Nur Otan Ұлттық қордан алатын нысаналы трансферт көлемін 1,8 трлн теңгеге арттырды

1809

Ұлттық экономика министрлігі бесжылдық даму болжамына түзету енгізді. 

Nur Otan Ұлттық қордан алатын нысаналы трансферт көлемін 1,8 трлн теңгеге арттырды

Ұлттық экономика министрлігі 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын қайта нақтылады, деп хабарлайды inbusiness.kz  тілшісі.

Нақтылау тек 2021 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамына қатысты. Ведомство мамандары  болжамды өзгертуге биылғы жылдың басынан бергі көрсеткіштер мүмкіндік берді деп  отыр. Бұған дейін 2021 жылға арналған әлемдік экономика өсімінің болжамдары да нақтыланған болатын.

"Әлемдік тауар нарығында оң үрдістер байқалғанымен, Дүниежүзілік банк 2021 жылға әлемдік экономиканың өсуін 1,6-5,0% шегінде болжап отыр. Өйткені сырқаттанушылықтың жаңа ошақтары іскерлік белсенділікті үнемі төмендетеді. Бұл ретте базалық сценарийде экономиканың өсуі 4,0% деңгейінде бағаланады", деп жазылған ҰЭМ жариялаған түсіндірме жазбада.

Ұлттық экономика министрлігінің жылдық болжамды оптимистік бағытқа өзгертуіне мұнай бағасының тиімді бағанда қалуы негізгі себепкер болса керек.

"Әлемдік тауарлар нарығында оң үрдістер байқалады. Мәселен, биылғы жылдың басынан бері Brent мұнайының бағасы бір баррель үшін 50-70 доллар шегінде болып, орта есеппен бір баррель үшін 61,3 долларды құрады. Бұл ретте, халықаралық қаржы ұйымдарымен мұнай бағасы барреліне 44 доллардан 67 долларға дейін болжанады. Осыны ескере отырып, әлемдік мұнай бағасы 35 доллардан 50 долларға дейін ұлғайды. 2021 жылғы 1-тоқсанның қорытындылары бойынша ЖІӨ-нің өсу қарқыны ағымдағы жылғы қаңтар-ақпандағы минус 2,9%-дан қаңтар-наурызда минус 1,6%-ға дейін жақсарды. Қазақстан экономикасы қалпына келу үстінде", – делінген түсіндірме жазбада.

Министрліктің болжамына сенсек, мамыр айында Қазақтан экономикасы өсудің оң траекториясына шығуы тиіс. Ал төртінші тоқсанда 2019 жылғы "дағдарысқа дейінгі" деңгейге жетіп, өсім көрсеткіші 2,7%-ды құрауы керек.

"2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ-нің нысаналы өсімі 3,1% деңгейінде жоспарланған. Мұның алдындағы болжам бойынша өсім көлемі 2,8% деңгейінде белгіленген болатын. Номиналды ЖІӨ 2021 жылы 77 869 млрд теңге көлемінде болжанады. Бұл мақұлданған болжамнан тиісінше 1 207 млрд теңгеге жоғары. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 9 655 мың АҚШ долларын құрайды",  дейді министрлік мамандары.

Бұл оптимистік сандарды сала-сала бойынша жіктесек, мынадай мәндер шығады.

Өнеркәсіп секторында 2,8%-ке дейін өсім болуы мүмкін.

"Бұл өңдеу өнеркәсібіндегі күтілетін жоғары өсімге байланысты - 5,2% (1,1 п.т. жоғары). Тау-кен өндіру өнеркәсібі 100,7%-ды құрайды (0,1 п.т. жоғары). Бұл ретте мұнай өндіру көлемі бұрын мақұлданған 86 млн тонна деңгейде сақталады. Құрылыс 105,0% деңгейінде оң өсімді көрсетеді (1,2 п.т. жоғары). Экономикалық белсенділіктің жақсаруын және сатылатын тауарларға әлемдік бағалардың тұрақтануын ескере отырып, экспорт бойынша болжам 52,2 млрд долларға дейін, импорт 37,1 млрд. долларға дейін ұлғаяды. Ұлттық Банктің болжамы бойынша 2021 жылы инфляция 4-6% деңгейінде болады",– деп жазылған құжатта.

Даму болжамының өзгеруі бюджет шығындарына да түзету енгізетіні заңдылық. Министрлік мамандары бюджеттің таза кірісі биыл 7,2 трлн теңге болады деп отыр. Ал Ұлттық қордан алынатын ақша сол күйінде қалмақ.

"Макроэкономикалық болжам және экономикалық саясаттың негізгі басымдықтары негізінде 2021 жылға арналған бюджет параметрлері нақтыланды. Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) жыл басында бекітілген көлемге қарағанда 279 млрд теңгеге ұлғайта отырып, 7 204 млрд теңге көлемінде бағалануда. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт өзгермейді және 2 700 млрд теңге көлемінде сақталады", – дейді түсіндірме жазба авторлары

Болжамдардың жақсару "Nur Otan" партиясының арқаны кеңге салуына жағдай туғызған сияқты.Партия жыл басында өзінің сайлауалды тұғырнамасында белгіленген іс-шараларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан нысаналы трансферт 1 трлн теңге алу туралы шешім қабылдаған болатын. Болжамға түзету енгізілгенін пайдаланып осы соманы 1 850 млрд теңгеге дейін ұлғайпақшы.

"Республикалық бюджет шығыстарын бекітілген көлемге қарағанда 1 285 млрд теңгеге ұлғайта отырып, 15 334 млрд теңге көлемінде болжанып отыр. Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қатысты 3,5% деңгейінде болжанды", деп жазылған министрліктің түсіндірме жазбасында.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу