Нағыз алапат тасқын алда болатын түрі бар

24025

Топан судан кейін елді қуаңшылық басуы мүмкін.

Нағыз алапат тасқын алда болатын түрі бар Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қарғын суға қатысты ахуалмен үнемі, күніне бірнеше ретке дейін ақпараттандырып отыр. Осыған қатысты алгоритм енгізілген.

Премьер-министр, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны зардаптарын жою жөніндегі республикалық штаб жетекшісі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты тасқынға қатысты оқиғаның өрбу барысы және жағдайды тұрақтандыру бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы үнемі, тұрақты түрде хабардар етуде. Бұл жөнінде UKIMET Telegram-арнасы мәлім етті.

Президенттің тапсырмасымен 5 сәуірде Олжас Бектенов Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарын аралады. Сондай-ақ өңірлік штабтар басшыларының басын қосып, республикалық штаб отырысын өткізді.

Өз кезегінде Үкімет басшысының тапсырмасымен, жаңа вице-премьер, Республикалық штаб жетекшісінің орынбасары Қанат Бозымбаев Атырау облысына аттанды. Онда мысалы, бір ғана Құлсары қаласында 600-ден астам үй су астында қалған.

Ал Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов ахуалы нашарлаған Қостанай облысына сапарлады. Қос шендіге қызыл суға қатысты жағдайды тұрақтандыру жұмыстарын сол жерде үйлестіру жүктелді.

Жағдай әрі қарай ушығатын түрі бар. Қазгидрометтің дерегінше, еліміздің үштен екі бөлігінде қар енді ғана ери бастайды. Бұған қоса, бүгінде су ресурстары аз облыстарды ғана су басуда. Қазақстанның бүкіл су қорының 40%-ы – Шығыс Қазақстанға тиесілі. Солар тасыса, қазақша айтқанда, "қуырдақтың көкесі" сонда болады.

Мәселен, Премьер тікұшақпен аралап, аспаннан шолған Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл, Қатонқарағай, Глубокое, Үлкен Нарын және Алтай аудандарында қыстың соңында қалың қар жауған. Бүгінде ол аудандардың барлығы "қауіп аймағына" кірді.

Мамандардың айтуынша, елдің ең көп сумен қамтылған Шығысында өзендердегі су деңгейі әзірге қауіпті межеге жеткен жоқ – мұздың еруі енді басталды. Таулы аймақтардағы су қоймаларында мұз қабатының жұқаруы байқалады. Болжам бойынша таяуда +19°C-қа дейін күннің күрт жылынуы күтілуде. Тиісінше, сәуір айының ортасына қарай аймақта су тасқыны қаупі жоғарылайды.

Ендеше жаңа Үкіметтен алда сұрапыл күрес пен алапат шығыстар талап етілетін түрі бар.

Әкімдіктің дерегінше, Шығыс Қазақстанда өткен жылы 27 учаскеде өзендер мен каналдар тазартылып, бөгеттер нығайтылды, су өткізу құрылыстары салынды. Қазіргі уақытта 96 қар көшкіні түсірілді, өзендерде бөгелістердің алдын алу үшін профилактикалық мұзды жару жұмыстары ұйымдастырылды. Осы жылдың ақпан-наурыз айларында ғана облыста ұзындығы 135 шақырым болатын 72 канал, 376 км 448 арық тазартылды. 447 көпір тексеріліп, автомагистральдарда 3 696 су өткізу құбыры және теміржолдарда 90 су өткізу құбыры қарғын суды өткізуге дайындалды, 370 мың текше метр қар шығарылды.

Бұл шаралар жеткілікті болды ма, онысы мамырға қарай таулы аймақтарда еріген қардың тасқыны төмен құлдилап, қаптаған өзен-көлдерге лақ етіп құйылғанда белгілі болмақ.

Премьер-министр содан қауіптенетінін ашық айтты. Сондықтан жүргізілген іс-шаралардың ауқымына қарамастан, жұмыс қарқынын бәсеңдетуге болмайтынын мәлімдеді.

Тоң ерімей жатып, қазірдің өзінде ШҚО-дағы 344 ауылдың 7-еуіне су астында қалу қаупі төніп тұр, іргесіне су жеткен. Олардағы жағдайды бақылау үшін ТЖ мен әкімдіктер қарапайым беспилотниктерді ұшыруда.

Жағдай ушығып кетсе деп, 1 118 адамнан тұратын күш құрылымдары, 315 бірлік техника жасақталды. 6 мың тоннадан астам инертті материалдар, 468 тонна жанар-жағармай, құм толтыруға арналған 43 мың қапшық дайындалды.

Осының алдында Inbusiness.kz Бұқтырма мысалында, шенеуніктердің биыл елдің суға қарық болатынын алдын ала білгенін жазған болатын. Қазақстандағы ең ірі Бұқтырма су қоймасы ШҚО-да орналасқан.

Премьер-министр Өскемен және Бұқтырма ГЭС-ін де қарап шықты. Барлық гидротехникалық құрылыстар штаттық режимде жұмыс істеуде екен. Үлкен судың келуіне дайындық ретінде бөгеттерде су деңгейі алдын ала төмендетіледі. Қазіргі уақытта ол қосымша 20 текше шақырым көлемінде өзен суын қабылдауға дайын көрінеді. Болжалды мәліметтер бойынша алдағы небары 3 айда 15 текше шақырымға дейін су келеді деп күтілуде.

Бір үрейлісі, топан су апатының даму сценарийлерін билік әлі күнге түзбепті. Бектенов соны тездетіп түзудің қажеттілігін қосты.

"Қазір еліміздің өңірлерінде, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысында қалыптасқан жағдай бізден үздіксіз бақылауды талап етеді. Облыс аумағының 70%-ын қалың қар басып жатыр. Биылғы қар жамылғысындағы су қоры нормадан 2 есе артық! Бұл қауіптің әлі сейілмегенін көрсетеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, су тасқыны кезеңінде жағдайдың даму сценарийлерін қалыптастыру қажет. Оған дейін қолдағы болжамдарды ескере отырып, су тасқынының алдын алу шараларын күшейтуіміз керек. Үкімет тиісті жұмыстарды жүргізуге барлық қажетті көмекті көрсетеді", – деп сендірді Олжас Бектенов.

Тасқын жаңа Үкімет үшін алғашқы ауыр сын болып тұр, сол сын-тегеурінге шыдамай морт сына ма, әлде шыңдала ма, уақыт көрсетеді.

Бүгінде еліміздегі өңірлердің басым көпшілігінде су тасқынына байланысты күрделі ахуал қалыптасып жатыр. Соның ішінде қазірдің өзінде 9 өңірде – Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, БҚО, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ұлытау облысында жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланды. Су тасқыны басталғалы су басқан аймақтардан 20 мыңдай адам эвакуацияланды. Адамдар қаза тапқан оқиғалар туралы әлеуметтік желілерде хабарлануда. Бірақ республикалық штаб опат болғандардың санына қатысты ақпаратты жарияламады.

Бұл тек апаттың басы ғана сияқты. Қазгидрометтің болжамына сәйкес, таяуда бүкіл ел бойынша жауын-шашын болып, күн күрт жылынады. Штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаевтың дерегінше, қардың тез еруінен су қоймалары жылдам толуда. Бүгінде Солтүстік, Шығыс және Орталық аймақтардың 65%-дан астамы әлі күнге дейін қалың қар астында.

Көрші Ресейден кереғар мәліметтер түсіп жатыр. Мысалы, Орынбор мэрі Сергей Салмин Жайық (ресейше, Орал) өзеніндегі су деңгейі бір ғана тәулікте бірден 91 сантиметрге көтерілгенін мәлімдеді. Сондықтан ол ықтимал су басу аймақтарында орналасқан барлық қалалық аудандар, қалашықтар мен кенттер тұрғындарына үндеу жасап, жандәрмен эвакуациялануға шақырды.

"Ахуал өте қиын. Бір ғана тәулікте Жайықтағы су деңгейі 91 сантиметрге көтерілді! 778 сантиметрге дейін жетті! Сөйтіп, қолайсыз межеден де асып кетті. Су болса, құйылуын жалғастыруда. Сіздердің аудандарыңыз электр қуаты мен газбен жабдықтаудан ажыратылады! Мен сіздерден өтінемін: туыстарыңызға, таныстарыңызға уақытша қоныс аударыңыздар немесе уақытша орналастыру пункттеріне шұғыл кетіңіздер. Отбасының барлық мүшесінің жеке құжатын, ақшаларыңызды, құнды заттарыңызды, керекті дәрі-дәрмекті, бірінші қажеттілік заттарын өзіңізбен алып кетіңіздер", – деді Орынбор "әкімі". Іргелес Орынборда қазірдің өзінде 300-ден астам үй, 750 жер телімі су астында қалды.

Сонымен бірге көршінің Федералдық су ресурстары агенттігі ("Росводресурсы") мекемесі биылғы жылы Ресейде қуаңшылық болуы мүмкін екенін ескертті. Ресейді де, Қазақстанды да жауып жатқан топан су жазда құрғап, батпаққа айналады, соры бетіне шыққан сортаң жерлерді көбейтеді.

Мысалға Еділ (ресейше Волга) өзенін алсақ: оның негізгі бөлігі кезінде көршінің аумағында қалды, шағын бөлігі Қазақстанға ағады. Еділдің төменгі ағысының бірі елімізде Қиғаш деп аталады және Атырау облысында орналасқан.

Жаздағы су тапшылығына дайындық аясында "Росводресурсы" сәуір айының басында Волга ГЭС-інің бөгені арқылы су лақтыру көлемін күрт қысқартты. Бұған дейінгі айларда төмен қарай қарқынды ағызған еді. Ведомствоның хабарлауынша, "Волга-Кама су қоймалары каскадының суға толуына қатысты нақтыланған жаңа даму болжамы суды қатаң үнемдеуді тосыннан талап етіп отыр".

Өйткені жаңа болжам бойынша биылғы жазда су мол болмайды, құрғақшылық болуы мүмкін.  

"Росгидрометтің биыл қардың қалың, нормадан көп жауғаны жөніндегі деректеріне сүйеніп, бұған дейін каскадты үлкен көлемдегі судың келуіне дайындаған едік. Салдарынан, биылғы 1 сәуірге қарай Волга мен Камадағы барлық су қоймаларының межесі қалыптан төмен деңгейде ұсталды. Алайда метеорологтар енді деректерін жаңартып отыр. Оған сәйкес, су ресурстарын үнемдеуге көшу туралы жедел шешім қабылданды. Болжамды түзету амалсыз, өзендердегі навигацияға, кемелердің жүзуіне де ықпал етеді", – деді "Росводресурсы" басшысының орынбасары Вадим Никаноров.

Жаңа болжам бойынша, биыл Волга-Кама каскадына су бұрын күтілгеннен 10 текше шақырымға аз түспек. Росгидрометтің тұспалдауынша, жалпы жиынтығында Еділ мен Кама өзендері қалыпты 160–194 км3 орнына тек 154 км3 сумен толығатынға ұқсайды.

Салдарынан, Еділ арқылы төменге қарай жіберілетін су көлемі 7200 м3/секундтан 5500 м3/секундке дейін күрт құлдырады. Ары қарай тағы кемітілуі мүмкін. Бұл – өзеннің қазақстандық сағаларының құрғап қалуына соқтыруы ғажап емес.

Бүгінде тасқынға ғана бас қатырып жатқан Қазақстан Үкіметінің басқаға мойын бұруға мұршасы жоқ. Ең құрыса, көрші құралпы үлкен су тартылған соң, орнын қуаңшылық басуы да мүмкін екенін назарда ұстап, оның да алдын алу шараларына қазірден кіріссе, құп.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу