"Назарбаев Университетінің" түлегі қарапайым электрик болып істеуге мәжбүр

2096

Еліміздің №1 жетекші университетінде ондаған миллион бюджет қаржысы шығындалып, оқытылған түлектерді жұмысқа тұрғызуда мәселе туындап жатқан көрінеді.   

"Назарбаев Университетінің" түлегі қарапайым электрик болып істеуге мәжбүр Фото: nu.edu.kz

Бұл мәселені "Назарбаев Университетінің" (NU) түлегінің әкесі Жанат Адамбаев көтерді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Бір жағынан, балаларымыздың беделді жоғарғы оқу орнында оқуына мүмкіндік ұсынғаны үшін мемлекетке алғыс айтқым келеді. Мен кеңес кезінде 2 жоғарғы білім алған адаммын. Сол кездегі жоғарғы білімді қазіргі ұлым алған біліммен салыстырсам, өз елім үшін көкірегімді мақтаныш кернейді. Назарбаев Университетіне түсе алғаны, ең маңыздысы – абыроймен бітіре алғаны үшін ұлымды да мақтан тұтамын", – деді ол.

Дегенмен, ньюанс бар.

"Жұмысқа алғанда NU бітірген түлектерге басымдық беріледі дегенді бұрын көп оқушы едім. Сол кездегі Президенттің тапсырмасы болса керек. Алайда қазіргі кезде мұндай үміт ақталмай тұр. Осы университеттің дипломы қолына тиген соң, ұлым түйіндемесін еліміздегі барлық ұлттық компанияға, меморгандарға, сондай-ақ Қазақстандағы шетелдік ірі компанияларға жолдады. Алайда барлығы бас тартты. Бәріне жұмыс өтілі бар маман ғана қажет бола қалыпты! Содан ұлым амалсыз, бос орны бар "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ-ына құжаттарын өткізді. Оны қарапайым электромонтёр қызметіне қабылдап, Алматы облысының Талғар ауданындағы ауылдық округтердің біріне жіберді. Қазіргі кезде ол сонда еңбек етіп жатыр. Әрине, әр еңбек бағалы. Бірақ менің ойымша, техникумды емес, білдей Назарбаев Университетін бітірген, нақты ғылымдарды, ағылшын тілін жетік меңгерген түлектер бағандарға өрмелемей, терең білімін зерттеулерде, мемлекеттік басқаруда, менеджментте пайдаға жаратқаны жөн", – деді түлектің әкесі.

Ашық көздерде жарияланған соңғы деректер бойынша 2017–18 оқу жылы мемлекеттен ең көп қаржыландыруды – 9,75 млрд теңгені Назарбаев Университеті алыпты. Содан бері бұл сома артпаса, кемімеді.

Оның үстіне оған түрлі министрліктер миллиардтап жарна бөледі. Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Ажар Ғинияттың ведомствосы "Назарбаев Университеті" ДБҰ-ға нысаналы салым" 024 бюджеттік бағдарламасы аясында NU-ға 2021 жылы 896 млн, 2022 жылы 787 млн теңге аударыпты. Келесі 2023 жылы 662,6 млн, ал 2024 және 2025 жылдары 603 млн теңгеден бағыттауды жоспарлады.

Ғылым және жоғарғы білім министрлігі де "Назарбаев Университеті" ДБҰ-ға нысаналы салым" 092 бағдарламасы аясында оған 2021 жылы 7 миллиардтан астам, 2022 жылы 2 млрд 154,9 млн, 2023 жылы 2 млрд 381,2 млн, 2024 жылы 3 млрд 113,5 млн, ал 2025 жылы 2 млрд 892,3 млн теңге бөлуді жоспарлаған.

"Бұл университетте студенттер 5 жыл оқиды, осы уақытта мемлекет бір шәкіртті маман етіп даярлау үшін 30 миллион теңгеден астам қаражат шығындайды деп естідім. Мемлекет алапат шығын шығарады, ал түлектер өз елінде орын таба алмай, өзге елдерге кетуге мәжбүр болады. Сөйтіп, ел қаржысына жат мемлекеттердің экономикасын көтереді. Сонда Жаңа Қазақстанды кім тұрғызады, онда кім тұрады? Меніңше, еліміздің жетекші университеттерінің түлектерін жұмысқа орналастыруды мемлекет өз бақылауына алуы қажет. Сонда ғана "мидың сыртқа ағып кетуін" тоқтата алады. Менің ұлым да Батыс елдеріне кетуді ойластырып жүр. Өзінің курстастары сияқты шетелдегі компанияларға түйіндемесін жолдап қойды", – деді Жанат Адамбаев.

Айта кету керек, жыл сайын Назарбаев Университетінің өзі төл түлектеріне арнап, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізіп тұрады.

NU дерегінше, 2022 жылғы шілдедегі жағдай бойынша бұл университеттің барлық түлектерінің 21,4%-ы оқуын ары қарай жалғастыруға шешім қабылдады. Тек 65,09%-ы жұмысқа орналасқан. Қалғаны жұмыс іздеуде, жұмыстан шыққан, басқа да жағдайда, қысқасы, жұмыссыз.

Жалпы, осы жоғарғы оқу орнының біраз түлегі шетелге кетіп қалады деген сөз шындыққа жақын екен.

Мұның алдында NU Студенттік істер және халықаралық қатынастар жөніндегі вице-президенті Қадиша Дайырова хабарлағандай, түлектердің 29% әлемнің көптеген университеттерінде өз оқуларын жалғастырған. Бұл ретте өткен жылдардағы түлектердің жартысынан астамы, 52% ғана Қазақстанда жұмыс істейді және оқиды. Қалғандары АҚШ (15%), Ұлыбритания (6%), сондай-ақ Еуропа, Солтүстік Америка және Азияның басқа да елдерінде еңбек нарығында өз орнын тауыпты. Олардың арасында Google, Microsoft, APPLE сияқты жетекші IT-компанияларда, Силикон алқабында жұмыс істейтін түлектер бар.

Жасыратыны жоқ, бұрынғы жылдары осы университетті бітірушілермен қоштасу рәсімі зор сән-салтанатпен өткізілетін. Ғылым ордасының түлектерін жыл сайын Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен ұшыратын. Батасын беріп, толағай сөздер, телегей тілектер айтатын. Отандық және шетелдік ақпарат құралдары жиналатын.

Бертінде бұл пафосты той-думанға пандемия кедергі келтірді. Биыл "қасіретті қаңтар" оқиғалары болып, экс-Президент саяхат сахнасынан аласталды. Тек биылғы 10 маусымда, екі жылдан бері алғаш рет Назарбаев Университетінде студенттердің VIII оқу бітіру салтанаты өтті. Бірақ оған бұрынғы Президент те қатыспапты. Орнына кім келді?

"2022 жылдың 10 маусымында Назарбаев Университетінде студенттердің VIII оқу бітіру салтанаты өтті. Бұл Covid-2019 пандемиясына байланысты екі жылдық шектеулерден кейін университет кампусында түлектерге құрмет көрсетудің алғашқы рәсімі. Дәстүр бойынша салтанатты рәсім түлектердің, үздік студенттердің және профессорлық-оқытушылық құрамның академиялық шеруімен басталды. Өткен жылы қаза тапқан профессорларды және тауда мерт болған университеттің екі студентін бір минут үнсіздікпен еске алды. Салтанатты рәсім түлектер мен шақырылған қонақтың құттықтау сөздерімен жалғасты. Биылғы жылы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов сөз сөйледі", – деп хабарлады университет.

Айтпақшы, сарапшылар мен журналистер бұрынғы Мемлекет басшысының есімін жетекші университетте ұлықтауды тоқтатуды ұсынған. Бірақ билік ондай шетін қадамнан бас тартыпты. Әйтпесе, бұған дейін Мысырда төңкеріс болып, бұрынғы көшбасшысы тақтан тайдырылған соң, Қазақстанда Египеттің экс-Президенті Хосни Мубарактың аты ұлықталған Нұр-Мүбарак университетінің атауын ауыстыру туралы да ұсыныстар ортаға тасталған еді. Ол атау қалдырылды және ЖОО қазір Nur-Mubarak University аталады.

Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу бұл мәселеге қатысты пікір білдірді. Ол қаңтардағы оқиғалар, Украинадағы ауыр ахуал, әлемдегі тұрақсыздық бүкіл өңірге әсер еткеніне назар аудартты.

"Соңғы оқиғалар бірінші Президент режимінен қазіргі Президент режиміне ауысуды күрт жеделдетті. Біздің қауымдастықтағы көптеген адамдар "бұл оқиғалар НУ атауына да әсер ете ме?" деп алаңдап, сұрақ қояды. Мен жауап берейін: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та, Үкімет те университетімізге және біздің туыстас ұйымымыз Назарбаев Зияткерлік мектептеріне бірнеше рет ризашылықтарын білдірді. Ал жақында бекітілген Қамқоршылық кеңестің құрамы олардың ары қарай үздіксіз қолдау көрсететінін паш етті", – деді Шигео Катсу.

Университет сайтында Жоғарғы қамқоршылық кеңестің бірінші төрағасы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев көрсетілген. Қамқоршылық кеңес құрамына Үкімет басшысы, Ұлттық банк басшысы, Қаржы және Цифрлық даму министрлері және басқалары кіреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу