Мырзакелді Кемел: "Мақташылықта статистикаға сүйене бермеу керек"

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3665

Осының салдарынан биыл бюджеттен берілетін субсидия тоқтатылды.

Мырзакелді Кемел: "Мақташылықта статистикаға сүйене бермеу керек"

Мырзагелді Кемелді кезінде "Ғасыр адамы" деп атау жөнінде ұсыныс айтылған. Ол - белгілі ғалым, ғылым докторы, жүздеген ғылыми еңбектердің авторы. Оның негізгі мамандығы - ауыл шаруашылығы маманы. КСРО кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданындағы мақта өсірумен айналысқан кеңшарды 20 жыл бойы басқарған профессор abctv.kz-ке сұхбат берді. 

– Мырзагелді аға, "Мақта саласын дамыту туралы" заңның қабылданғанына 10 жылдан асты. Содан бері не өзгерді?

– Заң "Мақта саласын дамыту туралы" деп қабылданғанымен, бұл құжат әу бастан саланы кешенді дамытудың көп мәселесіне жауап бере алмаған. Онда негізінен "Астық туралы" заңның үлгісімен "мақта қолхаты" енгізіліп, сол арқылы мемлекеттің ықпалын, бақылауын арттыру ниеті ғана бар. Заң жобасы әуелі "Мақта туралы" деп аталып, үкімет есіктерінің бірінде атауы өзгеріп, мазмұны сол күйінде қалған еді. Ол туралы кезінде айтқанмын.

Заң қабылданға дейінгі жағдай туралы не айтасыз?

– "Мақта туралы" заң қабылданғанда егіс көлемі артудың орнына кеміп кетті. Шаруалар иелігіндегі алқаптарға көкөніс, қауын-қарбыз, күріш егетін болды. Бұрынғы жүйе тиімді еді. Мақта зауыттары шаруаға күзгі терім есебінен  несие, арзандау бағамен жанар-жағармай, техника беретін. "Мақта саласын дамыту туралы" заңнан кейін бұл үрдіс бұзылды.

Қазір мақтаның бағасы жыл сайын қымбаттап барады. Ал Мақтаралда керісінше мақталық алқаптар азая түсті. Мақта егу үшін оның әр гектарына кемінде 1,5 мың доллар жұмсау керек. Бұл 200-500 гектар жері бар шаруашылықтар үшін қолжетімді болуы мүмкін. Ал 5-6 сотық жері бар шаруа үшін едәуір салмақ. Сол себепті шаруа иелігіндегі жерді басқа мақсатқа жұмсайды немесе жалға береді. Сондықтан  заңға мақта егістігінің көлемін ұлғайту қажетттілігі туралы бап енгізген, оны аудан басшыларына бақылауға алуды міндеттеген дұрыс.

Заңның "Мақта саласын дамыту туралы" деген атауы мазмұнына сай емес дегеніме келіспейтіндер бар шығар. Бірақ заңда мақтаны өңдеу мен сатуды реттеу бар да, мақта егуге әзірлік, мақтаны егу, оның ирригациясы мен мелиорациясы, агротехниканы сақтау, тыңайтқыш пен химикаттармен қамтамасыз етуді жақсарту, сумен қамтуды реттеу, атқарылатын істердің кооперациясы, мақта кластерін дамыту қарастырылмаған. Осы аталғандардың бірі болмаған соң, заңды қалайша бұлай атауға болады?!

– Оңтүстікте мақта шаруашылығы жүйесінің отбасылық-ұжымдық жүйеге көшкені, әр отбасыға жан басына қарай жер телімдері бөлініп берілгеніне біраз уақыт өтті. Одан бері де, бір толқын ауыспаса да, шамамен 1 гектарға тең болған қара баланың үйлі-баранды болып үлгерген шығар...

– "Ауылдағылардың бәрі ауылда тұра берсін, жерді ұқсатумен айналысқандардың бала-шағасы да жер өңдеумен айналыссын" деп жатқан ешкім жоқ қой. Әке-шешелеріміз айтып бергендерін еске түсірсек, мақтааралдықтардың арғы бабалары түйекеш болып, Ұлы Жібек жолында жүк тасымалдаумен айналысқан, кейбіреулері сексеуілден көмір жасап, Ташкентке барып тамаққа, киім-кешекке айырбастап күн көрген. Қазір сонымен ешкім айналыспағанына 70 жылдан асты және ондай қызмет бүгінде керегі де жоқ.

Менің әкем совхоздың жылқы фермасын басқарған, қолында 500 мініс және арбаға жегілетін шаруа аттары болатын. Ол кезде машина жоқ, барлық адам ат мінетін, барлық жүк арбамен тасылатын. Қазір бұл мамандық та жоқ. Тағы бір он жылда біздің өңірде шопан мамандығын жақсы меңгерген адамды күндіз шырақ алып іздеп таба алмаспыз, қазір бағыт солай... Сондықтан "жер телімі қайта бөлінеді екен" деп емексіместен, балаларды қалаға қарай жіберу керек.

– Аудан қорында сырттан келген ағайындармен қоса, жан басы ұл, немере, шөберелермен толыққан отбасылар үшін берілетін жер телімдері бар ма?

Мақташының баласы мақташы болып қала бермесін. Мақтаралдың баласы тек Мақтаралда ғана жүруі шарт емес қой. Қалаға барсын, токарь, даяшы, инженер болсын. Мақтааралда бүгінде жыл сайынғы өсім 11 мың адам. Оның жартысы табиғи өсім де, жартысы – Өзбекстан, Иран, Ауғанстаннан келіп жатқан оралмандар. Аудандағы халық саны есептегісі, тіркелмегіні бар 360 мыңнан асып жығылады. Осыдан 25 жыл бұрын ауыл шауашылығы жері бөліске түскенде ауданда 210 мың тұрғындар бар еді.  

Мақташының баласы мақташы, қойшының баласы қойшы болсын деген заң жоқ. Егер ауылдағы ағайынның 10 баласы 50-60 сотық жерді төңіректей берсе, одан өзге кіріс көзі болмаса, жерден түскен өнім отбасы мүшелерін асырауға қалай жетпек? Зейнеткер ата-ананың зейнетақысына телмірген масылдық психология содан шықпай ма? Ұрпағының келешегін ойлаған ата-ана 10 баласының 3-ін қалаға жіберсін немесе қосымша кіріс көзін іздесін. Ұрпағының келешегін ойлағандар бір баласын болса да қалаға аттандыруы тиіс. Сол баланы ауылдағы қара домалақтармен салыстыра қарап, қалаға қарай ағылудың қажеттілігін аз жылда-ақ түсінеді. Ауылда тұратын адам саны көп. Бұрын да солай болған.

Қазақ ауылдан еншісін алған. Қаладан қазақ үлесін алып үлгірген жоқ. Қалаға бағытталған қазақ көші енді басталды. Енді үкімет қазақты қалаға қоныстандырудың қосымша кешенді шараларын қолға алу керек.

Кеңес үкіметінің тұсында ауыл үлкен қалалардың доноры болды, қаланы асырады, күре тамырына қан жүгіртті. Бұл жағдай қазір де аса өзгеріске ұшыраған жоқ.  

Ауылда еңбек етудің мүмкіндігі аз болғандықтан, жаппай жұмыссыздық белең ала бастады. Ауылда тұратын ағайынды жаппай жұмысқа тартудың тетігі әлі жасалған жоқ. Мақтаарал ауданына сырттан келіп жатқандар мен ауылдан кетіп жатқандарды салыстырар болсақ, басымдық соңғысында. Ал мақталық жердің өнімділігі екі еседен көп төмендеді. Себебі бұрынғыдай ауыспалы егіс жүйесі деген ұмытылды. КСРО кезінде әр үш жыл сайын мақталық алқаптар жүгері, жоңышқа тәрізді жерді құнарландыратын, демалдыратын өсімдіктермен ауыстырылып отыратын. Қазір бұл жүйе ұмытылды. Кейбір ағайындар қауын-қарбыз егумен алмастырып жүр. Олар тек химикатпен өсіріледі. Сондықтан жердің демалуына әсері болмайды. Қосымша көбейген 150 мың халық бұрынғылардың онсыз да азайып жатқан несібесін бөліп жеп отыр. Сондықтан былтырдан бері басталып жатқан солтүстік өңірлерге өз еркімен көшуді қалайтындарға жан-жақ­ты материалдық қолдау көрсетіліп, жүйе­лі жұмыс атқарылуы тиіс.

– Экономикалық қатынастар өзгертілді. Мемлекеттік қамқоршылықтың ескі жүйесі өзгерді. Бұл "Құдай жеткізер" деген масылдықтан барынша арылуға, жауап­кершілік пен кәсіпкерліктің жаңа үлгілерін енгізуге жол аша алды ма?

 Елбасы бір сөзінде "Адамдардың өмірінде шарықтау сәті бар, ол, егер дұрыс пайдалана білсе, табысқа жеткізеді. Егер оны қолдан шығарып алса, онда одан кейінгі жол қайраңға малтығып, тайғақ кешумен ұласады" деген Шекспирдің сөздерін келтірген еді. Бүгінгі дағдарыс кезінде бұл сөздер есімізге қайта-қайта оралып отыр. Ауылға нарық заңын жетік білетін, ауыл менеджментін нарық заңымен үйлестіре алатын мамандар керек. Мүмкін болашақ бағдарламасын қосымша мамандықтармен толықтыратын, ауыл менеджменті деген ұғымды қалыптастыратын кез келген де шығар. 

– Өзіңіз білесіз бұрынғы ұжымдық шаруашылықтардың бәрі дерлік отбасылық шаруа қожалықтарына айналып кетті. Енді мұндай жағдайда "бірігу керек" деу айтуға ғана оңай ғой...

– Бұрынғы замандағы табысқа қайта оралуға келсек, оның жолы – бірігу. Біріккенде бұрынғысынша колхоз құру емес, әр шаруа меншік иесі болып қала тұрып, өздері атқара алмайтын немесе бүгінгі күні қымбатқа түсіп жүрген техникамен атқаратын істерді, тыңайтқыш, химикаттар, керек-жарақтарды табу ісін, мақтаны сату ісін бірлесіп атқаратын коммерциялық емес ұйымдар құрылуы тиіс. Оны жүзеге асыруға "Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы" жаңа Заң қызмет етуі тиіс. Кооперативтерді құрудың қиыншылығы, шығыны жоқтың қасы. Фермердің меншігі сақталып қалады. Шаруаны меншіктен айырмай бірлестіретін жол - осы. Ауылда, әсіресе, суармалы жерлерде, адамдар тек жерге қарап қалған. Оларда таңдау жоқ, жерінен айырылса, кедейлікке тұтастай мойынсұнудан басқа амалы қалмайды.

– Осы мәселелерге байланысты қандай ұсынысыңыз бар?

Мақташылықта стаистиканы далита бермеу керек. Қанша мақта шикізаты дайындалғаны туралы ақпар көпіртіліп кеткен. Ақпараттарда өнім – 28 центнер, ал шын мәнінде 18 центнер де жоқ шығар. Осының салдарынан биыл бюджеттен берілетін субсидия тоқтатылды. Өйткені ақпараттық көрсеткіштегі рентабельділік субсидия беруге жатпайды.

Кейбір ағайындар шит тұқымын елге алып келу керек деп асығыс пікір айтып жүр. Бұған не дейсіз?

Шетелдік шиттерді өсіріп-өндіруге, оны өз жерімізде жерсіндіруге жағдай жасау керек. Мақтаның әлемдік биржадағы бағасы жылдан жылға көтеріліп келеді. Канада, АҚШ-та қызылды-жасылды шит түрі болатынын, Ливерпульда жібек мақтанын центнері 5-6 мың АҚШ доллары екенін тек баспасөз арқылы білеміз. Өзбек ғалымдары сол шитті өз жерінде жерсіндіру бағытында жұмыс жасап жатыр деп естимін. Себебі мақта - көрші елде стратегиялық маңызы бар дақыл.

Мақтаның сапалы шитіне қол жеткізу қиын. Мақта өңдейтін халықаралық талапқа сай шиттердің ене бастауына жол ашу керек. Бұл ретте шаруарларға арнайы субсидиялар бөлінуі қажет.

Біздің елде де биліктің мақтаға деген көзқарасы өзгермей жағдай түзелмейді. Салыстырсақ, мұнайдың рекордтық бағасының өзі 200 АҚШ долларынан асқан емес. Ал Ливерпуль биржасында жібек талшықты мақтаның центнері - 5-6 мың АҚШ доллары. Бізде де жоғары сортты, әлемдік нарықта сұранысқа ие мақта дақылын өсіру шит сапасын жақсарту керек. Ол шитті алып келуден бұрын жерді сауықтыру керек. Жер сауығу үшін КСРО кезіндегі дренаж жүйесін қайта қалыпқа келтіру керек. Мақтаралдықтардың еңбегін еш, терін сорға айналдырып тұрған жайт - жердің сорланып, тұзданып кетуі болып тұр. Бұрын ауыз әдебиетінде Жиделі-Байсын деп аталып кеткен аймақта мақтадан өзге дақыл шыдас бермейтін мекенге айналып барады. Себеп тұзды су жер бетіне көтерілген. Оны сорып алып айдаладағы  жыраларға ағызып тастайтын дренаж жүйесі енді қолға алынып жатыр. Каналдардың жағасындағы тұзды су жиналатын жыралар мақталық алқапқа айналып кеткен.

500-1000 гектар жері бар ағайының жерді сауықтыруға жағдайы бар. Бірақ одан не пайда? Қасындағы 5-6 сотық жері ағайынның алқабы азып-тозып жатса...  

Мақта зиянкестері шегіртке сияқты жер талғамайды. Көшіп-қонып жүреді. Биыл да Мақтаралдағы мақтаның біраз бөлігін құрт жеп қойды деген әңгіме бар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің статистикалық мәліметтері бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мақтаның өнімділігі: 1990 жылы – 27,1 центнер, 1995 жылы – 20,3 центнер, 2000 жылы – 18,7 центнер, 2008 жылы – 18,2 центнер болып келеді де, 2015 жылы – 26,5 центнер болды дегенге қалай сенуге болады. Бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков 2014 жылғы бір сөзінде "біз статистикаға сеніп, жоспар құрамыз, бірақ ол анық сандарды көрсетпейді екен" деген мағынада сөз айтқан. Айта берсек әңгіме көп...

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу