсып жатқанын айтты. Мен жандәрмен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына қоңырау шалып, жағдайды жеткіздім. Орталықтан арнайы тікұшақ жіберіліп, ақсақал елордаға жедел жеткізілді. Білікті мамандар жағдайы ауыр қарияның өмірін аман сақтап қалды. Мұны естіген сондағы кейбір ағайындар кәдімгідей өкпеледі. "Біз де қатты ауырамыз, қиянға жедел жәрдем жетпейді, дәрігеріміз жоқ, неге бізге де вертолет жібермейсің?!" дейді. Шынында, санитариялық авиация баршасына қолжетімді. Ол тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін жүзеге асырады", – деді Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл.

Бұл тегін қызметті алудың талабы біреу. Медициналық тексеру арқылы пациенттің медициналық авиация қызметінің шұғыл көмегіне мұқтаж екенін растау қажет. Бұл құжаттар емдеуші дәрігер арқылы өтінішке қоса тіркеліп, жіберілуге тиіс.  

Соны талдай келе, орталықтың маманы пацентке нақты қандай көмек керектігін анықтайды: не қашықтан кеңес-консультация беріледі, не бригада барып, ота жасайды, немесе елордаға, облыс орталығына тасымалданады.

Сарапшы Б.Смағұл медавиацияның тағы бір маңызды миссиясын атады. Соның арқасында Қазақстан мемлекеті өз территориямыздың алыс шетінде немесе әлемнің өзге елінде – қайда жүрсе де, өз азаматтарын қиын жағдайда жалғыз қалдырмайтынын паш етіп, кепілдендіреді. Бұл – мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігінің бір биік белесі.

Мысалы, бір жыл ішінде 7,7 миллионнан астам қазақстандық шетелге шығады, саяхаттайды, жұмыспен сапарлайды. Олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнсе, туған Отаны шұғыл көмекке келуі керек. Бұл санитариялық авиацияға жүктелген.

Айталық, 2024 жылғы 15 қаңтарында Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы Оңтүстік Кореядан Шымкент қаласына Қазақстан азаматын жедел тасымалдау бойынша халықаралық рейсті ұйымдастырды. Орталықтың дәрігерлер бригадасы жатжұртта жағдайы қиындаған қазақстандықты отандық Samal Air әуе компаниясының Bombardier Challenger 604 ұшағымен елге жеткізді.

Оның алдында санавиация жүктіліктің 37-ші аптасындағы әйелді Атырау облысынан Астанаға апарды. Аяғы ауыр әйел алдымен Жылыой аудандық орталық ауруханасына емдеуге жатқызылады. Қабылдау бөлімшесінде қарап, тексерген жергілікті дәрігер мамандар оған "қақпа венасының ақауы, өңеш веналарының 3 дәрежелі варикоздық кеңеюі" диагнозын қойды. Бірақ бір апта өткенде ананың және оның ішіндегі перзенттің өмірін құтқару үшін медициналық авиация шақыртылған.

Pilatus PC-12 ұшағымен жеткен мобильді бригада жоғары технологиялы медициналық көмек көрсету үшін әйелді елордаға алып кетті. Пациент Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына жатқызылған.

Мұндай деректер жетерлік.

Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мәліметінше, 2023 жылдың 11 айының қорытындысында қазақстандық медициналық авиация жалпы саны 2 184 ұшуды іске асырды. Соның 7-еуі – шет мемлекеттерге жасалған халықаралық рейстер.

Орталық былтырғы қаңтар-қараша айларында 5 510 сырқатқа 6 994 медициналық көмек көрсетіпті. Салыстырсақ, 2011 жылы алғаш құрылғанда тек 219 адам ғана тасымалданған екен. Қазіргі кезде бұл сан он еседен астамға өсті.

Соның ішінде 2023 жылғы 11 айда:

  • 2 275 науқас әуе көлігімен тасымалданды.
  • 154 пациентке медициналық кеңес берілді.
  • 151 адамға операция жасалды.
  • 4 414 пациентке қашықтан медициналық көмек көрсетілді.

Орталыққа тәулігіне 15-ке дейін шақырту түсетін көрінеді.

Оның қолданысында 19 ұшақ және 13 тікұшақ бар.

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы төрағасының орынбасары Ержан Әділбековтың мәліметінше, отандық медициналық авиация паркінде АН-2, L-410 "Turbolet", Pilatus PC-12, Як-40 және басқа ұшақтары халыққа қызмет етеді.

2013 жылдан бері отандық медициналық авиацияға Еурокоптер кәсіпорны жасаған ЕС-145 маркалы 14 тікұшақ, сондай-ақ заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылған екі Ка-32 тікұшағы беріліпті.

Бұдан өзге, медициналық авиацияға бірнеше жекеменшік авиакомпания да жұмыс істейді. Олар ЕС-120В, ЕС-135, Ми-8, MD-600N, Во-105 сияқты тікұшақтарға, Bombardier Challenger 604, Ан-24, Ан-28, Ан-2 және басқа ұшақтарға ие.

Ержан Әділбековтың айтуынша, орталық солардың көмегімен 2022 жылы әлемдегі 15 мемлекетке, ал 2023 жылы 7 шет елге қатынап, ауырған қазақстандықтарды елге жеткізіпті. Олардың арасында Түркия, Корея, АҚШ, Вьетнам сияқты елдер бар.

Оқу-жаттығу орталығында былтырғы 11 айда 2 265 ақ халатты базалық жан сақтау, кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы, неонатальды реанимация, сырқаттарға госпитальдық триаж, сырқаттарды ұшақпен тасымалдау сияқты түрлі бағыттарда оқытудан, даярлықтан табысты өтті.

Өмірі қыл үстінде тұрған мыңдаған адамды құтқарған Қазақстанның медициналық авиациясы биыл 13-ші жыл қатарынан елге қызмет етпек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу