Наурыз – отбасылық саясат пен сенбіліктің мерекесі ме?

6259

Министрлік Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың жаңа нұсқасын ұсынды. 

Наурыз – отбасылық саясат пен сенбіліктің мерекесі ме?

Қазақ халқы ежелден әз-Наурызды жыл басына санаған, Ұлыстың ұлы күніне балаған. Басты идеологиясы да – осы. Наурыз – нағыз жыл басы, күн мен түн теңелген күн! Себебі шуағын шашқан көктемнің нұрлы шапағаты Наурызбен бірге тіршілікке шаттық сыйлайды. Қыстың қаһары қайтып, жер-жаһан қайта түлейді. Дүние жаңарады.

Алайда XVIII ғасырда Қазақ хандығы құлап, қазақ отарланды. ХХ ғасырда әбден орыстанған қазақ үшін жыл басы – 1 қаңтарға ауысты. Большевиктер, Кеңес өкіметі жыл басы ретінде Наурызды тойлауға тыйым салды. Осы мақсатта оны тіпті "діни мереке" деп жариялады. Сарапшылар мұның негізсіз екенін айтып жүр, деп жазады іnbusiness.kz тілшісі.

"Наурыз мейрамы діни мейрам емес. Наурыз діни мереке болуы үшін Ораза, Құрбан айттары сияқты діни үкімдері болу қажет. Мысалы: екі ракат намаз оқу, құрбандыққа мал шалу сияқты. Наурыз діни мейрам ретінде қабылданбайды. Бірақ шариғатқа қайшылығы жоқ. Кейбір жат ағымға еліктеп жүрген азаматтар секілді Наурызды исламдық мерекелерге қатысы бар деп түсінуге болмайды. Дәстүріміздегі барлық мұра құндылықтарымызды исламнан санау – қате пікір. Өйткені бұл мереке тек қазақ ұлтына тән мереке емес, бүкіл Орта Азия халқына тән мейрам", – дейді Түркістан облысының "Дін мәселелерін зерттеу орталығының" Әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің маманы, теолог Асхат Дүйсен.

Елбасы осыдан бірер жыл бұрын: "Түбінде біздің нағыз жаңа жылымыз осы Наурыз мейрамы болуы қажет" деп қадап айтқан. Бірақ бұл тапсырма сол бойы жүзеге аспады.

Енді билік Наурыз мейрамын жыл басы етпей, оған әлдебір жаңа идеология таңуға, оны тойлаудың жаңа тұжырымдамасын ойлап табуға тырысуда. Кейбір филолог ғалымдар мұның дұрыс емес екенін, оның арты болашақ ұрпақтың әз-Наурыздың шын мән-маңызын түсінуден қалуына соқтыратынын айтудай-ақ айтып жүр. Алайда бұл шенеуніктердің санасына жетер емес.

Наурызды бүкіл Қазақстан он күн тойламақ

Мәдениет және спорт министрлігі ел Үкіметінің қаулысымен бекітілетін "Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын" жариялады. Оның ізгі тұстары да бар. Мысалы, Ұлыстың ұлы күні тек оңтүстікте ғана емес, енді бүкіл өңірлерімізде он күн бойы тойланбақ.

"Наурыз мейрамын тойлауға қатысты іс-шаралар 14–23 наурыз аралығында өткізіледі (10 күн)", – деп жазылған құжатта.

Әр күн әртүрлі ұранмен өтпек: 14 наурыз – "Көрісу күні", 15-і – "Жайлау күні", 16-сы – "Шежіре күні", 17-сі – "Тарихқа тағзым күні", 18-і – "Игі істер күні", 19-ы – "Шымырлық пен шеберлік күні", 20-сы – "Зияткерлік күні", 21-і – "Ұлттық тағамдар күні", 22 наурыз – "Ұлыстың ұлы күні", 23 наурыз – "Жоралғы күні".

Дегенмен, даулы тұсы жетерлік. Мысалы, құжатта әз-Наурызды достық мерекесі ретінде де атап өту ұсынылады. Яғни, ол "1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні" мейрамының көлеңкесінде қалуы мүмкін.

Сондай-ақ әз-Наурыздың мазмұнын қоршаған ортаны қорғау идеяларымен толтыру ұсынылады. Демек, шенеуніктер мен әкімқаралар ескі әдетімен ерікті-мәжбүрлі түрде сенбіліктер өткізуі ықтимал. Демалыс күнінде жұмыс істеген кімге ұнасын: егер Наурыз мейрамында көше тазалау, бордюрлерді бояу, қоқыстарды шығару және басқа да жұмыстарға жұртшылықты жаппай жегу тәжірибесі жолға қойылса, жұртшылық бұл мерекені жек көріп кетуі ғажап емес. Себебі мұның бәрі коммуналдық қызметтер мен ПИК-МИБ-тер атқаруға міндетті жұмыстар: олар сол үшін тұрғындардан, бизнестен және мемлекеттен, яғни үш көзден қатар ақы-ақша алып отыр.

"Наурыз – заманауи қазақ қоғамына еркін бойлап, қоғамдағы достық пен ынтымақтың символына айналды. Қазақстанда өмір сүріп жатқан 100-ден аса өзге ұлт өкілі Ұлыстың ұлы күнін қадір тұтып, жалпыхалықтық сипатта тойлап келеді. Көпұлтты мемлекетіміздегі достықты күшейіп, ұлттық бірегейлігімізді сақтап, бейбітшілік пен бірліктің, достықтың жарқын үлгісін көрсеткен мейрам. Наурыз мейрамының негізі мақсаты – Қазақстан жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру", – дейді мәдениет министрлігі.

Үйдегі үстелдің емес, даладағы ұлы тойдың мейрамы еді

Наурыз мейрамына орыстың "Жаңа жылы" сияқты отбасылық мереке сипатын беру ұсынысы да қоғамда сын тудыруы мүмкін. Өйткені Ұлыстың ұлы күнінде бірде бір қазақ отбасымен шектеліп, үйінде ұйлығып отырмаған. Керісінше, жан атаулы сыртқа шығып, тегіс көрісіп, өкпелі адамдар кешірім сұрасқан. Ауыл-аймақ болып тойлап, көкпар тартып, ат шаптырып, палуандарды күрестіріп, ақын-жырауларға ән-жыр, айтыс-терме айтқызып, майрақ-жайрақ болған. Наурыз көженің өзі далада ішілген, бұл күні ешкім аш болмасын деп, қалаған жанның бәріне таратылған. Яғни, бұл мейрам – тоқшылықтың нышаны.

Әйтсе де, дағдарыс пен карантин қысқан заманда шенеуніктер тоқшылық туралы айтып, бұқараның ашуын туғызудан қорқатын болса керек. Оның орнына пандемия кезінде өте өзекті болған тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін шешуге әз-Наурызды пайдаланбақ ниетте.

Сонымен бірге пандемия кезінде қаптаған адамды жинап, бұқаралық ірі іс-шаралар өткізуден билік аяқ тартпақ. Мысалы, коронавирустың тарауы кесірінен 2020 жылы ел тарихында тұңғыш рет Ұлыстың ұлы күнінде халықты көп жинайтын мерекелік іс-шаралар өткізуге тыйым салынды. Биыл да солай болмақ: денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус таралуының шырқау шегін дәл наурызға төндіріп қойды.

Жаңа тұжырымдамада Ақтоты Райымқұлованың министрлігі Наурыз мейрамның міндеттерінің бірі ретінде "мейрам кезінде әр адам отбасына, ата-анасына барып, хал-жағдай сұрасу арқылы отбасы институтын күшейту" деп бекіткелі отыр.

Егер бұл ұсыныс өтсе, карантиннің сарқыншағы тіпті пандемия аяқталған соң да әз-Наурызға қамыт болып киілетін түрі бар. Әйтпесе, қазақстандықтардың өз отбасына көңіл бөлуі, ата-анасының хал-жағдайын сұрауы үшін 22 наурыздың келуін күтіп отыруы ақылға сыймайды.

Мәдениет және спорт министрлігі Наурыз мерекесінің келесі міндеттері ретінде "этносаралық қатынастар мәдениетін дамыту, қоғамдағы достық пен сенімді нығайту" және "Қазақстан табиғатының бірегейлігін, табиғатқа ұқыпты қарауды ұғыну, экологиялық мәдениетті және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру бойынша қоғамдық бастамаларды дамыту" деп белгілепті.

Олай болса, кеңес кезінен қалған 1 мамыр мерекесін жоя беруге болатындай.

"Наурыз аясында "Ардагерлерді ардақтайық" ұранымен Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетіледі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлерді іздеу және мәңгі есте қалдыру, жауынгерлерге арналған мәдени-ағартушылық, тарихи-патриоттық іс-шаралар өткізіледі", – делінген тұжырымдаманың тағы бір тұсында.

Сонда 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесі қайда қалады?

Егер мемлекет Наурыз мейрамын бұрынғыдай бұқара көп жиналатын ірі іс-шаралармен атап өтпесе, қалай өткізбек? Сайлау кезіндегі сияқты кездесулер ұйымдастыратынға ұқсайды.

"Қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері немесе ақсақалдардың қатысуымен қала, аудан, ауылдық округтерінің білім ордалары мен еңбек ұжымдарында іс-шаралар ұйымдастыру өте маңызды. Сондай-ақ, бұл жайлы еліміздің БАҚ пен әлеуметтік желілерінде хабарлар таратылуы керек", – делінген тұжырымдамада.

Тағы не қалды? Мейрам күндері азаматтарға "ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында жаппай ұлттық киімдерімізді кию" ұсынылады.

Көпшілік орындарда – сауда орталықтары, вокзал, әуежай, қонақүй және басқасында ұлттық музыка ойнатылуын қамтамасыз ету қарастырылған.

Айтпақшы, А.Райымқұлова министрлігі "Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын" тек 16 ақпанға дейін ғана қоғамдық талқылауға шығарыпты. Осыған орай "Ашық НҚА" порталының заңгері Андрей Суханов ведомствоға ашық ескерту жасады:

"Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 30 маусымдағы №22 бұйрығымен бекітілген Ережеге сәйкес, порталдағы қоғамдық талқылау мерзімі 10 жұмыс күнінен кем бола алмайды! Осылайша, бұл жағдайда әзірлеуші орган нормативтік-құқықтық актілерді қоғамдық талқылаудың заң жүзінде бекітілген мерзімін бұзып отыр", – деді А.Суханов.

Ақтоты Райымқұлова сонда неден қорқып осылай асығып, заң бұзуға барып отыр? Әлде қазақ түсінігінде асыққан кімнің ісі екенін білмейтін болғаны ма?

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу