Неге Шығыс Қазақстан жұрты жабырқаған, жанжалдан арылмаған облысқа айналды?

10255

Ен байлықтың үстінде отырған ШҚО қиындық қамытынан арыла алмады.

Неге Шығыс Қазақстан жұрты жабырқаған, жанжалдан арылмаған облысқа айналды? Фото: gas-kvas.com

ШҚО-да кезекті дау лау етті. Кәсіпкерлер дабыл қағуда.

Мемлекеттің пилоттық жобасы кесірінен жеке балабақшалар қаржысынан айырылып жатқан көрінеді. ШҚО Кәсіпкерлер палатасына жергілікті бизнесмендер шырылдап жүгініп, биліктің құқайынан қорғауды өтінді.

Белгілі болғанындай, Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша пилоттық жоба – "Мектепке дейінгі ұйымдардағы кезектіліктің бірыңғай базасы" іске асырылып жатыр. Оған сәйкес, енді балаларды балабақшаларға қабылдау тек 1 тамыздан бастап жүзеге асырылады.

Өскемендегі жекеменшік балабақшалар өкілдерінің айтуынша, олар мектеп жасына жеткен түлектерін түлетіп ұшырған. Тиісінше, тәрбиеленушілер контингенті күрт қысқарды, қаржыландыру да күрт кеміді. Жылдағы дәстүр бойынша бұл кезде олардың орнын жаңа балдырғандар толтыратын. Алайда жаңа ереже бұған мүмкіндік бермеді.

"Портал жұмыс істемейтіндіктен, маусым-шілде айларында балаларды жаңа топтарға қабылдауға мүмкіндік жоқ. Соның кесірінен біз қызметкерлерге демалысының ақысы мен жалақысын төлей алмай жатырмыз", – деп хабарлады ШҚО Кәсіпкерлер палатасына жергілікті кәсіпкерлер.

Бұл жағдай бүкіл биліктің беделіне дақ түсіріп тұр. Өйткені шенеуніктердің кезекті бюрократиясы Президенттің бизнеске барлық жағдай жасалғаны және бюрократиямен күрестің пәрменді жүргізіліп жатқаны туралы сөздерін жоққа шығарғандай.

Шағын кәсіпкерлер жергілікті биліктен "аспандағы айды алып бер" деп жоқты сұрап, қиғылық салып отырған жоқ, бар өтініші – балабақшаларға балақайларды жаңа оқу жылына бұрынғыдай маусым айында қабылдауға рұқсат берсін дейді.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы жағдай ушығып барады деп санайды.

"Облыста әрбір балабақшаны жыл сайын орта есеппен 100 және одан көп тәрбиеленуші бітіріп шығады. Кәсіпкерлер бұл салада ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келеді, мемлекеттің сенімді серіктестеріне айналды. Бірақ мұндай кедергіге алғаш жолығып отыр. Тәрбиеленушілерін шығарды, олардың орны қаңырап бос тұр. Жаңа топтарды қалыптастыра алмайды. Шенеуніктер тек мемлекеттік балабақшалардың ғана қамын жасап, жеке балабақшаларды шөміштен қағып отырған сияқты. Билік кез келген өзгерістерді енгізе отырып, оның салдары қандай болатынын ойлауға тиіс еді", – деді ШҚО Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Әсет Адылхан.

Оның айтуынша, бұл жағдайда кәсіпкерлер, балалар мен ата-аналары, қарапайым балабақша қызметкерлері де жаппай зардап шегіп жатыр. Шенеуніктердің бұл "жаңашылдығы" шығысқазақстандық талай бизнесменді тақырға отырғызып, дәрменсіз жағдайға жеткізіп, банкрот қылуы мүмкін.

Өйткені Әсет Адылханның айтуынша, егер әлеуметтік және басқа да аударымдар, жарналар мен салықтар бойынша қаптаған міндеттемелерін бекітілген мерзімде орындай алмаса, кәсіпкерлерге айыппұл салынады, несиелері бойынша өсімпұл төлеуіне тура келеді. Бұл ахуалды одан әрі нашарлатады.

Өскемен қаласының білім бөлімі бюджетте қаржы жоспарланғанын, алайда оларды төлей алмайтынын, себебі, жеке балабақшалар іс жүзінде балалардың жаңа толқынын қабылдамағанын жеткізді. Күрмеуі күн сайын күрделене түскен проблемаға "Атамекен" ұлттық палатасының орталық аппараты да назар аударды.

Олар бұл мәселені бұдан көп бұрын, 5 маусымда Оқу-ағарту министрлігінің алдында көтерген. Мәселе шешімін табар емес.

"Атамекен" ҰКП адами капиталды дамыту департаментінің сарапшысы Инна Ригельдің айтуынша, министрлік пилоттық жобаны шикі деп таныды, сондықтан оны іске асыру кезінде туындаған техникалық және өзге проблемаларды жедел шешу үшін жұмыс тобын құрып жатыр.

Жалпы, егер Қазақстанда ең жабыққан, жабырқаған жұртты іздесеңіз, Шығыс Қазақстан облысына барған жөн.

Көптеген энциклопедияда, Үкіметтің инвестициялық брошюраларында ШҚО-ны "Қазақстанның пайдалы қазбаларының басты қоймасы" (главная "кладовая" полезных ископаемых) деп атайды. ШҚО – мырыш-цинк, титан, магний, тантал және басқа да сирек және сирек жер металдарының республикадағы жалғыз (!) өндірушісі. Өзге де қазба байлыққа тұнып тұр. Дәл осы өңірде, 1992 жылдың ақпанында тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш алтын құймасы балқытып, құйылды.

Бірақ осынау "алтын сандықтың" үстінде отырған халық жарымады, қымбатшылықпен, шарықтаған инфляциямен бірге кедейлене түсуде.

2024 жылғы мамырдағы жағдай бойынша Шығыс Қазақстан облысында бүгінде 726 311 тұрғын ғана тұрады. Яғни, бүкіл облыс халқының саны бір мегаполис тұрғындарының санына да жетпейді. Білікті басшы болғанда, осы азғантай халықты ауқаты мен тұрмысының жайлылығы жөнінен еуропалық деңгейге жеткізе алатын еді.

Олай болмады. Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 2023 жылғы IV тоқсанда ШҚО халқының жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табысы бағалау бойынша небары 218 530 теңгені құрады. Бұл қазіргі бағаммен 480 доллардай ғана.

Салыстырсақ, Еуропаның кедей елдерінің бірі саналатын Эстонияның сирек және сирек жер металдарын өндіретін металлургиялық зауыт орналасқан Силламяэ муниципалитетінде тұрғындардың орташа табысы 1 832 еуроны (1 960 долларды) құрады. Яғни, шығысқазақстандықтардан 4 есе көп. Люксембургтың металлургиялық өңірі Бельвалда орташа жалақы 8 мың доллардан асады немесе 16 есе жоғары.

Ұланғайыр байлыққа бөгіп отырған өңір Қазақстандағы ең бай өлкеге айналуға тиіс еді. Олай болмаған соң, одан халық көшіп кетіп жатыр. Мұны да Ұлттық статбюро тіркепті.

"ШҚО-да халықтың табиғи өсімі 2024 жылғы қаңтар-сәуірде небәрі 66 адамды құрады. Салыстырғанда, өткен жылдың сәйкес кезеңінде халықтың табиғи өсімі 156 адамды құрап еді. 2024 жылғы қаңтар-сәуірде 2 913 сәби ғана дүниеге келді. Қайтыс болған шығысқазақстандықтардың саны 2 847 адам және 2023 жылғы қаңтар-сәуірге қарағанда өлім-жітімі 7,9% көбейді. Облыста теріс көші-қонның айырмасы қалыптасты және бұл көрсеткіш -808 адамды құрады. 2023 жылғы қаңтар-сәуірде -512 адам теріс айырмасы болған", – деп, ҰСБ-ның өңірге арналған есебінде көңілсіз жайттар келтіріледі.

Егер облыс гүл-гүл жайнап тұрса, жұрты шетінен бай болса, одан халық аумас еді.

Бюро есебінде облыстағы кері кетушіліктің өзге көріністері келтірілген: мысалы, халықтың әл-ауқаты мен сапалы өмірі үшін аса мағызды салада – сумен жабдықтау; су бұру-кәріз; қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою көрсеткіштері 0,7% азайды.

Көрші "одақтас" елмен шектес отырғандықтан, ШҚО транзитті дамытып, содан-ақ мол табыс таба алатын еді. Онда да прогресс жоқ көрінеді: 2024 жылғы қаңтар-мамырда көліктің барлық түрлерінің жүк айналымы 2 748,1 млн тонна-шақырым болды. Сөйтіп, 2023 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда 13,4%-ға құлдырады.

Жолаушы айналымы 685,7 млн жолаушы-шақырымды құрады, немесе 2023 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда 11%-ға құлады.

Шекарада отырып, көрші елдермен сауда-саттықты өрістету де қолынан келмегені байқалады.

Ұлттық статбюро мәліметінше, алдын ала деректер бойынша 2024 жылғы қаңтар-сәуірде ШҚО-ның Еуразиялық одақ елдерімен өзара саудасы небары 554,1 миллион доллар болып, 2023 жылғы қаңтар-сәуірдегіден бірден 31,3% азайды. Соның ішінде экспорт – небәрі 209,4 млн доллар және былтырғыдан кері кетіп, 3,6% азайды. Импорт – 244,7 млн доллар немесе 44,9%-ға төмендеді.

Шығысқазақстандықтардың әлеуметтік көңіл-күйін нашарлататын факторлар тым көп. Мысалы, биліктің сыңаржақ шешімімен 2024 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстанның бүкіл аумағы бірыңғай 5-ші сағаттық белдеуге (UTC +5) күштеп көшірілгенде, одан ең көп зардап шеккен де дәл осы ШҚО болды.

Жергілікті тұрғындар бұл шешімге барынша қарсыласып бақты. Салдарынан, жаңа уақытқа көшуі кесірінен Шығыс Қазақстанда таңның ерте атуы – түнгі сағат 03:15-ке, ал ерте батуы – түскі сағат 15:20-ға тұспа-тұс келеді. Осындай "мәңгілік ақ түнде" өмір сүретін тұрғындар қайтіп шаттана жадырайды?!

Бұл өңірде орман өрттері жиі бой көрсетеді. Одан ел қорғалмаған көрінеді.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, министрліктің аумақтық инспекциялары мемлекеттік орман иеленушілердің өрт қаупі өршитін маусымына дайындығын тексерді. Тексеру біраз өңірдің дайындығы нашар екенін көрсетті.

Министр дайындық жағдайының төмен болуының негізгі себептері ретінде ормандағы өртті сөндіру станцияларының болмауын, өрт сөндіру автокөліктерімен, тракторлармен, радиостанциялармен және құрал-саймандармен жеткілікті қамтамасыз етілмеуін атады.

"Бүгінде орман күзетінің жеке құрамы санының жетіспеушілігі де өзекті мәселе. Орман күзетінің жеке құрамдарының саны ШҚО-да – 833 бірлікке, Ақмола облысында – 504 бірлікке тапшы. Бұл жағдай ормандарды өрттен қорғауға кері әсерін тигізіп келеді", – деді министр.

Ендеше ел бойынша өрт сөндірушілер тапшылығы жөнінен де ШҚО алдына қара салар емес. Мақтанарлық емес, дабыл қағарлық жағдай.

Дегенмен, шығысқазақстандықтардың басты мұң-зары – экологиясының шектен тыс ластануы. Қаптаған зауыт-кәсіпорын өңірдің жер астындағы қазынасын қазып алып, шетелге әкетіп, жұртқа улы шаңын қалдырады.

Бір ғана мысал, Экология министрлігінің хабарлауынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша өңірлерде экологиялық заңнаманы бұзуға қатысты жүргізілген талдау дәл осы Шығыс Қазақстан облысында ең үлкен айыппұлдарға соқтырғанын анықтады. Облыстағы зауыт-кәсіпорындарға ауаны және айналасын аяусыз ластағаны үшін – 2,6 миллиард теңге айыппұл салынған. Салыстырсақ, одан кейін тұрған Қызылорда облысында – 681,8 миллион теңге. Осыдан-ақ ШҚО тұрғындарының қандай у жұтып жүргенін аңғаруға болады.

Шенеуніктер болса, жауырды жаба тоқуға үйір. Мысалы, өткен аптаның соңында ШҚО тұрғындарымен және қоғамдық ұйымдарымен кездескен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев "облыстағы экологиялық жағдай тұрақты" деп салды.

Бұл ретте оның айтуынша, осы бір ғана өңірде қауіптіліктің 1-ші санатына жататын 57 оператор жұмыс істейді. Оның ішінде ірі кәсіпорындар: "Қазмырыш" ЖШС, "Өскемен ЖЭО" ЖШС, "Өскемен титан-магний комбинаты" АҚ, "Үлбі металлургия зауыты" АҚ, "Бұқтырма цемент компаниясы" АҚ және басқа да алпауыттар.

Бірақ ШҚО-да экологиялық ахуал күрделі екенін министрге де мойындауға тура келді. Яғни, тұрақты түрде күрделі болса керек.

"Шығарындылардың жалпы көлемінің 63%-ы немесе 5,6 мың тоннаның 3,5 мыңы Шығыс Қазақстан облысының ірі кәсіпорындарына тиесілі. Облыста 286 рұқсат етілмеген полигон табылып, 198-і жойылды. Облыста атмосфералық ауаға ластаушы заттар шығарындыларының негізгі көздері – ірі өнеркәсіптік объектілер, автокөлік және үйді жылыту көздері болып табылады", – деді еліміздің бас экологы.

Ерлан Нысанбаевтың сөзіне жүгінсек, өңірде экологиялық былықтан аяқ алып жүру қиын. Экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау мақсатында инспекциялық қызмет 2023 жылы 64 тексеру жүргізді. Ірі 108 бұзушылық анықталды, оларды жою туралы 40 ұйғарым берілді.

"Жалпы сомасы 2,6 миллиард теңгеге 168 әкімшілік айыппұл салынды, алайда одан 360,6 млн теңге мөлшерінде 146 айыппұл ғана өндірілді. 14,5 млн теңгенің 15 айыппұлы орындалу процесінде. Қалған айыппұлдарды өндіріп алу құзыретті органдардың шешімімен тоқтатылды", – деді министр.

Ен байлыққа ие бола отырып, Шығыс Қазақстан ұзақ жылдардан бері еліміздегі ең дотациялы өңірлердің "көш басынан" табылып келді. 2020 жылы Түркістан облысынан кейінгі №2 дотациялы өңір болып, ШҚО 215 млрд теңге субвенция алды. 2021 жылы тағы да Түркістан облысынан кейінгі орынға жайғасып, ШҚО – 217,4 миллиард теңге дотация тіленді. 2022 жылы кезекті рет Түркістан облысынан кейінгі дотацияға тәуелді облыс болып қалды және 217 миллиард теңге субвенция иеленді.

Биыл 2024 жылғы республикалық бюджеттен бұдан да көп сома – 245,3 миллиард теңге алуда. Алайда өзге бірнеше облыстың сұрап алған дотациясы бұдан көп болғандықтан, ШҚО "көш басынан" сырғыды. Әйтсе де, алатын субвенциясы көлемінің артуы алаңдатады.

Осыдан кейін адамзатқа сақ пен ғұндарды сыйлаған құтты мекеннен бүгінде елдің неге көшіп жатқанына таңғалу – әбестік болса керек.Таяуда шығысқазақстандық фермерлер дабыл қақты. Өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінде жұмыс күшінің тапшылығы сындарлы деңгейге жеткен.

"Бізде енді механизаторларды, зоотехниктерді, ветеринарларды, тіпті қарапайым малшыларды таба алмайсыз!", – деп ашынды Зайсан ауданының шаруа қожалықтарының басшылары.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Зайсан аудандық филиалының директоры Қанат Әбдіғалиевтің айтуынша, бұл мәселені фермерлер көптен көтеріп келеді.

"Бұл кәсіптерде жұмыс істегісі келетіндерді табу қиын, өйткені жалақысы төмен. Ал, кадрсіз фермерлер мал басын көбейте алмайды", – деді ол.

Қазақстанда жалғыз ғана кәсіпорынға күні қараған "моноқалалар" бар. ШҚО болса, бір салаға күні қараған "монооблысқа" айналып барады. Мәселен, өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің 70%-ға жуығын тау-кен металлургия саласы құрайды. Сондықтан Үкімет 2023 жылғы 7 қазанда ШҚО-ны дамыту бойынша кеңес өткізгенде өңір басшылығына сын айтты.

Ол ШҚО экономикасын тау-кен металлургия өнеркәсібіне тәуелді ете бермей, сонымен қатар әлеуеті өте жоғары энергетика, ауыл шаруашылығы, логистика және туризм салаларын да дамытуы қажет.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу