Несие "алып", қарызға батқандарға майдай жағатын жаңалық жария болды

996

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қолданыстағы тәжірибені өзгертуге, онлайн кредит алуды қиындатуға кірісті.

Несие "алып", қарызға батқандарға майдай жағатын жаңалық жария болды Фото: vesti.news

Жоба "Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларын бекіту туралы" ҚР Ұлттық банкі басқармасының 2019 жылғы 28 қарашадағы №217 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының қаулысы" деген ресми атауға ие.

Ол электронды тәсілмен микрокредиттерді беру талаптарын қатайтады. Бұл алаяқтардың азаматтар үстінен онлайн кредит рәсімдеуіне кедергі келтіру үшін қажет көрінеді.

"Құқықтық реттеу несиелік алаяқтықпен күресуге, сондай-ақ микроқаржы секторындағы алаяқтыққа қарсы Антифрод-жүйені нығайтуға бағытталған. Жоба микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ-ға) қойылатын талаптарды белгілеу үшін бақылау шараларын енгізуді көздейді", – деп түсіндірді қаржылық реттеуші.

Ол қандай талаптар?

Біріншіден, МҚҰ-лар алаяқтыққа қарсы іс-қимыл рәсімдерін айқындайтын ішкі құжатын әзірлеп, қабылдауы шарт.

Екіншіден, қаржылық операциялар мен транзакциялардағы алаяқтық іс-әрекеттерді жедел тауып, автоматты түрде бұғаттап тастайтын төл Антифрод-жүйесін енгізуге міндеттенеді.

Үшіншіден, сомасы 150 АЕК-тен (2025 жылы – 589 800 теңгеден) асатын, электрондық түрде рәсімделген, кепілзатпен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық микрокредиттердің ақшасын клиентке тез аударуға тыйым салынады.

МҚҰ-лар мұндай жағдайда микрокредит беру туралы шартқа қол қойылған сәттен бастап және қарыз алушының осы қарызды алуға келісімін алғаннан кейін 24 сағат өткен соң ғана ақшаны аудара алады. Бір тәулік өткен соң клиент микроқаржыны алуға келісімін құжат жүзінде қол қойып, қайта растауға тиіс. Растамаса, оның банк шотына ақша аударылмайды.

Бұл тәсіл қаржыгерлер тілінде "салқындату" деп аталады: егер клиент алаяқтарға жем болғанын түсінсе, немесе өзге адам соны оған түсіндірсе, ол осы бір күн ішінде қайта хабарласып, рәсімделген микронесиені жойғыза алады.

Осылайша, енді микроқаржыны бүгін онлайн рәсімдеп, ақшаға бүгін лезде қол жеткізу деген енді болмауға тиіс. Егер ақша шұғыл керек болса, МҚҰ кеңсесіне өзіңіз баруыңыз керек.

Төртіншіден, егер бір қарыз алушы 1 күн ішінде жалпы жиынтығы 150 АЕК-тен асатын бірнеше микрокредиттерді алса, мұндай жағдайда да онлайн тұтынушылық микрокредиттерді беру "салқындатылады" және ақшаны беру он күнге дейін кейінге қалдырылуы мүмкін.

Агенттік басқармасының осы жаңашылдықтарды қарастыратын әлгі жаңа қаулысы 21 шілдеге дейін қоғамдық талқылаудан өтеді. Содан кейін қабылданып, қолданысқа енгізіледі деп күтілуде.

Жаңа қаулыға сәйкес, МҚҰ-ның Антифрод-жүйесі:

  • Ұлттық банктің Антифрод-орталығымен техникалық интеграциялануға тиіс.
  • Оқыс-оқиғалар (инциденттер) дерекқорында алаяқтық белгілері бар және күдікті алаяқтық операциялар туралы ақпараттың толық көрсетілуін және тәулік бойы режимде ҚРҰБ Антифрод-орталығына деректерді үздіксіз беруді қамтамасыз етеді;
  • Күдікті белсенділікті анықтау үшін өзіне берілген сценарийлердің алгоритмдерін, модельдерін және қағидаларын қолданады.
  • Төл "қара тізімін" түзеді: алаяқтық белгілері бер күдікті операцияларды жүзеге асыратын адамдардың ішкі тізімін жүргізуді және ҚРҰБ Антифрод-орталығының тізімдерін қоса алғанда, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың ішкі тізімдерімен автоматты түрде салыстырып тексеруді қамтамасыз етеді.
  • Микрокредит беру бойынша операцияны тоқтата тұру, одан бас тарту мүмкіндігін көздейді.
  • Өз дерекқорының қауіпсіздігін, оған алаяқтардың қол сұқпауын, алаяқтық туралы өзге МҚҰ-лармен ақпарат алмасудың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс.
  • Алаяқтық белгілері бар күдікті операцияларды анықтау үшін өлшемдерді талдайды, тестілейді және МҚҰ Антифрод-жүйесіне өзгерістер енгізіп, өзектілендіреді.

Қаржылық реттеушінің мәліметінше, қазіргі кезде елімізде 213 микроқаржы ұйымы бар. Олардың қарауында қанша филиал-желі, бутик-дүңгіршек немесе кеңсе барын ведомство нақтыламады.

Бұл қожайындарын байытатын, қарқынды өсуші бизнес. Агенттік МҚҰ-лардың активтері биылғы 4 ай ішінде ғана 1 трлн 718 млрд теңгеден 1 трлн 731 млрд 923 млн теңгеге дейін өскенін хабарлады.

Салыстырсақ, 2021 жылы ғана микроқаржы ұйымдарының жалпы активтері 519 миллиард теңгені ғана құрапты. 2023 жылдан бастап триллион деп сөйлетін дәрежеге жетті. Биылғы жыл соңына қарай 2 триллиондық белесті бағындырғалы тұр.

МҚҰ-лар бұқара мен бизнеске жалпы сомасы 1 триллион 356,2 миллиард теңге заем беріпті. Бұл – қолданыстағы қарыздар.

Осы қаржылық ұйым иелері 2025 сәуірдегі жағдай бойынша өзге заңды тұлғаларға 4,8 миллиард теңге инвестиция салды. Яғни, басқа компанияларды сатып алып, өрісін кеңейтуде.

Жалпы алғанда, олардың осы секторға қатысты емес өзге активтері 137,2 миллиард теңгеге бағаланады.

Оларға әрі қарай несие ретінде таратуы үшін мол ақшаны да қоса береді: микроқаржы ұйымдарының төл жарғылық капиталы 247 миллиард 112 миллион теңгеден асты.

Дегенмен, шығын өзін ақтайды. Қаржылық реттеуші МҚҰ-лардың жыл басынан бергі табысы 206 млрд 796 млн теңгені құрағанын және 12,8%-ға өскенін мәлім етті.

Бірақ саланың өз тәуекелдері бар. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің сарапшылары микрокредит саласында қарызын қайтармайтын клиенттер саны биыл күрт өсе бастағанына назар аудартады.

Соның ішінде төлем төлеудің тоқтатылғанына 90 күннен асқан микрозаем сомасы 2025 жылғы қаңтарда 101 млрд 90 млн теңгені немесе жалпы несие портфелінің 6,6%-ын құраған екен. Ал, 2025 жылғы сәуірде оның сомасы 120 миллиард 218 миллион теңгеге, ал, үлесі 7,4%-ға дейін өсіп шыға келді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу