Наталья Дементьева: "Қазақстанда тұрғыларың келсе, тілді үйреніңдер"

3173

Ресейдегі ішінара мобилизациядан кейін, шекара жағалап, бері өткен азаматтардың елге келуіне қатысты, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Наталья Дементьеваның пікірін біліп көрдік. 

Наталья Дементьева: "Қазақстанда тұрғыларың келсе, тілді үйреніңдер"

 – Көрші елде мобилизация басталғаннан кейін ресейліктер Қазақстанға ағыла бастады. Оны бәріміз көріп, біліп отырмыз. Сіз халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесісіз. Жалпы бұл тақырып парламент қабырғасында талқыланды ма?

– Әрине, бұл мәселе талқыланды. Біз енді құқық қорғау органы емеспіз, нақты цифрлар туралы айту қиын. Десе де, бұл мәселе күн тәртібінде тұрған соң, үндемей отыра алмаймыз. Бұл жағдай бізді алаңдатпай қоймайды. Бұл үрдіс жылдам басталып, жылдам өрби түсті. Ресейліктердің саяхаттап емес, белгілі бір тұлғаның шешімінен кейін, жаппай көшуі бізге де ұнамайды. Жалпы елімізде бұл жағдай жанына майдай жағып отырған адамды табу қиын. Өйткені бұл нөпір белгілі бір тұрғыда моральдық жағынан ыңғайсыздық тудырып отыр.

– Жеке парақшаңыздағы соңғы жазбаларыңыздың бірінде фейк, яғни жалған ақпарат туралы пікір білдіріпсіз. Жалған ақпарат қаншалықты бұл жағдайға әсер етеді, адамдарды үрейлендіруі мүмкін бе?

– Жасыратыны жоқ, тексерілмеген бірақ тақырыбы айғайлап тұрған ақпаратқа жұрт сеніп қалады немесе сенгісі келіп тұрады. Оны өзі оқығаны былай тұрсын, өзгеге жіберіп, ойлап, сары уайымға салынып жатады. Жұртты дүрліктіріп отырған адамдар жауапкершіліктің, қажет болса қылмыстық жазаның барын түсінуі керек. Өкінішке қарай, "желіге жаздым, әрі қарай ісім жоқ" деп отыра беретіндер бар. Бұл қоғамның қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін теріс үрдіс. Сондықтан тек тексерілген ақпаратқа сенуге шақырамын.

– Ресейліктердің келуі, біраз нәрсеге әсер етті. Бірінші кезекте ол, жалға берілетін пәтердің құны. Ірі қалаларда тіпті бір миллион теңгеге дейін көтеріліп кеткен. Кейбір көрсеқызарлар, өз азаматтарымызды шығарып, қомақты ақша табу үшін "көршілерді" кіргізгісі келіп жатқанын көріп отырмыз. Сіздің реакцияңыз қандай болды?

– Иә, өкінішке қарай, осы ұрымтал сәтті бас пайдасы үшін пайдаланып қалғысы келіп жатқандар бар. Былай қарасақ, олар кімге, қандай сомаға пәтерін беретінін өзі біледі. Бірақ олар ойлануы керек қой. Бұл жерде азаматтық позиция деген сұрақ туындайды. Табыс үшін өзінің отандасын сыртқа қуғандарды түсіне алмайды екенмін. Бұл жағдайға қарап отырып, намыс, ұят қайда деген ой келеді.

 – Ресейліктер келе бастағаннан бері, желіде "Қазақ жерінде өздеріңізді былай ұстағандарыңыз дұрыс" дегендей, ақпараттық сілтемелер тарады. Наталья Григорьевна, сіз қандай кеңес берер едіңіз? Нені ескерулері қажет?

– Өте орынды сұрақ. Ресейліктерге айтарым, келген жерлеріңізде қонақ екендеріңізді ұмытпаңыздар. Жергілікті халықтың өз дәстүрі, тұрмысы, ішкі жан дүниесі бар, өзінің дүниеге деген көзқарасы бар. Біздің өз менталитетіміз, былайша айтқанда діліміз бар. Олар біздің бұл құндылықтарымызға міндетті түрде құрметпен қарауы керек. Ресейліктердің дені транзитпен басқа мемлекеттерге кетеді. Ал біздің елде қалғысы келгендерге айтарым, мемлекеттік тілді үйреніңдер. Егер қазақ жерінде қаламын десе, осыны қаперлерінде ұстасын. Неге десеңіз, тілге құрмет – елге құрмет!

– Тіл мәселесі туралы айтып қалдыңыз. Тәуелсіздік алғалы 30 жылдан асса да, әлі күнге мемлекеттік тілді меңгере алмай немесе меңгергісі келмей жүрген адамдар баршылық. Көрші елден көш келгелі бұл мәселе көпті алаңдатып отыр.

– Ресейліктердің ықпалы болмауға тиісті. Бірақ бәрі айналып келгенде өзімізге байланысты. 30 жыл өтті деп отырсыз. Енді сана сезімдерін оятып, тілімізді меңгеретін уақыттары болды ғой. Сондықтан тілді білу – бұл еліңе деген құрмет деп бағалаған жөн. Осыдан кейін, көзі ашық адамдар қорытынды шығара берсе болады. Тіл қоғаммен бірге жасап, өсіп, дамитын нәрсе дер едім. Егер тілімізді өшірмей, керісінше өсіргіміз келсе, онда сөзден іске көшу керек.

– Сұхбат бергеніңізге рахмет!  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу