НАТО Украинаны сыпайы түрде "шығарып" салды

2644

Украина лидері Зеленский Солтүстікатлантикалық Альянстың ынжықтығы мен болбырлығынан түңілді. 

НАТО Украинаны сыпайы түрде "шығарып" салды Фото: politnavigator.net

Кешелі-бүгін Литва астанасы Вильнюсте Украинаға қуатты қолдау көрсету ауанында НАТО саммиті өтті. Бірақ бұл қолдауды әскери блок емес, жергілікті жұртшылық паш етті. Литвалықтар – қарапайым тұрғындардан бастап, саяси элита мен мемлекеттік қайраткерлерге дейін түрлі акцияларға шығып, көшелерді толтырды. Украинаны НАТО құрамына алуды сұраған ұрандар көтерді.

Дегенмен, оның бәріне Альянс керең болып шықты. Telegram арнасында Украина Президенті Владимир Зеленский өз елін қатарына қабылдауға әлі күнге дайын болмағаны үшін НАТО елдерін сынға алды. Оның айтуынша, саммитте мүшелікке қабылдауға қатысты нақты мерзімдердің жарияланбауы "НАТО мемлекеттері Киевті Альянс құрамына шақыруға да, оны әскери блоктың мүшесі етуге де дайын еместігін" білдіреді.

Зеленский өз елінің басын Батыстың саудаға салғанына қапаланды: бүкіл Украинаның болашағы енді Ресеймен келіссөздердегі сауда нысанына айналады. 

Фото: politnavigator.net

Осы саммитте НАТО не Украинаны өзіне мүше ретінде қабылдайтынын мәлімдеуге, немесе ең құрығанда, оған мүше болуға ресми шақырту ұсынуға тиіс еді. Зеленский бұл екі нұсқаның бірде бірінің болмауын "абсурдты және теңдесі жоқ жағдай" деп атады. Себебі, былтыр НАТО Финляндия мен Швецияны ың-шыңсыз, әрі ылдым-жылдым өз қатарына қабылдады. Финляндияға қатысты келісімді ұйымға кіретін елдердің бәрі ратификациялап, ол күшіне енді. Швецияға қатысты келісім күзге дейін толық құпталып, бұл елдің кіру рәсімі барынша тез аяқталуы мүмкін.

Ал Украинаны шұғыл қабылдамақ түгіл, оған ресми шақыртуды да берген жоқ. Мұны "ынжықтық, әлсіздік" демегенде не дейді? Соған қарамастан, Politico хабарлауынша, Зеленскийдің бұл сөзіне еуропалық өкілдер өкпелеп қалыпты. Басылымның Орталық Еуропадан келген дереккөзі Украина Президентінің мәлімдемесін сынға алып, оны "ойластырылмаған және әділетсіз" деп санады.

РФ Мемдумасының бұрынғы депутаты, иммиграциядағы ресейлік еңбегі сіңген экономист, тегі бойынша украин Александр Кушнарь да бұл хабарды ауыр қабылдағанын жеткізді.

"НАТО Украинаны қатарына алғанда бұл соғыс бірден тоқтайтын еді: Мәскеу НАТО-мен шайқасуға қауқары жетпейтінін жақсы біледі. Ал мынадай болбыр шешімі арқылы НАТО Кремлге керісінше, күш берді. Ақырғы коммюникеде айтылмағанымен, НАТО лидерлері: "Украина соғыс аяқталған соң ғана мүше болады" деген ортақ шешімге келді. Себебі, "Украинаны мүшелікке қабылдасақ, Ресеймен тікелей бізге соғысуға тура келеді" деп қорқады. Украина майдан даласында, іс жүзінде Мәскеуден қорқу дегенді қою керектігін дәлелдеді. Одан артық не керек? Ал мүшелікке қабылдау шартын соғыстың бітуімен байланыстырған соң Мәскеудің келекесіне қалды. "Онда соғыс ешқашан бітпейді, Украина да ешқашан кірмейді" деп әжуалады Дмитрий Медведевтер. Бұл дегеніміз Мәскеу Украинаны үнемі, ұзақ жылдар бойы бомбалай береді деген сөз", – деген пікірде А.Кушнарь.

Сарапшылар НАТО-ның "барлық мүшелердің келісімі алынған шақта Украинаға ресми шақырту жолданады" деген уәденің түк салмағы жоқтығына назар аудартады. Себебі, Ресей–Украина соғысы тым ұзаса, Батыс жұртшылығы одан шаршайды. Қолдау құлдырай береді. Сонда еуропалық елдерде және АҚШ-та билік басына неоұлтшылдар, популистер келуі мүмкін. Олар мемлекеттің бар күш-жігерін елдің тек ішкі істерне шоғырландыруды талап етеді. Тиісінше, олар Киевке қазіргі лидерлер Байден, Шольц, Макрондар берген уәделерді орындамайды.

Осылайша, Украинаны НАТО-ға кіргізбей, оны өзі жұтып қоюды армандаған империяшыл Ресей түптің түбінде дегеніне жетуі ықтимал.

Халықаралық сарапшылар НАТО тура 15 жыл бұрынғы қателігін қайталап отырғанын қаперге салды. 2008 жылы Бухарестте өткен саммитте Америка Құрама Штаттары Грузия мен Украинаны НАТО құрамына дереу қабылдау бастамасын ілгерілетті. Бұл ұйымда шешім тек консенсуспен, бірауыздан ғана қабылданады. Содан Вашингтонның ұсынысын еуропалық лидерлер бұғаттады.

Ұйымның осы алауыздығына және әлжуаздығына арқаланған Мәскеу сол жылғы тамызда Грузияға басып кіріп, одан Абхазия мен Оңтүстік Осетияны бөліп алды. 2014 жылы Қырымды аннексиялап, Украинаның Луганск және Донецк облыстарында заңсыз квазимемлекеттік республикаларын құрды. Ал НАТО ережесіне сәйкес, өзге елмен территориялық дауы бар жаңа мемлекеттер Альянсқа мүше бола алмайды. Кремль осы олқылықты өз пайдасына жаратты. Сарапшылар биылғы саммитте НАТО жарғысын өзгертіп, 15 жылғы қателігін түзейтін шығар деп күткен. Үміт ақталмады.

Сарапшылардың пікірінше, Мәскеу жағдайды үнемі шиеленістіріп, эскалация деңгейін ұдайы көтереді. НАТО болса, сақтық, тіпті қорқақтық танытады. Украиналық саясаткер Алексей Арестовичтің айтуынша, егер былтыр Ресей Украинаны тез тізе бүктіріп, Еуропаға басып кіргенде, НАТО қорғану орнына оккупацияланған елдерін жандәрмен өзіне мүшеліктен айыра салатын еді.    

Сонымен, осы жолғы НАТО саммитінде Украинаға қатысты нақты қандай шешімдер қабылданды?

НАТО елдері Вильнюс саммитінің қорытынды коммюникесін жариялады.

Оған сәйкес, біріншіден, Альянс елдері Украинаның аталған әскери блокқа кіруі үшін бұрын бекітілген "Мүшелікке дайындық жөніндегі Іс-қимылдар жоспарындағы" (План действий по подготовке к членству (ПДЧ) талаптарды жоюға келісті. Яғни, болашақта, егер соғыс тоқтап, Мәскеу Украинаны жаулап алу идеясынан толық бас тартса, онда Украина қазіргі Финляндия мен Швеция сияқты алдын ала шарттарсыз, бірден Альянсқа мүше бола алады.

Фото: Associated Press

НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг баспасөз конференциясында Украинаның ондай талаптарсыз қабылдануға лайық екенін мәлімдеді. Бірақ нақты талаптар бәрібір қойылады. Мысалы, Украина демократияландыру процесін үдетуге, мемлекеттік басқару институттарын, соның ішінде қауіпсіздік пен қорғаныс секторын модернизациялауға, НАТО стандарттарымен толық үйлесімді болуға және жемқорлықтан пәрменді арылуға тиіс.

Сонымен бірге оның айтуынша, осы шарттар орындалмай, Ресеймен арадағы соғысы тоқтамай, Украина ресми шақырту ала алмайды.

Екіншіден, қорытынды құжатта Украинаның қашан мүшелікке қабылданатыны немесе шақырту алатыны туралы нақты мерзімдер сол бойы белгіленбеді.

"Украина қойылған шарттарды орындағанда және одақтастар оны қатарына қабылдауға келіскенде, Украинаға Альянсқа қосылуға шақырту бағыттай алатын күйде боламыз", — деп екіұшты жазылған НАТО сайтында орналастырылған саммит коммюникесінде.

Құжатта ұйым елдері Украинаның төл қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қалаған тетігін таңдауына толығымен қолдау көрсететіні жазылған. Яғни, жалпы алғанда, олар бұл елдің НАТО-ға қосылуына қарсы емес.

"Украинаның болашағы — НАТО-да. Біз Украинаның НАТО мүшесіне айналатыны жөнінде 2008 жылы Бухаресттегі саммитте қабылданған міндеттемені растаймыз. Бүгінде біз Украина "Мүшелікке дайындық жөніндегі Іс-қимылдар жоспарының" аясынан шығып, толық еуроатлантикалық интеграциялану жолына түскенін мойындаймыз. Украина реформалар жолында елеулі прогреске жетті. Одақтастар Украинаның өз қорғаныс стандарттарын НАТО-мен үйлестіруіндегі прогресті қадағалауды жалғастыратын болады. Сондай-ақ ондағы қосымша демократиялық реформаларды және қауіпсіздік секторындағы жаңғыруларды қолдайды", – делінген саммит коммюникесінде.  

Үшіншіден, одақтастар Украинаны қолдаудың көпжылдық бағдарламасын қабылдады. Оған жыл сайын 500 миллион доллар бөлінеді. Бұл қаржы украиналық армияны жаңғыртуға және оны кеңестік стандарттардан НАТО стандарттарына толық көшіруге жұмсалады. Яғни, НАТО елдері Украинаның Қарулы күштеріне көпжылдық әскери көмек көрсету жөнінде міндеттеме алады.

Төртіншіден, одақтастар "НАТО – Украина" Кеңесін құруға шешім қабылдады. Оның алғашқы отырысы бүгін, 12 шілдеде өтеді. Бұл кеңес аясында шұғыл мәселелер, соның ішінде мысалы, Запорожье АЭС-інің жарылуы сияқты дағдарысты жағдайлар бойынша жедел консультациялар өткізіле алады. Негізі, Украина блокқа кіргенде, НАТО аумағындағы атом станциясын жаруға немесе оған ядролық соққы беруге Мәскеу батпас еді. Енді оған да кедергі жоқ. Ал шұғыл консультациялар бұл кеңессіз де жүргізіліп келеді.

Назар аударатын жайт, НАТО Финляндия мен Швецияға былтыр нақты кепілдіктер мен артықшылықтар берген: олар әскери ұйымға кіру рәсімдерін аяқтағанша, яғни өтінімдері қаралып жатқан кезеңде НАТО мүшелері сияқты қолдау мен қорғауға ие болды. Ол екеуі де күнібұрын әскери блоктың "ядролық қолшатырының" астына кірді.

Ал Украинаға ондай қорғаныс пен қауіпсіздік кепілдігі берілген жоқ. Бұл соғысқа НАТО ұйымы араласпайды, тікелей қорғамайды.

Киевті түңілткені – Альянс оны қашан, неше жылдан соң мүшелікке қабылдайтынын нақты айтпағаны болды. Осы арқылы оны белгісіздік пен турбуленттілік жағдайында қалдырды. Себебі, мүше болу үшін соғыстың аяқталуын күту керек болса, онда тіпті бүкіл Украина территориясын РФ әскеріненен толық азат етсе де соғыс тоқтамайды.

Қорыта айтқанда, бұл саммитінде НАТО Украинаға қатысты ешқандай міндеттеме алғысы келмейтінін паш етті. Осы арқылы тағы да Кремльге карт-бланш беріп отыр. Мәскеу ары қарай да Украинаны экономикалық, әскери, инфрақұрылымдық, демографиялық тоқыратуын жалғастырады. Алдағы қыста украиналық жылу-электр станцияларына, подстанцияларына, әлеуметтік инфрақұрылымына тағы да үстемелете соққы беруі ықтимал. Осы мақсатта Ресей Иранмен бірлесіп, Татарстан аумағындағы Алабұғада "Шаһед" бомбалаушы дрондарын шығаратын зауыт салуда. Онда жылына 6 мыңнан аса беспилотник өндірілмек. Ендеше майданда украиналық жауынгерлер, елді мекендерде тұрғындары қырылып, қаншама Украина азаматы босқынға айналады.  

Қорыта айтқанда, егер Батыс болашақта теріс айналса, Украинаның тәуелсіздігі, жерінің тұтастығы, елінің қауіпсіздігі бірінші кезекте украиналықтардың өздеріне, қайсарлығына, азатшылдығына, жанкештілігіне, төзімділігіне байланысты болмақ.

Әзірге Батыс елдері НАТО аясында емес, Рамштайн контакт тобы аясында, жеке бастамалары бойынша қуатты қолдау көрсетуін жалғастырады. Украина халқы соған тәубешілік етіп отыр.

НАТО-ның келесі, мерейтойлық 75-ші саммиті 2024 жылы Вашингтонда, ал содан кейінгі отырысы 2025 жылы Нидерландыда өтетін болып бекітілді. Онда Украинаның мүшелігі қарала ма, жоқ па, белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу