Неге бір қаладан 3, ал тұтас облыстан тек жалғыз депутат сайланбақ?

2469

Биылғы парламенттік доданың тағы бір жаңа "интригасының" мән-жайы белгілі болды.

Неге бір қаладан 3, ал тұтас облыстан тек жалғыз депутат сайланбақ?

Президенттің елді саяси жаңғырту бағдарламасы аясында алда, 19 наурызда Парламент Мәжілісінің сайлауы жаңа форматта – аралас жүйеде өтпек. Осылайша, Қазақстан 1999 жылғы тәжірибеге қайта оралып отыр. Конституциялық өзгерістерге сәйкес, 1999 жылдың күзінде Орталық Азия өңірінде алғаш рет аралас схема қолданылды. Нәтижесінде,1999-2004 жылдары қызмет еткен ІІ сайланымдағы Мәжілістің 67 депутаты бір мандатты округтердан, ал қалған 10 депутаты біртұтас жалпыұлттық округ бойынша партиялар атынан сайланды. Сол сайлауға 10 саяси партия қатысты. Мажоритарлық бір мандатты округтерда 547 кандидат бақ сынап, Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған рекорд тіркелді. Бір депутаттық мандатқа орта есеппен сегіз кандидаттан таласты, бәсеке көрігі қатты қызды.

Сол жылы өте тартысты өткен парламенттік аламан қорытындысында екінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаттық корпусының төрінен Амангелді Айталы, Серікболсын Әбділдин, Ғалым Байназаров, Әбдіжәлел Бәкір, Ұзақбай Қараманов, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова, Мырзагелді Кемел және басқа да беделді, елге сыйлы тұлғалар орын алды.

Ал партиялар арасынан 7 пайыздық кедергіні еңсерген төртеуі – "Отан", Азаматтық, Аграрлық және Коммунистік партияның өкілдері кірді.

Алайда билікті бір адамның қолында шоғырландыру барысында Қазақстан 2007 жылы Конституцияны қайтадан өзгертіп, бұл тәжірибеден бас тартты. Оның орнына Мәжіліс толығымен тек партия өкілдерінен ғана құрала бастады. Яғни, өз учаскесіне келген сайлаушылар Мәжіліс депутаттарын таңдай алмайды, тек партияларға дауыс береді. Артынша жеңіп шыққан партиялар депутаттық мандаттарды партиялық тізіміне кірген тұлғалар арасында өз қалауынша таратады.

Осылайша, 16 жылдан бері алғаш рет Қазақстан халқы Мәжілістің депутаттарын тікелей сайлауға мүмкіндік алып отыр. Рас, олардың саны 1999 жылғыға қарағанда жеті еседей аз.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, 2023 жылғы 19 наурызда 69 депутат – біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесінде, яғни партиялық тізімдер негізінде таңдалады. Тек 29 депутат – бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады.

Бұл ретте Қазақстанда 20 өңір (17 облыс, 3 республикалық маңызы бар қала) бар. Сонда әр өңірден қанша Мәжіліс депутатынан сайланбақ? Мысалы, Сенатта әр өңірге екі мандаттан берілген. Онда Мәжіліске де мажоритарлық жүйеде 40 мандат бөлінуге тиіс еді. Алайда 29 ғана ұсынылды.

Саясаттанушы Расул Қоспанов Ортсайлауком бір мандатты аумақтық сайлау округтерін құру тәртібін 2022 жылғы 27 қарашада жарияланған қаулысында бекіткенін еске салды. Бірақ құжатта әрбір өңірде қанша округтен құрылатыны нақтыланбады.

"Алдағы Мәжіліс сайлауында биліктің Қазақстан аумағын қалай "бөлетіні" эксперттік ортада өткір пікірталас туғызды. Сондықтан ОСК болашақ бір мандатты округтердің болжамды нобайын, критерийлерін белгіледі. Біріншіден, әрбір облыс пен мегаполис аумағында кем дегенде 1 округ қалыптастырылады. Тиісінше, жаңа Парламентте әрбір өңірді кем дегенде бір мәжілісмен ұсынатын болады. Бірақ елімізде 2 миллиондай тұрғыны бар Алматы қаласы, Алматы және Түркістан облыстары да бар, сонымен бірге халқының саны небары 230 мыңды құрайтын Ұлытау облысы бар. Демек, алып өңірлер бір мандатпен шектелмейтіні айқындалды. Екіншіден, бір сайлау округінің шекарасы құрамына басқа облыс не мегаполистің аумағын қосуға тыйым салынды. Ондай тәжірибе де болған. Яғни округ үшін қажетті сайлаушылар санын жинай алмаған СҚО Ақмола не Қостанай облысының әлдебір аудандарымен тізе қоса отырып, ортақ бір депутатын таңдай алмайды", – деді саясаттанушы.

Үшінші талап та осыған ұқсас: бір-бірімен іргелес жатпаған әкімшілік-аумақтық бірліктер арасында да ортақ сайлау округін құруға жол берілмейді. Әкімшілік-аумақтық бірліктердің тұтастығы сақталады.

Саясаттанушы бұдан бұрынғы болжамдарында сарапшылардың бағалауларын қорыта келе, 20 өңірден артылып қалатын 9 мандат былайша бөлінеді деп тұспалдаған: Алматы қаласы мен Түркістан облысынан – 3 депутаттан, Астана, Шымкент, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарынан – екі депуттаттан, қалған облыстардан – жалғыз депутаттан сайланады.

Тиісінше, ол жаңа Мәжілістегі бір мандатты депутаттар арасында негізінен оңтүстік өңірлердің өкілдері басымдық алатынына, көпшілік болатынына назар аудартты.

Жалпы, сарапшылардың жорамалы қаншалықты шындыққа жанасты?

Орталық сайлау комиссиясы 2023 жылғы 19 наурыздағы Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауда бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша ақпаратын жариялады.  

Оған сәйкес Астана қаласында – №1 ("Алматы", "Байқоңыр" аудандарының атынан түсетін кандидат сайланады, округ: Қажымұқан көшесі, 13 мекенжайында, Еуразия ұлттық университеті ғимаратында) және №2 округтері ("Есіл", "Сарыарқа" аудандары үшін: Қ.Мұхамедханов көшесі, 37а, Қазақ технология және бизнес университетінде) орналасады.

Алматы қаласы – №3 (Алатау, Әуезов аудандары үшін: Сайын көшесі, 32, Алматы құрылыс-техникалық колледжі ғимаратында, №4 (Алмалы, Жетісу, Түрксіб аудандары үшін: Абылай хан даңғылы, 20, №147 г0имназия) және №5 (Бостандық, Медеу, Наурызбай аудандары үшін, Түркебаев көшесі, 257, "Алматы электромеханикалық колледжі) округтерін иеленді.

Үшінші мегаполис – Шымкент тұрғындары Мәжіліске 2 депутатын №6, №7 округтерінде таңдауға мүмкіндік алады.

№8 округі – Абай облысының, №9 округі – Ақмола облысының, №10 округі – Ақтөбе облысының үлесіне тиді. 

Алматы облысында – 2 округ болады: №11 округке – Қонаев қаласы, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек, Талғар, Ұйғыр аудандары, №12 округке – Балқаш, Іле, Жамбыл, Қарасай аудандары қарайды.

№13 округ – Атырау облысында, №14 – БҚО-да, ал №15 (Тараз қаласы, Жамбыл, Жуалы, Талас аудандары) және №16 (Мойынқұм, Сарысу, Байзақ, Т.Рысқұлов, Меркі, Шу, Қордай аудандары) округтер – Жамбыл облысында болады.

№17 округ – Жетісу облысында, сондай-ақ №18 (Қарағанды қаласы, Бұқар Жырау ауданы) және №19 (Теміртау, Балқаш, Приозер, Саран, Шахтинск қалалары, Абай, Ақтоғай, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Шет аудандары) округтер – Қарағанды облысында құрылады.

№20 округ бойынша Қостанай облысының, №21 округте – Қызылорда облысының, №22 округ арқылы Маңғыстау облысының, №23 округте – Павлодар облысының, №24 округ  негізінде – СҚО-ның бір мантатты депутаты сайланады.

Облыстар арасында Түркістан облысы да ұтады. Жаңа Мәжіліске бірден 3 депутатын баптап қосады: №25 округтен (Түркістан, Арыс қалалары, Отырар, Ордабасы, Шардара, Сауран аудандары), №26 округтен (Кентау қаласы, Созақ, Түлкібас, Төле би, Бәйдібек аудандары) және №27 округтен (Сарыағаш қаласы, Келес, Қазығұрт, Мақтаарал, Жетісай аудандары).

Ұлытау облысында – №28 округі, ал соңғы №29 сайлау округі – Шығыс Қазақстан облысында жұмысқа кіріспек.

Қорыта айтқанда, мажоритарлы, бір мандатты жүйеде Алматы қаласынан, Түркістан облысынан – 3 депутаттан, Астанадан, Шымкенттен, Жамбыл, Қарағанды, Алматы облыстарынан – 2 депутаттан сайланатын болады. Қалған облыстар жаңа Мәжіліске тек жалғыз депутат өкілін ғана аттандыра алады. Олай болса, оларда бәсеке "қырғын" болуы мүмкін.

Бір мандатты округтерде тұрғындар депутаттыққа өзін өзі кандидат ретінде ұсына алады. Бұдан бөлек, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға, қоғамдық бірлестіктерге берілген. Заң партиялық тізімге енгізілген адамдарға сонымен қатар бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша ұсынылуға тыйым салады.

Барлық үміткерлер 8 ақпанға дейін ұсынылып, құжаттарын өткізіп үлгеруі қажет. Уақыт тығыз, он күндей ғана уақыт қалды.

Кандидаттарға қойылатын талап қатаң емес: Қазақстанның азаматы болуға, 25 жасқа толуға және соңғы он жыл бойы ел аумағында тұруға тиіс. Сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам; сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам үміткер ретінде тіркелмейді.

Әрине, әркім депутат болуды армандауы мүмкін, бірақ бұл үлкен қаржылық шығынды талап етеді. Ортсайлауком мүшесі Сәбила Мұстафинаның түсіндіруінше, ағымдағы науқанда Парламент Мәжілісі депутаттығына барлық кандидаттар үшін сайлау жарнасының сомасы – 15 ең төменгі жалақы мөлшерін, яғни 1 миллион 50 мың теңгені құрайды.

Бұған қоса үгіт, насихатқа қаражат табуы шарт. ОСК бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарға сайлау қорының мөлшерін 700 ЕТЖ, яғни 49 миллион теңгеге дейін жеткізуге рұқсат етілгенін жариялады. Қаражатының аздығы үміткердің кең насихат жүргізуіне кедергі болуы мүмкін, онда ол мемлекет үгітіне ұсынған бюджеттік қаражат аясымен шектеледі. "Аттыға ерем деп жаяудың таңы айырылыпты" дегеннің кері келмесе болғаны.

"Егер сайлау қорытындылары бойынша кандидат немесе саяси партия сайлаушылардың кемінде 5 пайыз даусын жинаса, сондай-ақ кандидат қайтыс болса, оның енгізген жарнасы кандидатқа немесе саяси партияға қайтарылады. Барлық басқа жағдайда енгізілген жарна қайтаруға жатпайды және республикалық бюджеттің кірісіне есептеледі", – деді Сәбила Мұстафина.

29 бір мандатты округ бойынша жалпы саны қанша кандидаттың ресми тіркеліп, сайлау бюллетендеріне аты-жөндері жазылатыны 18 ақпанда түпкілікті белгілі болады.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сайлаушылар тізіміне белсенді сайлау құқығы бар 11 млн 976 мың 406 азамат енгізілді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу