NEET жастардың үлесі 7%-ды құрайды

3044

Қазақстанда масыл жастардың қай өңірде ең көп шоғырланғаны мәлім болды.

NEET жастардың үлесі 7%-ды құрайды

Сарапшылар арасында "жастар экономикасы" деген ғылыми термин бар. Ол балалардың, жасөспірімдердің және бозбалалар мен бойжеткендердің ересектер экономикасына араласуын білдіреді.

Қазіргі кезде өз өмірі мен ойын-сауығына өзі қаржы табатын қазақстандық жастардың саны барған сайын артуда. Олардың біразы бұл іспен мектептегі сабақтан не колледж, университеттегі оқуынан бос уақытта айналысады. Ал кейбірі тіпті табыс табу үшін сабақтан қалуға дайын.

Балалар еңбегі кеңес кезінде молынан пайдаланылатын: мектеп оқушылары мен жоғарғы оқу орындарындағы жас азаматтар күзде егін, соның ішінде бақша дақылдарын, картоп, мақта жинайтын, совхоз-колхоздардың қора-базаларын қысқы қидан тазартатын, құрылыстарға да тартылатын. Мұның бәрі экономикаға үлес қосқанымен, жастардың қалтасын қалыңдатқан емес.

Қазір белсенді жастар білім ордалары қабырғаларында жүріп-ақ ақылы жұмыс жасауға, өз кәсібінің негізін қазірден қалауға ұмтылады. Тиісінше, кеңес одағы құрығанына қарамастан, тәуелсіз Қазақстанда жасөспірімдердің еңбегін пайдалану көлемі артты.

Заңнама да енді мектеп оқушыларына ата-аналарының келісімі болса, толық емес жұмыс күні режимінде жұмыс жасауға рұқсат етеді. Олардың көбі қызмет көрсету немесе бөлшек сауда салаларында нәпақа табуда. Балалардың базарларда тауар сатып тұрғанын, тамақтандыру орындарында клиенттерден тапсырыс қабылдап, даяшылықпен айналысатынын, арнайы орындарда машина жуып жатқанын, ақылы негізде зәру адамдарға көмек көрсетіп, қоқыс шығарып жүргенін байқауға болады. 

Бірақ сонымен бірге, 29 жасқа толса да (ұлттық заңнама бойынша осы жастан кейін азамат жас санатынан шығарылады) "балалықтан" айырылғысы келмей, көшені шаңдатып бос сенделетін, болмаса төбеге түкіріп, текке жататын жастар да жетерлік.

Жас ұрпақтың еңбекке ертеден тартылуына мүдделі мемлекет мұндай жастардың да санын түгендеп шықты.

Масыл жастарды ресми атау үшін әлемде NEET (Not in employment, education or training, яғни "жоғары білім алмайтын, жұмыс істемейтін, біліктілігін арттырмайтын" деген мағынаны білдіреді) ұғымы ойлап табылған.

Сонымен, ресми мәлімет бойынша NEET жастардың жалпы жас қазақстандықтар арасындағы үлесі Қазақстанда 7%-ды құрайтыны анықталып отыр. Айта кету керек, бір жыл бұрын бұл үлес 8,3%-ға жеткен-тін.

Осы орайда еңбек, білім алу, біліктілігін арттыру саласымен қамтылмаған жастардың үлесі әсіресе, кенді Қарағанды облысында көп болып отыр және 11,8%-ды құрайды. Алдыңғы жылы бұл үлес 9,5% болған, яғни қатары өсуде. Екінші орынға халық тығыз орналасқан Түркістан облысы шықты, көрсеткіші 10,3%. Үштікті жаңа мегаполис – Шымкент (8,2%) тұйықтайды.

Өзге өңірлердегі 15-28 жас аралығындағы жастар арасындағы NEET-тер үлесі келесідей: Солтүстік Қазақстан облысы – 7,9% (бір жыл бұрын 8,9% болған), Жамбыл облысы 7,9% (10,1%), Қызылорда облысы 7% (9,5%), Маңғыстау облысы – 7% (10,6%), Астана – 7% (7,1%), Ақтөбе облысы – 6,9% (9,1%), Алматы қаласы – 6,4% (7,6%), Атырау облысы – 6% (9,4%), Ақмола облысы – 5,9% (7,6%), Алматы облысы – 5,6% (7,9%), Қостанай облысы – 4,9% (4,7%), Шығыс Қазақстан облысы – 4,8% (6,2%), Павлодар облысы – 4,2% (5%), Батыс Қазақстан облысы – 2,8% (2,6%).

Ел парламентіне енгізілген, былтыр қабылданған "2019–2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңын қайта қарап, нақтылайтын заң жобасында "Жастар жылы" іс-шараларын өткізуге қосымша 24,6 миллиард теңге шығындау көзделген.

Бұл ретте "Жастар жылын" өткізу жөніндегі жол картасына сәйкес, оқымайтын, жұмыс жасамайтын және өз біліктілігін артырмайтын жастар көрсеткішін жыл сайын 1%-ға азайтып отыру жоспарлануда.

Мәселен, бұл іске "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы тартылмақ. Атап айтқанда, "Бизнес Бастау" жобасы аясында жастарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 4,5 миллиард теңге жұмсау көзделуде. Нәтижесінде, үш жыл ішінде 60 мың жас азамат бизнеске, өз ісін бастап, жүргізуге үйретіледі деп күтілуде. 

"Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерді қолдауға қайтарымсыз мемлекеттік грант қаржы беру үшін 1,8 миллиард теңге бөлінбек.

Бұдан бөлек, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" бағдарламасы аясында да жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыратын жастарға қайтарымсыз мемлекеттік гранттар ұсыну арқылы үш жыл ішінде 30 мың жас адамды кәсіпкерлікке тарту жоспарлануда. Бұған шамамен 14,4 миллиард теңге бағыттау ұсынылған.

"Жастар жылының" жол картасы аясында жас қазақстандықтарды жұмыспен қамту мәселелері бойынша жаңа бастамаларға да 20 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалсақ.

Әрине, отбасы мен үкіметке масыл болмай, өз күнін өзі көргісі келетін, алайда "екі қолға бір күрек" таба алмай жүрген жастар да жетерлік. Жалпы алғанда, 2018 жылдың IV тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда 15-28 жас аралығындағы 78,5 мың адам ресми түрде жұмыссыз саналады. Жастар жұмыссыздығының деңгейі 3,6%-ды құрайды. Рас, бұл тек жұмыспен қамту орындарында тіркелгені ғана.

Жұмыссыз жастардың ең көбі Алматыда – 16,2 мың және олардың қатары бір жыл ішінде 3,2%-ға артқан. Қытаймен шекара жақтағы өңірлер алаңдатады. Шығыс Қазақстан облысында ақыл-күшін еңбекке бағыттап, ресми табыс табудың жолын таба алмаған жастар саны 6,9 мыңға жетті және алдыңғы жылдан бері бірден 17,9%-ға өсті. Сол сияқты Алматы облысында да 14,8%-ға ұлғайып, 6,7 мыңға жетті. Олар көмекті қажет етеді.

Сонымен бірге, психолог мамандар қазақстандықтардың тым ерте жастан, бала кезден ақшаның жолына түсіп, құнығуының теріс жағы да барлығына назар аудартады. Салдарынан, жас ұрпақтың құндылықтар жүйесі өзгеруде. "Ақшаның арқасында бәрін жасауға, кез келген қажеттілікті өтеуге болады", "бұл үшін тіпті жоғарғы оқу орнын бітіру, біліктілікті арттыру да қажет емес" деп есептейтін жастар көбеюде. Өз бетінше қаржы табатын жастардың көбі кейін өндіріске, ірі кәсіпорындарға жұмысқа тұрмайды.

"Жастар еңбегінің түрлері аға ұрпақтан ерекшеленеді: жігіттер мен қыздар ойын-сауық салаларындағы қызмет көрсетуде – әртүрлі би билеу, ән айту, диск-жокей (ди-джей), бармен болу сияқты кәсіптерде, спортта – ақы алатын жаттықтырушы ретінде балалар мен жастар секцияларын жүргізу, би билеуге үйрету, батуттарда нұсқаушы, әлдебір ұйым не облыс атынан ақшаға жарыстарға қатысу, панкратион, ережесіз жекпе-жек және басқа да қаржы төленетін заңды төбелес түрлерін игереді. Бәрі демей-ақ қоялық, өскелең ұрпақтың біраз өкілі маңдай тер, табан ақымен келетін ақшаның құнын білмейді, қаржыға жеңіл қарайды және оны жеңіл табуға құлшынады. Демек, ата-аналарға қалыс қалмай, әу бастан өз жас баласының өз бетінше тапқан қаржысын орнымен, ұтымды жұмсауына көмектескені, оның бойындағы жауапкершілікті күшейткені маңызды", – дейді белгілі доктор Алексей Кравченко.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу