Нұр-Сұлтанда үйге газ тарту бағасы арзандады

3675

Үкімет осыдан 7 жыл бұрын елімізді газдандырудың бас жоспарын құрды. 

Нұр-Сұлтанда үйге газ тарту бағасы арзандады Фото: astana.gov.kz

2015-2030 жылдар аралығында жүзеге асырылуға тиіс жобаға халықтың 56%-ын көгілдір отынмен қамту міндеті жүктелді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Мақсатқа жету үшін орталық, солтүстік өңірлерді газбен қамту қажет болды. Бұл бастаманы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерді. Осылайша "Сарыарқа" магистральді газ құбырының құрылысы басталды. 

Біле жүріңіз, кеңес үкіметі кезінде Қазақстан "Орта Азия-Орталық" газ құбырын, "Бұхара-Орал" және "Ташкент-Бішкек-Алматы" магистралін пайдаланды. Тәуелсіздікке қол жеткізген соң, "Бейнеу-Бозой-Шымкент" магистральды газ құбырын салды. Бұл құбыр оңтүстік өңірдің импортқа тәуелділігін төмендетіп, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етті. 2016 жылы елімізді газдандырудың бас схемасы аясында "Алматы-Талдықорған" магистральды газ құбыры қолданысқа  берілді. Ал "Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай" магистральды газ құбыры еліміздің транзиттік-экспорттық әлеуетінің тынысын ашты. Дегенмен еліміздің барлық облысы көгілдір отынға қол жеткізген жоқ.   

Үкімет олқылықтың орнын толтырып, орталық, солтүстік өңірлерді газдандыру үшін 2 нұсқа әзірледі. Біріншісі – "Қарталы-Тобыл-Көкшетау-Астана" бағыты бойынша "Батыс-Солтүстік-Орталық" магистральды газ құбырын салу. Екіншісі – "Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана-Көкшетау-Петропавл бағыты бойынша "Сарыарқа" магистральды газ құбырын тарту. Соңғы жоба мақұлданған соң "ҚазТрансГаз" АҚ техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеп, мемлекеттік комиссияның оң бағасын алды. Осылайша ұзындығы 1081 шақырымды құрайтын "Сарыарқа" магистральды газ құбырының қадасы қадалды. Аталмыш құбыр "Бейнеу-Бозой-Шымкент" құбырына қосылуға тиіс болды. Бұл Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Нұр-Сұлтан бағытындағы елдімекендерді газдандыру үшін қажет еді. 

"Сарыарқа" магистральды газ құбыры арқылы Қарағанды,Теміртау, Жезқазған, Шаxтинск, Саран, Абай қалалары мен 119 ауыл табиғи газбен қамту және Нұр-Сұлтан қаласының 192 жекеменшік, 48 коммуналдық жылу қазандығын, 22 мың жеке тұрғын үйін, ЖЭС-1, ЖЭС-2 және құрылысы жүріп жатқан ЖЭС-3-ті газдандыру көзделді. 
Қызылорда облысындағы "Қараөзек" компрессорлық стансасынан басталған 
"Сарыарқа" газ құбырының құрылысы 4 кезеңнен тұрады. Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, 1 кезең 2018-2020 жылдар аралығында жүзеге асырылатын болды. Көрсетілген уақытта Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағыты бойынша 1 081 шақырым қашықтыққа 820 миллиметрлік магистральды газ құбыры тартылды. Бұған 267,3 млрд теңге жұмсалды. 2022-2023 жылдарға жоспарланған жобаның екінші кезеңінде Нұр-Сұлтан- Көкшетау бағыты бойынша 276 шақырым қашықтыққа 630 миллиметрлік магистральды газ құбыры тартылады.

Жобаға 48,2 млрд теңге бөлінеді. 2024-2025 жылдары магистральды газ құбырының Көкшетау-Петропавл бағытындағы үшінші кезеңі басталып, 177 шақырым қашықтыққа 426 миллиметрлік құбыр салынады. Солтүстік Қазақстан облысын тұтас қамтитын жобаға 18,9 млрд теңге қарастырылған. 2028-2031 жылдарға жоспарланған төртінші кезеңде Жезқазған, Теміртау қалаларында газ өткізу мүмкіндігін арттыратын компрессорлық станция салынады. Оның құрылысына 35,5 млрд теңге жұмсалады. 
Нұр-Сұлтан қаласын көгілдір отынмен қамту 3 кезеңнен тұрады. Қазір Көктал-2 тұрғын үй алабы тұрғындарының үйлері көгілдір отынға қосылып жатыр. Железнодорожный, "Оңтүстік Шығыс" тұрғын үй алабтарында да жұмыс тиісінше атқарылуда. Жыл соңына дейін бірінші кезеңнің жұмысы аяқталады. Бұған 25,1 млрд теңге қаржы жұмсалады. 2021-2023 жылдар аралығында елорданы газдандырудың екінші, үшінші кезеңі жүзеге асырылады. 

"Железнодорожный" елдімекенінде газ тарату желісінің үштен бірі салынды. Сонымен бірге "Көктал-1", "Көктал-2" және "Агроқалашық" тұрғын үй алаптарында жұмыс атқарылып жатыр. Қаланың өнеркәсіптік секторы мен елдімекендерді газдандыру 3 кезеңде өтеді: келесі жылыту маусымында "Көктал-1", "Көктал-2", "Агроқалашық", "Промышленный", "Железнодорожный" елді мекендері газбен қамтылады. Екінші кезеңде "Мичурино", "Интернациональный", "Күйгенжар", "Тельман", "Пригородный", Garden Village және Family Village елдімекендері көгілдір отынға қол жеткізеді. Үшінші кезеңде "Ильинка", "Шұбар", "Өндіріс" тұрғын үй алаптары газдандырылады", – дейді шаһар басшысы Алтай Күлгінов. 

Естеріңізге салайық, үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алтай Күлгіновке газдандырудың құнына қатысты сұрақ қойды. 

"Жеке үйлердің газға қосылуы жағынан мәселе барын естіп жатырмыз. Себебі олар үшін газға қосылу бағасы жылына 500-700 мың теңгеге дейін барады екен. Бұл өте қымбат секілді. Бұл мәселені қалай шешесіздер" – деп сұрады Қасым-Жомарт Тоқаев қала басшысынан. Әкім бұл сұраққа: "Тұрғындар газ орнату құнына қатысты наразылық білдірді. Біз мердігерлерден бағаны төмендетуді сұрадық. Бұрын газ қосу үшін 240 мың теңге сұрайтын мердігерлер қызмет ақысын 150 мың теңгеге түсірді", – деп жауап берді. 

Айта кетейік, елорданың Көктал-1 шағын ауданындағы үйлер мамырдан бастап газға қосылады. Сарыарқа ауданының әкімі Есет Байкеннің сөзінше,  Көктал-2 ықшам ауданындағы 50 мекенжайға газ қосылған, ал Көктал-1 ықшам ауданындағы 91 көшенің 88-де жұмыс аяқталған. 

"Аталған тұрғын үй алабындағы үйлерге мердігерлер газды осы жылдың мамыр айында қосуды жоспарлап отыр. Агроқалашықтағы 97 көшенің 65-не газ құбыры тартылды. Тұрғын үй алабының орталығындағы 24 көшедегі үйлер 2021 жылдың соңына дейін газға қосылады", – деді аудан әкімі.

Қанат Махамбет


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу