1991-2023 жылдары берілген заңды дипломдардың санының өзі 3 миллионнан асты.
Қазақстанда жалған диплом проблемасы ушығып барады. Бірқатар сарапшы бұған Асхат Аймағамбетовтың мұрасы ықпал етті деп жүр. Қалай болғанда, ол білім және ғылым министрі болып тұрған тұста, 2021 жылдан бастап, мемлекеттік үлгідегі жалпыға бірдей дипломдар жойылып, оның орнына жоғары оқу орындары білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттарын беруге көшті.
Салдарынан, бүгінде жұмыс берушілер қай университеттің нағыз дипломының шын түрі-сипаты қандай екенін білмейді. Оның түпнұсқалылығын тексеру де қиын. 2021 жылы іске қосылуға тиісті цифрлық тұғырнама сол бойы толық пысықталмаған, шикі күйде жатыр. Мұның бәрі алаяқтар үшін тың, әрі кең өріс ашты.
Мысалы, тек былтырдың өзінде бір ғана Павлодар облысында 78 жалған құжат жасау фактісі тіркелді. Азаматтар оқуға уақыт жоғалтпай, білімге бас қатырмай, орта арнайы және жоғары білім туралы жалған құжаттарды көп ақшаға сатып алады.
Мысалы, Павлодар облысы бойынша Полиция департаментінің хабарлауынша, "Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетін" бітіргені туралы жалған дипломды пайдаланудың кезекті фактісі Екібастұз қаласында анықталды. Жергілікті тұрғынның құжатын тексеру кезінде бұл университеттің оған диплом бермегені және 2016 жылғы түлектер тізімінде оның тіркелмегені әшкереленді. Полиция Қылмыстық кодекстің 385-бабы (Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.
ІІМ дерегінше, Ақтөбе облысында аудандық білім бөлімінің әдіскеріне әріптесі шығып, ЖОО-ның бірінің магистратурасын бітіргені туралы диплом әпере алатын танысының барын айтқан. "Педагог-психолог" мамандығының дипломын алуға ынтыққан әйел одан танысының нөмірін алып, хабарласады. Ер адам өз қызметіне 800 мың теңге алдын ала төлем сұраған. Қолында сонша ақшасы болмағандықтан, әдіскер Ақтөбе қаласына сапарлап, несие рәсімдеген, ақшаны банктік қосымша арқылы бейтаныс еркекке аударған. Алайда ұзақ уақыт не дипломын, не ақшасын ала алмаған жәбірленуші былтырғы қарашаның соңында полицияға арызданды. Полиция бұрын ұқсас қылмысы үшін сотталған 41 жастағы ақтөбелікті ұстады.
Яғни, диплом саудасы жоғарғы оқу орындарындағы қарау ниетті басшылар, қызметкерлер және оған қатысы жоқ алаяқтар үшін заңсыз бизнеске айналғандай.
Ақмола полицейлері де жалған дипломды пайдалану дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеулерді бастады. Көкшетауда 34 жастағы солтүстікқазақстандық тұрғын "Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу" мамандығы бойынша жергілікті оқу орындарының бірі берген жалған дипломды ұсынған. Ақмолалық тұрғын жұмыс орнына "Электромонтажшы" мамандығы бойынша Көкшетау қаласының кәсіптік лицейін бітірген-мыс деген жалған дипломды тапсырған. Бұл туралы Ақмола облысының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті біліп, полицияға хабарлады. Жалған диплом иелері мамандықтары бойынша бұрын жұмыс істеп үлгерген.
Мұндай мысалдар толып жатыр. Аймағамбетов тұсында ушыққан кеселге Саясат Нұрбектің командасы тосқауыл қоя алмай тұр.
Ғылым және жоғары білім министрі мұның бұрынғы министрлерден қалған ауыр мұра екенін меңзеді. Өйткені, ведомство басшысының Мәжіліске жолдаған жауап хатында айтылғандай, "жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттарды цифрландыру" ісі Премьер-министр орынбасарының 2017 жылғы 10 қарашадағы хаттамалық тапсырмасына сәйкес, сонау 2018 жылы басталыпты.
"Содан бері жоғары оқу орындары деректер базасын толтыру арқылы білім туралы құжаттардың тарихи деректерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындары 1991–2023 жылдары берген өз түлектерінің 3 миллион астам дипломын цифрландырып шықты. Осы бағыттағы жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда", – деп уәде етті Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ, оның министрлігі Президент Әкімшілігімен және мүдделі меморгандармен келісе отырып, "Білім туралы құжаттардың заңсыз айналымын болдырмайтын тетіктерді әзірлеу жөніндегі жол картасын" бекітті. Жол картасында:
- қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізіп, жетілдіру,
- интернет-сайттарда, әлеуметтік желілерде және басқа да дереккөздерде дипломдар мен сертификаттарды сату туралы жарнама-хабарландыруларға мониторинг жүргізу,
- білім туралы құжаттарды сату бойынша интернет-сайттарды ұйымдастырушыларға шара қолдану және басқасы көзделген.
Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне дипломдардың заңсыз айналымына жол бермеу жөнінде тиісті шаралар қабылдауға қатысты хаттар жолданыпты.
Саясат Нұрбек 2021 жылдан бері, Сот төрелігі академиясын, әскери, арнаулы оқу орындарын, денсаулық сақтау саласындағы жоғары және жоғарыдан кейінгі оқу орындарын қоспағанда, басқа барлық ЖОО-лар – білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы бар және аккредиттеу органдарында аккредиттеуден өткен жоғары оқу орындары білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттарды беретінін еске салды. Бұл салада өзім би, өзім қожа жағдайда.
Саясат Нұрбек қазіргі кезде берілетін жаңа үлгідегі шынайы дипломды жалғаннан қалай айыруға болатынын айтып берді. Ең бастысы, онда сериялық нөмірі және QR код болуға тиіс.
"Министрлік жоғары оқу орындарының түлектеріне берілетін "өзіндік үлгідегі білім туралы құжаттардың" мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды, сондай-ақ білім туралы құжаттардың сериясын бекітті. Өзіндік үлгідегі құжаттардың нөмірлері мен QR кодтары болады. Ал, оларды генерациялау "Білім туралы құжаттардың нөмірлерін генерациялау" арнайы сервисі арқылы жүзеге асырылады. Бұл сервис тек өзінде ресми тіркелген тұлғалар, яғни, ЖОО-лардың ресми жауапты қызметкерлері үшін ғана қолжетімді", – деді ғылым және жоғарғы білім министрі.
Саясат Нұрбек әрбір студент туралы ақпарат "Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы" (ЖББП) ақпараттық жүйесінде болатындықтан, студент атанбаған бөгде адамдардың заңды жолмен диплом алуына мықты тосқын қойылғанына сенімді.
"Әрбір дипломның нөмірлері мен QR кодтарын генерациялау сол жүйедегі білім алушылар туралы мәліметтер негізінде ғана жүзеге асырылады. Арнайы сервис жоғары оқу орындарының өкілдеріне ЖОО жүйесін ЖББП жүйесімен интеграциялау арқылы білім алушы туралы толық мәліметтер – оның оқыған мамандығы, оқу үлгерімі, оқу бағдарламасы бойынша академиялық кредиттерінің жеткілікті санын игеруі, оқуға түсуіне не ауысуына қатысты бұйрық, курстан курсқа ауысу туралы бұйрықтар болған жағдайда ғана оның дипломының сериялары мен нөмірлерін жасауға мүмкіндік береді. Егер ЖББП-да білім алушы болмаса, онда ол үшін диплом нөмірін генерациялау да мүмкін емес", – деді министр Нұрбек.
Дегенмен, әлеуметтік желіде диплом сатушылар оны сатып алушылардың дерегі Жоғары білім берудің бірыңғай платформасында" (ЖББП-да) болатынын айтады. Ендеше не сол жүйеге қолжетімділігі бар ЖОО қызметкерлері барлық деректі қолдан жасайды, немесе бұл бос уәде және алдау.
Министр Саясат Нұрбек "бұдан былай генерацияланған нөмірлері мен QR кодтары жоқ кез келген университеттің, колледждің, басқасының өзіндік үлгідегі дипломдары жарамсыз болып саналатынын" мәлімдеді. Бұл шаралар, оның сендіруінше, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттардың заңсыз айналымын болдырмауға ықпал етеді.
Бұл мәселеге қатысты Ішкі істер министрі Ержан Саденов те түсініктеме берді. Ол құқыққа қайшы мазмұндағы әртүрлі материалды анықтау, оларға жедел үн қату үшін өз ведомствосының интернет кеңістігіне тұрақты негізде мониторинг жүргізетінін еске салды.
"Биыл интернет желісіне мониторинг қорытындысында ІІМ құзырындағы құқыққа қайшы контенті бар 2,5 мыңнан астам (2023 жылы 23 228 болған) интернет-ресурс анықталды. Олардың тек 15-і (2023 жылы – 18) білім алу туралы құжаттармен байланысты. Тексеру барысында олардың шетелдегі техникалық алаңдарда орналасқаны және алаяқтар екені анықталды: еш кепілдік бермей, алдын ала төлем талап етеді. Осыған байланысты бұғаттауы үшін олар туралы ақпарат уәкілетті органға жолданды: Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан заңсыз интернет-ресурстарды талдауға, жүйелеуге және бұғаттауға арналған "Киберқадағалау" ақпараттық жүйесі жұмыс істейді", – деді Ішкі істер министрі.
Ол осы бағыттағы жұмыстың жалғасатынына және бақылаудың болатынына сендірді.
Ведомство жалған диплом сатушыларға Қылмыстық кодекстің 385-бабына сәйкес, жалған құжаттарды жасағаны үшін 2 мың АЕК-ке (2024 жылы 7,4 миллион теңгедей) дейiнгi мөлшерде айыппұл салынатынын ескертті. Ең жоғарғы жазасы – 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды қарастырады.
Жалған дипломды қолданушылар 160 АЕК (биыл 590,7 мың теңге) айыппұл арқалайды. Сот ең жоғарғы жазасын кессе, айыпты 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алынады.